11 Шілде, 2014

Қамқорлық пен қайырымдылықтан өрілген өмір

840 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Асан мен Сакыпжамал Қазақта «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген аталы сөз бар. Шынында да, әр ұрпақтың өсіп-жетілуіне, азамат қатарына қосылуына, тіпті  оның болашақ тіршілігіне дейін отбасында, ұшқан ұясында көрген тәлім-тәрбиесінің ықпалы өте зор болмақ. Асан Егешбаев пен Сақыпжамал Ақбергенқызы өз әулетіне ғана емес, көпшілікке қамқорлығымен, қайырымдылығымен танылған жандар еді. Олар жайында үлгілі отбасының тұңғыштары Шара АСАНҚЫЗЫНАН айтып беруін өтінген едік. Тамыры терең емен ұзақ жасайды – Көпті көрген көнекөз қариялар «Дүние – серуен, адам – бір көшкен керуен» деген сөздерді жиі айтушы еді. Осының ақиқат-шындығына жасымыз ұлғайып, өзіміз де ұл-қыз өсіріп, ұрпақтарымыздың қызығы мен қуанышын көрген сайын көзіміз жете түскендей, – деп бастады әңгімесін Шара Асанқызы. – Бізді бала кезден бағып-қағып, әлпештеп өсірген аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың айтқан сөздері, өнегелі істері, берген тәлім-тәрбиесі үнемі есімізде, ешқашан ұмытылмайды. Ардақты әкеміз Асан Сыздықұлы көзі тірі болса, биыл жүз жасқа келер еді. Сұрапыл соғыста алған жарақаттары салдарынан өмірден ертерек кетті. Ал аяулы анамыз Сақыпжамал Ақбергенқызы сексенге таяп барып қайтыс болды. Әкем мен анам төрт ұл, төрт қыз өсірді, барлығы жоғары білім алды. Бүгінде олардан отыздан астам ұрпақ тарап отыр. Әкемді білетіндердің, ол кісімен қызметтес болғандардың айтуынша, әкеміз әскери тәртіпке үйренген, аса талапшыл, мінезді әрі әділетті жан болған екен. Оны балалары біздер де сезетінбіз. Ұнатқанын да, ұнатпағанын да ашық айтатын. Мейірімділігі мен қамқоршылдығы да бір басына жетіп-артылатын. Ағайын-туысты былай қойғанда, қызметтестері мен қарапайым жұртшылықтан қолынан келген көмегін аямайтын. Әкемнің қамқорлығын көрген сол кісілер және олардың ұл-қыздары әлі күнге дейін бізбен хабарласып тұрады, қуаныш- жақсылықтарынан ешқашан қалдырған емес. Біз мұны қадірлі әкеміз бен аяулы анамыздың ауыл-аймаққа сыйлы жандар болғанының арқасы деп білеміз. Біздер әкеміз бен анамыздан­ өз өмірлерімізге жетерлік тәлім-тәрбие алғанымызды мақтан тұтамыз. Барлығы кешегі күнгідей көз алдымызда. Әлі есімде, бірде анам әкеме қолжуғышты жөндеуді «тапсырғаны» бар. Әкем бұл шаруа­ны алдағы жексенбіде бітіретінін айтты. Жексенбі күні барлығымызды жинап, әрқайсымызға тапсырма берді, қолжуғышты қалай жөндеу керектігін түсіндірді. Жұмыс «процесін» өзі бақылап, ара-арасында айтып тұрды. Қызығушылықпен іске кіріскен біз бірер сағаттың ішінде қолжуғышты қалпына келтіргендей болдық. Былай қара­саң, мұнда тұрған ешнәрсе жоқ сияқты. Ал оның мәнін кейіндеп түсіндік. Әкеміз біздерді сонау бала күннен еңбекке баули бастаған екен ғой... – Әкеңізді «Асан аға» деп қалдыңыз... – Оның мәнісі мынада: әкем мен шешемнің тұңғышы болғандықтан, қазақтың салты бойынша мен әжемнің баласы болып есептелемін. Ес білгенге дейін өзімді әжемнің қызы деп жүрдім, – деді Шара Асанқызы. – Ал әкемді өзі қайтыс болғанға дейін «аға» деп атап келдім. Ол кезде әкем қатты сырқаттанып жүрген болатын. Елге бір барғанымызда, оңаша шақырып алып: «Шара, бір нәрсе айтсам ренжімейсің бе?», – деді. Сондағы айтқаны: «Әжеңнің өмірден озғанына біраз жыл болды. Енді мені «әке» деп аташы!». Алғашында не дерімді білмей, абдырап қалдым. Өзіме өзім келіп, бірнеше рет оқталсам да, әкемді «әке» деп айта алмадым. Қиналып тұрғанымды білсе керек, ол кісі: «Жарайды, сен нағыз әжеңнің қызы екенсің», – деп бауырына басқаны көз алдыма жиі оралады. 9 мамыр – Жеңіс күні әкеміз үшін ерекше бөлек мереке болатын. 1937 жылы әскер қатарына шақырылған ол алдымен Хасан көлі мен Халхин-гол өзені маңындағы кеңес-жапон соғысына, Бессарабияны азат ету соғыс қимылдарына, одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алты жыл бойы оқ пен оттың ортасында жүрді. Майдан даласындағы қиян - кескі ұрыстарда үш рет жараланыпты. Ерлігі ескерусіз қалған жоқ. «І дәрежелі Отан соғысы» ордені­мен, сондай-ақ, бес жауынгерлік медальмен наградталған. Ауыр жарақат алуына байланысты сұрапыл соғыстан 1943 жылы аға лейтенант шенімен елге оралды. Көпшілік қадір тұтып, құр­меттеген әкеміз соғыстан орала салысымен, еңбекке белсене араласады. Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы «Жаңа тұрмыс» колхозында партия ұйымының хатшысы қызметін атқарып, шаруашылықтың ауыр экономикалық жағдайын қалпына келтіруге атсалысты. Одан кейінгі жылдары облыс аумағындағы түрлі мекемелер мен ұйымдарда басшылық қызметтер атқарды. Қай жұмыста болсын, ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, талапшыл және әділ қасиеттерімен үлкен абырой-беделге ие болды. Әкеміз бұл өмірден өтерін күні бұрын біліп, соған байланысты өзін соңғы ақтық сапарға шығарып салудың жөн-жоралғысын қойын кітапшасына жазып та қойған екен. Оны анамыз Сақыпжамал ғана білген. Бізге айтпауды қатты тапсырыпты. Онда: «Қазан мен қараша айына дейін шыдасам, Қыр мен Сырдың елі тегіс жиналар еді. Біз 36 жыл бірге өмір сүрдік, ешкімге қиянат жасамадық. Дүние-мүлкіміз мол болмаса да, ел-жұрт бізді Асан, Сақып деп сыйлады. Менің ұсынысым...», – дей келіп, әкем діни жоралғылар жасауды кімдерге тапсыру керектігін, жеделхаттар жіберу мен телефонмен хабар айтуды кімге жүктеу қажеттігін, басқа да мәселелерді жазыпты. Тіпті, анамызға алдын ала Ташкентке барып, қанша орамал алып келуді де тапсырыпты. Біз әке аманатын мүлтіксіз орындадық. Айналасына мейірін төгіп, шуағын шашқан – Ана – қасиетті ұғым. Ол – өмірдегі сүйенішің әрі тірегің. Ананың ыстық алақанына тең келер ешнәрсе жоқ, – деп жалғастырды әңгімесін Шара Асанқызы. – Үйдің үлкені болғандықтан және әжем мені бауырына салғандықтан, анам Сақыпжамалды Сақа деп атаушы едім. Біз осы анамыздың арқасында өз өмір жолымызды таптық, барлығымыз жоғары білім алдық. Әкем көре алмай кеткен қызықты көзі тірісінде анам көріп кетті. Соған шүкіршілік етеміз. Сол кездері біздің үлкен үйіміз Қызылордадағы Жаңабазарда еді. Келімді-кетімді кісілер, ауылдан қалаға келген ағайын-туыстар бір үзіл­мейтін. Сақаң соларды күте­мін деп ас үйден шықпайтын. Бар­лы­ғына дастарқан жайып, шайын беріп, жағдайларын сұрап, зыр жү­гі­ріп жүретін. Қалай үлгеретініне қай­ран қалатынбыз біз. Осыны жиі­рек көріп жүрген анамның інісі Рүс­тем­­нің бірде «Бұл үй Москваның Қа­­зан вокзалы сияқты» деп айтқаны бар. Сақаң қажетті азық-түлік, басқа да заттар сатып алу үшін базарға жиі барушы еді. Анам ондағы сатушыларды, ал олар анамды жақсы таниды. Базарға баратын кезде термосқа шай құйып, оны өзімен бірге ала кетуді де ұмытпайтын. «Мұныңыз не!» деп кейде қарсылық білдіретінбіз... Бір күні анамыз базарда өрік-мейіз сатып отыратын өзбек қарияны үйге ертіп келді. Ол жеңіл киінген екен, тоңып тұрғанын бірден байқадық. Кейін осы қария біздің үй-ішімізбен жиі араласып тұрды. Анамды балаларымен қоса Ташкентке қонаққа да шақырды. Әлгі қария үлкен отбасының отағасы екен. Ол кісі бүкіл отбасымен анам мен інімді ерекше қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсетіпті. Аяулы анамыз адамдарға жақ­сылық жасау, қамқорлық көрсету парыз деп есептеді. Осы қағиданы өмірден озғанша берік ұстанды. Бір күні кешке қарай үйге жұпыны киінген бір баланы ертіп әкелгені бар. Оны жуындырып, ескі киім­де­рін жаңасымен ауыстырды, жақсылап тамақтандырды. Ол біздің үйде оншақты күндей тұрды. Сөйтсе, Ташкент қаласында болған қатты жер сілкінісі кезінде оның әке-шешесі қаза тауып, Қызылордаға туыстарын іздеп келіпті. Ал Сақаң оны базарда кездестірген. Тиісті мекемелерге барып жүріп, оның туыстарын да тауып берді. Мақтанғаным емес, анамның үй ішіндегі қимыл-қозғалысы маған ол қалқып жүргендей көрінетін, жүзінен қажығандық та білінбейтін. Адамның бабын табуға келгенде алдына жан салмаушы еді. Қонақ­жайлығы мен көпшілдігі, дас­тарқаны менмұндалап тұратын дархандығы ерекше еді-ау, анам­ның. Анамыздың сол асыл қасиет­тері бірге туған бауырларым мен сіңлілерімнің, сондай-ақ, келіндерімнің бойынан кездесе­тініне тәубе етемін. Қоғам қайраткері, жазушы-драматург Алтыншаш Жағанова біздің анамызбен жиі араласты. Олардың әңгімесі бірден жарасым тауып кететін. Анама топырақ салуға келгенде: «Сақыпжамал апамыз ерекше жаратылған, көңілі даладай кең, баладай рия­сыз, аңқылдаған ақкөңіл жан болатын. Оны өзгелерден айрықша даралап тұратын тамаша қасиеті: пендені бөлектеу дегенді білмейтін, адамға қамқорлық пен қайырымнан өзге қылаудай қиянаты жоқ ғажап кісі еді», – деп айтқан болатын. Жазып алған Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».