Конференция жұмысына экономика саласындағы тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ Ұлттық банкінің, академиялық қауымдастықтың, зерттеу орталықтарының, қаржылық және халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік институттардың өкілдері қатысты.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов әңгіме бюджеттік қағидаға тіреліп тұрғанын, проциклдік фискалдық саясат, экономиканың теңгерімсіз құрылымы кезінде эмиссиялық қаржыландыру түріндегі ішкі проинфляциялық факторлар инфляцияның рекордты жеделдеуіне қолайлы негіз болғанын айтты. Алғашқысы – сұраныс ұсынысқа ілесе алмай қалады, екіншісі өндіріс шығындарының өсуіне байланысты баға көтеріледі. Бұған динамикасы кез келген болуы мүмкін тұрақты экономикалық ауытқулар да, Украинадағы соғыс немесе пандемия сияқты «қара аққулар» да әсер етеді. «Соңғы жылдары біз аса жоғары белгісіздік пен құбылмалылық жағдайында өмір сүріп, шешім қабылдауға мәжбүрміз. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыс пен сауда құрылымы түбегейлі өзгерді. Бұл жаңа экономикалық шынайылық оңтайлы ақша-кредит саясатын жүргізуде бірлесе жұмыс жүргізуді талап етеді. Осыған байланысты біз жаңа сын-тегеуріндерге инфляцияның мақсатты бағдарларының сәйкестігін талқыласақ дейміз», деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары А.Баймағамбетов.
Ақша-кредит саясатына шолу жүргізу қажеттілігі бүкіл әлемде тап болған оқиғаларға байланысты туындаған. Covid-19 пандемиясының теріс салдары, логистикалық тізбектегі үзілістер мен шектеулі ұсыныс аясында кейіннен орын алған фискалдық және монетарлық ынталандыру инфляцияның кеңінен жеделдеуіне әкелді.
«Соңғы жылдары біз жоғары құбылмалылық пен белгісіздік жағдайында өмір сүріп, шешім қабылдап келеміз. Ондаған жыл бойы қалыптасқан экономикалық байланыстар өзгеріп отыр. Сауда құрылымы өзгерді. Сол себепті Ұлттық банк мамыр-маусым айында инфляциялық таргеттеу саясатын қайта қарастыруы мүмкін», деп атап өтті А.Баймағамбетов.
Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатындағы инфляция деңгейі қандай болатынын ашып айтпаса да, кейбір ғалымдар оның деңгейінің жай-күйін зерттеп, тас-түйін етіп дайындап қойыпты. Мысалы, Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің профессоры Джозеф Кеннингс еліміздегі инфляцияның оңтайлы деңгейі 5-7 пайыз болады деген болжамды айтып үлгірді. «Әртүрлі деректер жиынтығы негізінде біз Қазақстан экономикасы үшін инфляцияның оңтайлы деңгейі 5-7 пайыз болатынын анықтадық», деген сарапшы инфляция деңгейін бірден 13 пайызға қалай түсіруге болатынын ашып айтып бере алмады.
Іс-шара барысында Ұлттық банк пен академиялық қауымдастықтың өкілдері конференция қатысушыларына ортамерзімді кезеңдегі тұтынушылық бағаның динамикасы бойынша мәліметтерді, инфляция бойынша мақсатты бағдарларды белгілеу және оған қол жеткізу бойынша зерттеулер қорытындысын таныстырды. Тәуелсіз сарапшылар инфляцияның оңтайлы таргетін анықтау және оны тұрақтандыру бойынша монетарлық саясат жүргізуге қатысты өз пайымдарын ортаға салды.
«Жалпылай айтқанда, экономистер мен болжаушылардың пікірі инфляция түсе бастайды деген ортақ тұжырымға келеді. Бұл өз кезегінде ақша-кредит саясатының шаралары дұрыс таңдалғанын көрсетеді. Базалық мөлшерлемені төмендетуге қатысты қажеттілік инфляция 13-12 пайызға дейін төмендегенде ғана өзекті бола алады», дейді Халықаралық валюта қорының Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдері үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығының экономисі Нұрдәулет Әбілов.
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің айтуынша, жыл соңына дейін инфляция 9-12 пайыз дәлізіне дейін төмендеуі мүмкін. Ұлттық банктің базалық жоспарындағы болжамына сәйкес бұған мүмкіндік бар. Ақпан-наурыз айындағы инфляцияның динамикасында инфляциялық үдерістердің баяулай бастағаны байқалған. «Өткен жылдың наурыз айында ең жоғары инфляция деңгейі болғанын білесіздер. Біздің тарапымыздан, алдағы уақытта қабылдап жатқан шаралар нәтижесінде инфляцияны 9-12 пайыздық дәлізге дейін төмендеу мүмкіндігі өте жоғары деп бағаланады», деді Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры.
Сарапшылар өткен жылғы экономикалық өсімнің 3,2 пайызға көтеріліп, еңбекке жарамды халық санының артуын ескеріп, инфляция деңгейінің төмендеуі мүмкін екенін айтқан болатын. Ұлттық банк өкілі айтып өткендей, бүгінгі жиында ортамерзімді және ұзақмерзімді таргеттелетін инфляцияның жаңа мөлшері туралы сөз болды. ІЖӨ-дегі қазіргі бағыт сақталса, 2025 жылдан бастап таргеттелетін инфляция 3-4 пайыз деңгейінде тұрақталады. Ұлттық банк өкілі айтып өткендей, пандемия, геосаяси жағдайлар инфляцияның таргеттен алыстатып жіберді. Бұл саясаттың екінші бөлігі – негізгі мөлшерлемені көтеру арқылы инфляцияны төмендету әрекеті. Бірақ бұл жағдайда пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы инфляциямен күресуге тырысқанда, олар экономиканы стагфляциялық тұзаққа түсіреді (стагфляция – өндірістің құлдырауымен, бағаның өсуімен және халық арасындағы сатып алу қабілетінің төмендеуімен сипатталатын экономиканың жағдайы). Бұл несие құнының өсуіне әкеп соғады, соның нәтижесінде инвестицияны несиелеу қысқарады, технологиялық деградация орын алады, бәсекеге қабілеттілік төмендейді, нәтижесінде, жаңа девальвация болады. Біз стагфляция тұзақтарының бұл тұйық шеңберінен әлденеше рет өттік, бұл жолда тіпті теориялық тұрғыдан да макроэкономикалық тұрақтандыруға қол жеткізу мүмкін емес. «Біздің тұтыну тауарларын ішіндегі статистика бюросының деректеріне сәйкес, азық-түлік тауарларына қатысты айтатын болсақ, 20 пайыз деңгейінде. Ал егер азық-түлікке жатпайтын тауарларды алатын болсақ, ондағы импорт көлемі көбірек. Шамамен 60 пайыз тауарды шетелден алып келуге мәжбүрміз», дейді Р.Оразалин.
Бір кездері Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі болған Айдархан Құсайыновтың айтуынша, Ұлттық банк бірер жылдан бері инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізбегенін айтты. Инфляцияны тізгіндеп, экономика өсімін де қатар ұстап отыру Ұлттық банк пен Үкіметке салмақ салып тұр. Оның айтуынша, инфляцияның биылғы шекті межесін Ұлттық банк қалаған деңгейде ұстау қиын болып тұр. Себебі инфляцияны қолдан тежеу мүмкін емес, нарықтық тетіктер әлсіз. Ұлттық банк пен Үкіметтің министрліктер мен әкімдер арқылы қаржыны жұмсаудың жолын іздесе, Ұлттық банк баға мен теңгенің тұрақтылығына ғана жауап беремін деген сыңай танытып отыр. Ұлттық банк ақпан-наурыз айында валюта нарығында интервенция жүргізбесе де алтын-валюта қорымыздың кеміп қалғаны байқалып қалды. Инфляцияны таргеттетудің жаңа жүйесі алтын сатуды да интервенцияның бір түрі деп қабылдаған кезде ғана жемісін береді.
Халықаралық тәжірибеде орталық банктер интервенция жасап, бағамды орнына қайтарса, инфляциялық күту деңгейі азаяды. Ал бізде Ұлттық банктің интервенцияларының ішкі нарыққа әсері аз. Басқаша айтқанда, инфляцияға әсері төмен. Қазір Үкіметтің бағаны тұрақтауға бағыттаған шараларының нарыққа деген әсері 1-4 пайыз екенін сарапшылар талай жылдан бері айтып келеді.
А.Құсайыновтың айтуынша, елдің экономикалық өсімі Ұлттық банктің екінші кезектегі міндеті болып табылады, өйткені реттеушінің құралдары шектеулі. Бас банк үшін теңге бағамының тұрақтылығы бизнестің сенімділігін арттырудың ең қуатты құралдарының бірі ретінде қалыптасқан. Ал қуатты теңге ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ете алмай отырғаны – Ұлттық банк пен Үкіметтің жабық есік жағдайында жеке-дара талқылайтын тақырыбы. Сарапшының айтуынша, базалық мөлшерлеменің төмендеуі немесе бірнеше ай бойы тұрақты болуы біздің нарық үшін үлкен рөл атқармайды.Әзірге инфляцияның ашуы басылған жоқ. Егер қазіргі деңгей 10 пайыз болса, әкімшілік ресурстар арқылы төмендетуге болады. Ал 20 пайыздық көрсеткіш әкімшілік ресурстарға бағынбайды.
Сондай-ақ А.Құсайынов бұл саладағы негізгі проблемалардың созылмалы сипатқа ие екендігін атап өтті. Банк секторының жалпы экономикалық өсуге, атап айтқанда, экономиканың басым секторларын дамытуға қосқан үлесі жеткіліксіз. Банктердің экономиканы ұзақмерзімді несиелеуінің іс жүзінде жоқтығы, бұл мемлекетті пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау арқылы несиелеуді ынталандыру үшін әдеттен тыс функцияларды қабылдауға мәжбүр етеді.
«Жаңа экономикалық бағытты жүзеге асырудың маңызды бағыты ақша-несие саясаты болуы керек, оның негізгі мақсаты банк жүйесінің қаржылық ағындарын несиелендіруге қайта бағдарлауға басымдық беруі тиіс», дейді А.Құсайынов.
АЛМАТЫ