«Өнер атаулы адамның сезімін оятып, ойын ұшқыр етіп, тың идеяларға шабыттандыруымен асқақ, сонысымен тартымды. Біз тарихи мұрамызды сақтап, ұлттық тақырыптағы спектакльдер шығаруға күш салып келеміз. Сол себепті «Жеті қазына» спектаклі біз үшін құнды. Оның ерекше болатын тағы бір себебі, бұл – «Ашық сахна» І республикалық байқауының жеңімпаздары сахналаған дүние. Бұл – еліміздің театр өнеріндегі жаңа есімдер», деді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
«Бұл тақырыптың ауқымы кең. Бірақ, ол осы күнге дейін балетте көрініс тапқан жоқ. «Жеті қазына» балетінде бас кейіпкер тұлға болып қалыптасу, есею кезеңінен өтіп, бойындағы үрейін, әлсіздігін жеңіп, жанында серігі – жарымен бірге шашырап кеткен қазынаны жинайды. Сыңарымен бірлескен соң ғана ол Шаңырақты қалпына келтіре алды. Шаңырақты біз адам баласының жолына сәуле түсіретін Күн бейнесінде суреттедік», деді либретто авторы Мәдина Алданова.
Астаналық театр тың, бірегей идеяларды іздеп, оны жүзеге асырып, хореография өнеріндегі жаңа есімдерді көпшілікке паш етуге күш салып жүргенін атап өткен жөн. Жаңа спектакль осының тағы бір дәлелі болса керек.
«Жұмыс барысында либретто мен музыкадан шабыт алдым. Спектакльде нақты бір стиль жоқ деуге болады. Бұл – бірнеше би бағытының синтезі. Халық биі мен классикалық қимылдар, арасында, бәлкім, өзім тапқан дүниелер бар. Себебі әр кейіпкердің пластикалық келбетін ашуға тырыстым. Әр кейіпкер өзінше дара, бірегей. Шығармашылық ізденістен ләззат алдым десем, артық емес. Бұл мен қойған тұңғыш балет болғанымен, жалпы, би саласындағы алғашқы еңбегім емес», дейді Уәлитбек Сиязбек.
Жаңа қойылымның жетекші партияларын «Астана Балет» театрының әртістері сомдады. Ер жігіт – жетекші солист Сүндет Сұлтанов, Ақ жаулық – екінші солист Әлия Айтбаева, Тұлпар – екінші солист Айдан Қалжан, Қыран бүркіт – жетекші солист Назерке Аймұхаметова, Құмай тазы – балет әртісі Аққали Тұрғали.
Салтанатты іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асты.