Қоғам • 03 Мамыр, 2023

Елорда дәрігерлері баланың асқазанынан «шашты ісік» алды

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордадағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының дәрігерлері МӘМС жүйесі бойынша ота жасап, баланың асқазанынан «шашты ісік» алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда дәрігерлері баланың асқазанынан «шашты ісік» алды

Шашты ісік – қорытылмайтын-сіңірілмейтін шаш массасының асқазан-ішек жолында жиналуының нәтижесі, содан іште кедергі пайда болады. «Шаш жұту» синдромы өте сирек кездесетін сырқат.

«Бұл ауру өте сирек кездеседі. Асқазанда жиналған шатасқан шаштың көп мөлшері трихобезоар немесе «шашты ісік» пайда болуына әкеліп соғады. Ол асқазанды бірте-бірте бітеп, оның жұмысына кедергі келтіреді. Мұндай ісік ұзын құйрықты асқазанның пішініне келеді, аш ішекке дейін жетеді. Ғылыми мәліметтерге сүйенсек, мұндай синдромы бар науқастардың жетпіс пайызы жиырма жасқа толмаған әйел адамдар», деп түсіндірді №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Азамат Оразалинов.

Ауруханаға түскен баланың ата-анасы алдымен өз емханасына жүгінген, онда ФГДС арқылы тексеру жүргізген.

Дәрігердің айтуынша, ұлдарға қарағанда қыздар Рапунцель синдромына жиі ұшырайды. Әйелдердің шаштары әдетте еркектерге қарағанда ұзын, сондықтан асқазанның шырышты қабатында қалып қою ықтималдығы жоғары. Бала шашты жұтқан кезде ісік көлемі ұлғаяды және ол қорытылмайтын-сіңірілмейтін шаш жиынтығына айналады.