
Жеті айға созылған «Гендерлік теңдік» бағдарламасын 70 әйел сәтті аяқтаған. Оларға оқуды табысты аяқтағандары үшін арнайы сертификат пен гүл шоқтарын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева мен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов табыс етті.
– Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры гендер теңдігі бойынша мемлекет саясатын белсенді қолдайды. Біз компанияларымыздың басқару органдарында әйелдер санын арттыру бойынша міндеттеме алдық. Оның жүзеге асуын қадағалап келеміз. Қазір қорда 259,5 мың адам, оның ішінде 72 мыңға жуық әйел жұмыс істейді. Бұл жалпы қызметкерлердің 28 пайызын құрайды. Бөлім басшыларынан бастап есептегенде, шамамен 8,5 мың әйел басшылық қызметте. Бұл – барлық әйелдер санының үштен бірі. Ал жоғары басшылық қызметтердегі әйелдер үлесі – бар болғаны 15 пайыз. Біздің мақсат – олардың үлесін 2030 жылға қарай 30 пайызға дейін арттыру, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов көшбасшы әйелдерді құттықтау сөзінде.
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева гендерлік теңдік мәселесіне Мемлекет басшысы көп көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
– Ұлттық комиссия қоғамдық негізде жұмыс істейтін және белгілі бір саланың дамуына және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге үлкен үлес қосатын өте белсенді және перспективалы әйелдерден тұрады. Бүгінде Әйелдер қозғалысы жаңа жарқын өкілдермен және көшбасшылармен толықтырылып келеді. Сіздердің әрқайсыңыздың қазақстандық қоғамдағы әйелдердің жағдайын жақсартуға ықпал ететін өз идеяларыңыз, бастамаларыңыз, жобаларыңыз бар екеніне сенімдімін. Әйелдерді әртүрлі компаниялардың Директорлар кеңесіне қосуды көздейтін бүгінгі жобамыз бірегей, – деді Аида Балаева.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, сарапшылар басшылық қызметтегі әйелдердің үлесін бір пайызға арттыру активтердің табысын 14 пайызға, ал капиталды 25 пайызға арттыратынын дәлелдеген. Осы орайда, «біз әйелдерді басшылық қызметтерге тағайындау арқылы, тек гендерлік теңдікті сақтап қана қоймай, табысты арттырудың ұтымды жолын тауып отырмыз», дейді бағдарлама ұйымдастырушылары.
– Бағдарламаға қатысуға еліміз бойынша қорға қарасты компаниялардан басшылық қызметтегі 142 әйел өтініш білдірді. Біз «Самұрық-Қазына» тобының директорлар кеңесі мен бақылаушылар кеңесін қалыптастыру ережесіне сәйкес бір ғана талап қойдық, ол – үміткердің басшылық қызметтегі жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауға тиіс. Қатысушылардың бәрі эссе жазып, тест тапсырды, осылайша іріктеуден 80-і өтті, – деді қордың Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Ғибрат Ауғановтың айтуынша, бірнеше оқу модулінен тұратын курста, нақты бизнес кейстер мен компаниялардың есептері қаралған. Курсты аяқтаған әйел қызметкерлер көшбасшы әйелдер пулына енді. Сондай-ақ олар болашақта «Самұрық-Қазына» тобының директорлар кеңесі мен бақылаушылар кеңесіне мүше ретінде қарастырылады. Бұған қоса 15 әйел мемлекеттік комиссиялардың, ал 10-ы мемлекеттік компаниялардың басқарушы органдарына сарапшы болып енді.
– Курста біз директорлар кеңесінде қалай жұмыс істеу керек, өзін-өзі ұстау, басқару, эмоцияларды қадағалап, оның жетегінде кетпеудің тәсілдерін үйрендік. Коммуникация, ерлермен бірге мәселені шешу дағдыларын да меңгердік, – деді қорға қарасты компания директорының орынбасары Ақмарал Жаубаева.
Қор алдағы уақытта да қажеттілік болған жағдайда жоба ауқымын кеңейтіп, одан әрі дамытуға дайын екендерін айтады.