Қоғам • 03 Мамыр, 2023

Таза ауыз су халыққа түгел жеткізіледі

425 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендердің тұрғындарын ауыз сумен 100% қамту іс-шаралары қаралды.

Таза ауыз су халыққа түгел жеткізіледі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Сумен жабдықтау созбақтауды сүймейді

Осы мәселе бойынша баяндаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 2022 жылдың қорытындысы бойынша рес­публикада сумен жабдықтаудың қол­жетімділігі қалаларда – 98,4%-ға, ауыл­дарда 94,5%-ға жеткенін атап өтті. Қалаларды ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Жамбыл облысында – 91,9%, Қостанай облысында – 80,4%, Ақмола облысында – 89,8% және Солтүстік Қазақстан облысында  85%-ды құрайтыны атап өтілді. Бұл ретте қаржыландыруда ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіштері төмен өңірлерге басымдық беріледі.

Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконс­трук­циялауға республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 402 жобаны, оның ішінде қалаларда 167 млрд теңгеге 135 жобаны, ауылдарда – 113 млрд теңгеге 267 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдық­таудың қолжетімділік деңгейі: қалаларда – 98,8%, ауылдарда 96,3% жетуге тиіс. Жалпы, 2025 жылға дейін қалған 25 қала мен 1395 ауылдың тұрғындары тиісті қызметтермен қамтылады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова атап өткендей, қазіргі уақытта республикада ұзындығы 15,5 мың шақырымдық 80 топтық су құбыры бар. Олар 1,4 млн адамды қамти отырып, 655 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді.

Құрылысы 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 27 жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлінді. Үйтас-Айдос топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстарын жалғастыру үшін қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

Премьер-министр Үкіметке 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылғанын еске салды. Осы орайда еліміздегі су ресурстарының тапшылығы мәселесін шешу маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

«Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке қарай, көптеген азаматымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саланы цифрлан­дыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет»,  деді Ә.Смайылов.

Ол жаңа Су кодексі мен бағдар­ламалық құжаттарды дайындау кезінде ескеру қажет екенін айтты.

Бұдан басқа, әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелі проблема бар. Мәселен, кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кетті. Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері бітпей келеді. Сонымен қатар іздестіру-барлау жұмыстары да уақытында басталған жоқ. Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр.

«Сақалды» құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп. Мұның айқын мысалы ретінде Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-ші кезеңін айтуға болады. Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр», деп атап көрсетті Премьер-министр.

Оның айтуынша, сумен жабдықтау жүйесінде техникалық ақаулардың орын алуына негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеу жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуі себеп болып тұр.

«Мәселен, сәуір айында магистрал­дық құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауыз сусыз қалды. Абай облысындағы Андроновка ауылында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды. Семейде су арнасындағы апат 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сондай-ақ магис­тралдық құбырдағы апаттан Ақмола облысының 11 елді мекеніне су берілмей қалды. Бұл – тек бір айдың ішінде орын алған жайттар», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы мұндай пробле­малардың барлығын кешенді түрде шешу керектігін және осы жылдың қоры­тындысы бойынша қалалар мен ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етулері қажет екенін атап өтті.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов еліміздегі сумен жабдықтау инфрақұрылымына мониторинг жүргізіп, бір ай мерзімде Үкіметке апат қаупі аса жоғары объектілердің тізбесін енгізуді, осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары созылып кеткен барлық ауыз су жобасының аяқталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бір ай мерзімде суға жаңа тарифтік саясатты енгізу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

«Бұл ретте түскен қаражатты инфра­құрылымды жаңғыртуға, оның ішінде суды пайдаланудың цифрлық технологияларын енгізуге бағыттаудың маңызы ерекше», деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

 

Тауарлы-сүт фермалары мен көкөніс қоймаларын салу

Үкімет отырысында Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспарын іске асыру барысы қаралды.

Осы мәселе бойынша есеп берген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған іс-шаралардың арқасында азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9%-ға артып, 2,9 трлн теңгеге жеткенін баяндады. Атап айтқанда, өсімдік майы, ұн, макарон, жарма, шұжық және қант өндірісі артқан. Алайда сүт өнімдері, соның ішінде сары май, сүт, ірімшік және сүзбе бойынша шикізат базасының төмен деңгейде дамуына байланысты өндіріс азайған.

Жағдайды өзгерту үшін өңірлік ӘКК арқылы ірі тауарлы-сүт фермаларының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыру бойынша СҚО-ның табысты тәжірибесін қолдану жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Осы мақсаттарға 2023 жылы 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, отандық сүт зауыттары сапалы шикізатпен қамтамасыз етіледі, жалпы сүт бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендейді. Алдағы жылдары осындай тағы 50 ферма салу жос­парланып отыр.

Министр көкөністердің негізгі түрлері бойынша Қазақстан ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Мәселен, 2022 жылы 4,1 млн тонна картоп, 621 мың тонна сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 551 мың тонна қырыққабат жиналды. Алайда өндіріс көлеміне қарамастан, қыс-көктем кезінде сақтау қуатының төмендігіне байланысты нарықта отандық көкөністер ұсынысы төмендеп отыр. Бұл мәселені шешу үшін көкөніс қоймаларын салу және жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру жүргізілуде. Оның аясында 2021-2022 жылдары жалпы сақтау көлемі 200 мың тоннадан асатын 37 жоба іске қосылды. 2023 жылдың соңына дейін 111 мың тонна өнімді сақтауға мүмкіндік беретін 29 жобаны іске асыру жоспарланған.

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі жұмыс туралы айтып берді.

Өңірлерде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы баян­дады.

Премьер-министрдің айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі және өнімдер мен шикізатты жеткізудің жаһандық тізбектерінің бұзылуы салдарынан азық-түлік қауіпсіздігі ең өзекті мәселеге айналып отыр.

«Осыған байланысты өткен жылы Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспары қабылданды. Онда егіс алқап­тарын ұлғайту және негізгі ауыл шаруа­шылығы дақылдарының түсімін арттыру көзделген. Сондай-ақ мал басын өсіру­ге және мал шаруашылығының өнім­ділігіне баса назар аударылып отыр», деді Әлихан Смайылов.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнім­дерін ұлғайту және егіс алқаптары­ның көлемін арттыру есебінен еліміздің агроөнеркәсіп кешені дамудың оң серпі­нін көрсетті. Мәселен, ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнім көлемі 9%-ға ұлғайып 9,3 трлн теңгені құрады. Өсу­дің негізгі факторы болған өсімдік шаруа­шылығында өнім өндіру көлемі 15%-ға артты.

Үкімет басшысының айтуынша, жос­парды іске асырумен бірге, делдал­дық схемалардың жолын кесу, әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағасына мониторинг жүргізу және нарықтық реттеу іс-шаралары белсен­ді түрде іске асырылуда.

Республиканың агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өндірісті одан әрі әртараптандыру үшін 65 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. Оған қоса, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымымен бірге Қазақстан жануарлардың аса қауіпті инфекциялары бойынша тұрақты деген мәртебе алуы турасындағы жұмыстар жалғасып келеді. Бұл өткізу нарықтарын кеңейтуге және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың қажетті инфра­құрылымы құрылуда. Бүгінгі таңда жалпы сыйымдылығы 2 млн тоннаға жуық көкөніс пен жемісті сақтайтын 1 200-ден астам объект бар. Алайда Үкімет басшысының айтуынша, бұл жеткіліксіз – жаңа көкөніс қоймалары қажет.

Оған қоса Ә.Смайылов фермерлер Бірыңғай мемлекеттік субсидиялау ақпарат жүйесіне шағым айтатынына назар аударды.

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз ету жоспарын орындау бойынша жұмысты жалғастыру қажет», деді Үкімет басшысы.

Мәселені қорытындылай келе, Премьер-министр нарықтың нақты қа­жеттілігін ескере отырып, Жаңа көкөніс қой­маларын салу және қолданыстағы қоймаларды жаңғырту бойынша кешенді жоспарды өзектендіруді, барынша қысқа мерзім ішінде субсидиялаудың онлайн-платформасының тиісті жұмысын қам­тамасыз етуді, маусым айының соңына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қажетті өнімдерін сатып алуды, оның ішінде көрші елдерден әкелуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясының» жұмысын еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігін және ӘМАТ бағасын тұрақ­тандыруды қамтамасыз етуге бағыттай отырып, қайта құруды тапсырды.