Оспан ағамыздың мейірімді жүзі, сыпайы болмысы, жылы жымиысы адамды өзіне тартып тұрады. Соған қарап, оған ұстаздық қасиет тумысынан дарыған ба дерсіз. Кейіпкеріміздің өмір жолына үңілсек, көптеген дерекке қанық боласыз. Ол бала күнінен өнерге жақын болып өсті. Домбыра тартып, ән салды. Он екі жасында облыстық байқауда топ жарып, «өнерлі бала» атанды. Туған ауылындағы сегіз жылдық мектепті аяқтағаннан кейін, жоғары сыныпты – сол кездегі Целиноград қаласындағы жалғыз қазақ мектебі қазіргі Жамбыл Жабаев атындағы №4 орта мектепте жалғастырды.
1967 жылы С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түсті. Бұл – тың игеру науқанының дүркіреп тұрған шағы. Солтүстік өңірлерге одақтың әр түкпірінен қоныс аударушылар лек-лек келіп жатты. Бір жағы, саяси науқан жергілікті халыққа үлкен зардап әкелді. Қазір оны ашық айтып жүрміз ғой. Бірақ ол кезде ашық айту мүмкін емес еді. Тың игеру жылдары көптеген қазақ ауылы жер бетінен жойылды. Ауылмен бірге қазақ мектептері де жабылды. Осы жағдайға ұлтқа жанашыр адамдардың жүрегі ауырды. Олар науқанға еріп, айқайлаған жоқ. Қайта, халқымыздың тілі мен өнері, салт-дәстүрі шет қалмасын деп жанталасты. Сол жылдары Целиноградтағы төрт жоғары оқу орнында оқитын намысқой қазақ жастары бірігіп, «Гүлдер» атты қоғам құрып, ел арасында ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрімізді насихаттады. Бірқатар мәдени іс-шаралар өткізді. Осы қоғамның басы-қасында Оспан аға да жүрді. Кейін облыстық комсомол комитеті аталған қоғамның ұйымдастырушыларын шақырып, оларға «бұл ұлтшыл ұйым, егер тоқтатпасаңыздар соңы жақсы болмайды», деп ескертеді. Сөйтіп, екі жыл қазақ жастарына рухани демеу болған ұйым жұмысын тоқтатты. Бірақ кейіпкеріміз мақсатынан айныған жоқ.
Оспан Сүлейменұлы саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнады. Алғашқы еңбек жолы туған ауылындағы орта мектепте басталды.Одан кейін облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен Қорғалжын ауданындағы балалар музыка мектебіне ауысты. Онда жеткіншектерге домбыра үйретті. Кейін Қорғалжын аудандық мәдениет бөлімін басқарған жылдары туған жерінің өнерін дамытуға қомақты үлес қосты. Ел ішіндегі таланттарды жинап, ұлт аспаптар оркестрін құрды. Оның ұйымдастырушылық қабілетін байқаған облыстық мәдениет бөлімі оны облыс орталығына шақырып, қазақ ұлт оркестрін ұйымдастыруды тапсырды. Бұл міндетті де ойдағыдай атқарып шықты.
Жалпы, Оспан аға табиғатынан сыпайы жан. Ешкімге кеудесін керіп, мақтанбайды. Әйтпесе, оның Ақмоладағы алғашқы қазақ музыка мектебінің іргетасын қалаған азамат екенін көпшілік біле бермейді. 1990 жылы Қызылорда қаласында «Елім-ай» бағдарламасы бойынша республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оған Целиноградтан Оспан Сүлейменұлы барады. Семинарға сол кездегі Білім министрінің орынбасары Шәмша Беркімбаева қатысып, әр өңірден келген мұғалімдермен әңгімелеседі. Сол кездесуде Оспан ағамыз министрдің орынбасарына өзін ұзақ жылдар бойы мазалап жүрген «Ақмоладан қазақ музыка мектебі ашылса» деген ұсынысын айтады. Бұл ұсынысты бірден құптаған Шәмша Көпбайқызы оны Алматыға қабылдауына шақырды. Оспан ағамыз Сыр бойынан келгеннен кейін Алматыға жол тартып, Ш.Беркімбаеваға барады. Ол кісі «қазақтың өнері» деп жаны күйіп жүрген азаматты жылы қабылдап, сол мезетте облыстық білім басқармасының басшысына қоңырау шалады. Сөйтіп, әп-сәтте музыка мектебінің тағдыры шешілді. Білім басқармасы оған Жамбыл Жабаев атындағы №4 орта мектебінің екі қабаттық ескі ғимаратын берді. Оған сол кездегі Ақмола қаласының әкімі, марқұм Аманжол Бөлекпаев көп қолдау көрсетті. Ғимаратты толықтай жөндеуге және қажетті музыкалық аспаптар сатып алуға қаржы бөлді. Сөйтіп, 1991 жылдың қыркүйегінде Ақмоладағы алғашқы қазақ музыка мектебі өнерлі балаларға есігін айқара ашты. Оның бірінші директоры да өзі болды.
Әсіресе Оспан Сүлейменұлы елордадағы №2 балалар музыка мектебін басқарған жылдары, аталған өнер ордасының аты дүркіреп шықты. 2010 жылы мектеп өрендерінен құралған ансамбль Біріккен Араб Әмірліктеріне өнер сапарымен барып, қазақтың ән-күйін шалқытты. Сондай-ақ музыка мектебінің 24 оқушысы Францияда отыз күн бойы халықаралық байқауда бақ сынап, еліміздің абыройын асырды. Ұлағатты ұстаздың бірқатар шәкірттері республикалық «Абай», «Шәкәрім», «Мұқағали» оқуларында топ жарды. Оның тәлімгерлік тәжірибесі – жастарға үлгі. Өзі ақын, өзі сазгер, өзі күйші, өзі суретші. Бір басына сан тарау өнер тоғысқан. Бір кісідей ақындығы да бар. Он шақты кітаптың авторы. Өнер тақырыбына жазған мақалалары мерзімді баспасөзде жиі жарияланады. Қазір де Оспан ағамызды бас қаладағы жастарға ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналған іс-шаралардың бел ортасынан көреміз. Бұл да ұлттық ұстанымынан айнымаған азаматтың бір қырын көрсетеді.