Аймақтар • 06 Мамыр, 2023

Майдан әндерінің байқауы

368 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы ардагерлері арасында вокалды топтардың «Майдан әндері» атты облыстық ән байқауы өтті.

Майдан әндерінің байқауы

Жеңіс күні қарсаңында Орал­­дың «Алтын Орда» мәде­ниет үйінде ерекше сайыс өтті. Ба­тыс Қазақстан облысының әр түкпірінен келген вокалды топ­­­тар аға буын әншілерден – ақ жаулықты әжелерден, ақ са­май­­­лы ағалардан құралған екен. Олар өздеріне етене таныс май­дан ән­дерін шырқап жа­рыс­­ты. Бұл іс-ша­раны Батыс Қазақ­­стан облыстық ардагерлер ұйы­мы қолдап, Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Мәдени-ағарту» бірлестігінің «Жұлдыз» және «Шұғыла» комьюнити орта­лықтары ұйымдастырды.

– Сұрапыл соғыс жылдары 76 635 батысқазақстандық майдан­ға аттанса, оның 36 548-і елге оралмады. Ақжайық өңірінен 40 адам – Ке­ңес Одағының Батыры, 6 адам «Даңқ» орденінің то­лық кавалері атанды. Орал қа­ласында бірнеше әскери госпиталь ашылып, инсти­тут, өнеркәсіп орындары көшіп келді. Орда, Жәнібек аудандары тыл емес, майдан­ның бір бөлігіне айналды. Сондықтан бұл соғыс батыс­қазақстандықтар үшін етене жақын, ерекше қасиетті. Әр әулетті айналып өтпеген бұл қасірет қайталанбасын! Той тойлап емес, ой ойлайтын, ата-баба рухына тағзым ететін бұл күн бейбітшілік пен ауызбіршіліктің қадір-қасиетін ерекше түсінетін сабақ болсын. Қазақ қашанда өнерімен, күйімен, әнімен рухын көтерген ғой, – деді Батыс Қа­зақ­стан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбе­тов байқаудың ашылу салтанатында.

Облыстық қоғамдық даму бас­қар­масының басшысы Нұр­ділдә Ораз бен облыстық ардагерлер ұйы­мының төрағасы Мақсот Берген де қатысушыларға сәттілік тіледі. Май­дан әндері байқауына қалалық іріктеу кезеңінен өткен және Ақжайық, Сы­рым, Қазталов, Тасқала, Теректі, Бәй­терек, Жә­нібек аудандарынан келген 18 вокалды топ қатынасты. Сайыс шарты бойынша олар Екінші Дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы бір ән және халық әндерінен бір ән орындады.

Байқауға мәдениет сала­сы­ның ардагері, «Құрмет» орденінің ие­гері, Қазақстандық салалық мә­де­ниет, спорт, туризм және ақпа­рат қызмет­керлерінің кәсіптік ода­ғының Батыс Қазақстан об­лыстық фи­лиа­лы төрағасы Ай­дар Батыр­ханов, Қазақстан ком­по­зиторлар одағының мүше­сі, КСРО-ның үздік мәдениет қызметкері, Ақжайық ауданы­ның құрметті азаматы, сазгер Ғұ­байдолла Хибашев, Ғ.Құрман­ғалиев атындағы филармония ән­шісі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,  Мәдениет саласының үздігі, Сырым ауданының құрметті азаматы Жаскелең Ғайсағалиев, Ғ.Құр­ман­ғалиев атын­дағы филармония әншісі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Мұрат Әмірханов, Ауған соғысының ардагері, ин­тер­нацио­налист жауынгер Бер­кін­ғали Ғабделов, облыстық Халық шы­ғармашылығы орталы­ғының жетекші маманы, Мәдениет қайраткері Есенгелді Молдағалиев, Мәдени-ағарту бірлестігі директорының орынбасары Бекей Қанатов қазылық етті.

Өте тартысты өткен ән бай­қауын­да бас жүлде «Ардагер» клу­бының «Ағалар әуені» халық­тық вокалдық тобына бұйырды. Қазылар алқасының шешімімен Теректі ауда­нынан келген «Япу­рай» әжелер ансамблі – бірін­ші орынға, Қазталов ауданы Қараоба ауылының «Әжелер шуа­ғы» ансамблі екінші орын­ға ие болды. Жүлделі үшінші орынды «Бәйтерек» комьюнити орталығының «Жайық толқын­дары» вокалды тобы жеңіп алды.

Байқауда жүлдері орын алмаса да ерекше көзге түскен топтар да сый­лықтан құр қалмады. Сырым ау­данының «Ақ тілеу» вокалдық ансамблі – Кеңес Одағының Баты­ры Әлия Молдағұлова атын­дағы арнайы жүлдеге, «Ардагер» клубының халықтық «Әже сәле­мі» вокалдық тобы – Кеңес Ода­ғының Батыры Мән­шүк Мәме­това атындағы арнайы жүлдеге, Жәнібек ауданынан келген «Ақ­ниет» ансамблі Халық Қаһар­маны Хиуаз Доспанова атындағы арнайы жүлдеге ие болды.

Сондай-ақ вокалды топтардың музыка сүйемелдеушілері, өзге де қатысушы вокалды топтар алғыс­хаттармен марапатталды.

 

Батыс Қазақстан облысы