
Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының Қытайда визасыз, ал Қытай азаматтары Қазақстан аумағында шекарадан өткен сәттен бастап 30 күннен аспайтын мерзімде бола алатынын мәлімдеп, қаулы жобасын талқылауға ұсынғалы түрлі пікір айтылып келеді. Бір айта кетерлігі, визасыз режім тек туристік, жеке және іскерлік сапарлар үшін рұқсат етіледі.
«Қытай – экономикасы алпауыт ел. Қазақстан жəне Орталық Азия елдері үшін негізгі сауда серіктестерінің бірі. Егер екі ел арасында өзара визасыз режім енгізілсе, жеке азаматтар ғана емес, жүк көлігін жүргізушілер де шекарадан визасыз өте алады. Бұл біраз мәселені шешеді. Арадағы сауда-саттық өсіп, өңіраралық ынтымақтастық нығаяды, экономикамызға оң əсер етеді. Қазақстан – Орталық Азияда Қытаймен визасыз режім орнатқан жалғыз мемлекет. Мұны біз дипломатиялық жеңіс деп есептейміз», деп пікір білдірді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында екі елдің сыртқы істер министрлері осы визасыз режімге қатысты келісімге қол қоюы жоспарланған. Мемлекет басшысы Қытай-Орталық Азия саммитіне де қатысады. Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің аймақ елдерінің басшыларына жолдаған шақыруында оның «Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының дамуына көбірек көңіл бөлетіні» атап өтілген.
Мәселен, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке жолдаған шақыруында Қытай басшысы өткен жылғы сапарын еске алып, алдағы саммитте Орталық Азияның «ауқымды жоспарлары» талқыланатынын айтқан. Онда Қытай – Өзбекстан – Қырғызстан теміржолының құрылысын аяқтап, Өзбекстан – Қазақстан – Қытай – Лаос – Тайланд – Малайзия көлік дәлізін жүзеге асыруды бастау қажет екенін тілге тиек еткен. Сондай-ақ Си Цзиньпин Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедовке арнаған хатында, «Түрікменстан-Қытай газ құбырының төртінші желісін салу мәселесін шешу қажет, ол да Тәжікстан арқылы өтуге тиіс», депті. Ал Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровқа екі ел арасындағы ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін айтқан.
Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режімге қайта оралсақ, «Қытайда визасыз режімге рұқсат етілген елдер көп емес», дейді Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Кәукенов.
Сарапшының айтуынша, Орталық Азия елдерінің ортақ бір проблемасы бар, олар теңізге тікелей шыға алмайды. Сондықтан бұл тауарларды экспорттаудың да, импорттаудың да логистикасын қиындатады. Ал Қытай бұл бағытта ынтымақтастыққа дайын. «Қазақстанның Сары теңіздегі Қытайдың Ляньюньган портына шығу мүмкіндігі бар, бұл республика аумағы арқылы өтетін ірі континенттік бағыттарды құруға мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндікті Қытайдың экономикалық және технологиялық жетістіктерін пайдалана отырып, Орталық Азияның басқа мемлекеттері де ала алады, аймақтық қана емес, жаһандық жобаларға қосылуы мүмкін», деген пікірде Әділ Кәукенов.
Оның айтуынша, Қазақстан бидайын әлемдік нарыққа жеткізу үшін осы жолдарды пайдаланғысы келеді. Оның үстіне азық-түлік мәселесі әлемде бірінші орында тұр.
Сондай-ақ сарапшы Марс Сариевтің айтуынша, Орталық Азия қазір Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысып жатыр. «Украинадағы мәселеге байланысты Бейжің мен Мәскеу ортақ тіл тапты, енді біз екі полярлы әлем құру әрекетін көріп отырмыз. Қытай дәстүрлі сақтық саясатынан алшақтап, өз ниетін ашық көрсете бастады. Сондықтан Орталық Азия елдері енді өз ұстанымдарын шешуі керек», дейді сарапшы.