Әдебиет • 06 Мамыр, 2023

«Қанша үйдің ұрлап адамын...»

495 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Салалы шығармашылығының арна­­лы арқауын соғыс тақырыбымен байла­ныстырған ақындардың бірі де бірегейі, жыр тұлпары, ұлттық поэзияның классигі Сырбай Мәуленов болды. Соғысты көріп өскен ұрпақтың шығарма­шы­лығының қайнар көзі майдан жылдарының азабы мен қасіреті болса керек. Бар болғаны 18 жасында Отанын қорғауға аттанған Сырбай ақынның майдан тақырыбына жалынды жыр арнауы заңдылық.

«Қанша үйдің ұрлап адамын...»

Соғыс тудырған майдангер-қаламгерлер – соғысты көзімен көрген, қып-қызыл өрттің ішінде қан кешкен, өмір үшін жан берген жекелеген батыр тұлғалар, өрісі ерек шығар­машылық буын. Майдан даласына алдымен аттанып, атылған оқ, жарылған бомба, мүңкіген мүрделерді кешіп жүріп Ленинград тү­бінен жараланып қайтқан жауынгер ақын соғыс тура­лы шындықты толассыз жырлап өтті. Ақынның ғана емес, жалпы қазақ поэзиясында соғыс тақырыбына жазылған жырларды еске алғанда, жадыға алдымен оралатыны С.Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңі.

«Жаутаңдап қарап дала тұр

Көз жасын сүртіп жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға,

Жолыңды тосып ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар?»

Адам қаны су болып аққан соғыс өмірінен жазылған өлең болса да, гуманизм идеясын, қазақы болмысты сақтап жазылған өлең. Үш шумақ өлеңде бүкіл соғыстың трагедиясы тұр. «Көрдің бе ұлын ананың?», «Көрдің бе жарын арудың?», «Көрдің бе оның көкесін?» деген риторикалық сұрақ қайталанып келіп отырады. Шын мәнінде, бұл сұраққа ешкім жауап бермейді. Өйткені ол сұрақ белгісіз солдатқа арналған. Ұшты-күйлі жоғалып кеткен жауынгер мүрдесінің қайда қалғаны белгісіз. Қан майданға аттандырып, артында аңырап қалған ананың, қара қағаз алып қасірет шеккен жар қайғысын, әкесіз өсіп келе жатқан жетімектің обалына жауапты кім бар? Бойды шарасыздық билеп, оқыған сайын көзінің алды буалдыр тартып, қанша қайраттылық танытса да, жанарын дымдап, ер мінезімен егіліп оқитын аға буын алыс­тап, оларды соғыс қасіретін сезінбейтін жаңа буын алмастырғанымен, жалпылама алынған бір отбасының қасіреті жүрегін шымырлатпай қоймайды. Себебі Сырбай ақын соғыс драмасын артық пафоссыз, қазақ танымнан туған қарапайым ой өрнегімен тарқатады. Бұл жеке адамның қайғысы емес, соғыс салған зардап, соғыстың қайғысы. Жауыздықтың құрбаны болып, піл сауырлы қара жердің құшағын толтырып көз жұмған жазықсыз ерлер мен жалпы жұрттың, елдің құсасын көтерген шынайы жыр. Жылдар өтсе де жанға салған жарақаты жазылмайтын зұлматты жырлаған ақын туралы «Сырбай – классик» деген мақаласында: «Сырбайдың көзін ашып көргені әскери өмір, Ұлы Отан соғысының қанды қырғыны екені белгілі. «Әскери өмір менің өмірімнің мектебі болды» деп оны да өзі де айтқан» дейді.

С.Мәуленовтің әр жолына­ өксік тұн­ған осы өлеңін оқыған сайын поэзияның құнарын байытқан қасиетіне тәнті бола­мыз. Ақын – жауынгер, ақын – азамат және ақын – лириктің жырлауында соғыс дертінің өзі көңілді маржан секілді арбайды. Оқ жауған аспан астында жүріп, сан мәрте ажал аузынан аман қалып, қалған өмірін әдебиетке қызмет етуге арнаған күнінен бастап өзі үшін ғана емес, соғыста өзі туралы ешнәрсе айта алмай шейіт кеткендердің атынан сөйлеуге Сырбай ақынның толық хақы бар. Осы шақта өмір сүріп отырып, өткен шақтың тра­ге­дия­сын келешектің үмітіне жалғап отырып жырлау терең азаматтық сезімнен ғана туады.

Соғыс ескі кезеңнің елесі десек те, бол­ға­ны­мен­ ерлік туралы сөз қозғалғанда, жайбарақат қарай алмайтын адамдар болады. Соғыс жыл­да­рының шындығы туралы сөз қозғалғанда алдымен рух оянады. Жас күнінде майдан даласында етігімен қан кешкен ақын ғана бүгінгі күннің оқырманына нағыз шындықты дәл осындай деңгейде жеткізе алады.

Алып мемлекеттен енші алып бөлек шыққан кішкентай ұлттарға жарасын тереңірек салып кеткен сол зұлмат соғыстың үні өшіп, «Жеңіс күні» деген ортақ мерекені атап өтіп келе жатқалы сексен жылға жуықтады. Жеңістің 25 жыл­дығы тойланатын жылы Батыс Қазақстан облысының тумасы, әуесқой композитор Темірбек Әбілхатин «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңіне ән жазып, ол 1980 жылдары радио-теледидардан жиі орындалатын еді. Тек мереке күні ғана емес, әскери-патриоттық шаралардың бәрінде, ауыл-ауданның сахналарында үздіксіз орындалып, жасамысты кемсеңдетіп, жас адамның жан-жүрегін шымырлататын еді. Бәрі де шоуға айналған бүгінгі даңғаза-думан, мағынасыз шадыман-шаттықтан ес жия алмай отырған рухани дағдарыс кезеңінде Сырбай Мәуленовтің өлмес өлеңіне жазылған осы әнді еш себепсіз жоғалтып алдық. Мамырдың мамыражай осы күнінде үздіксіз шырқалып жататын ән еді, әттең, не шара...