Іс-шарада Дихан Қамзабекұлы қарымды қаламгердің өнегелі өмір жолына тоқталып, оның қайраткерлік жолы ұлт баспасөзімен біте қайнасқанын ерекше атап өтті.
«Уәлихан ағамыз сексенінші жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бас редактор болған кезінде жеткіншектерге арналған басылым түрленіп, жас оқырмандарын қуантты. Одан кейін «Жас алаш» газетін басқарып, ұлт баспасөзінің дамуына үлесін қосты. Жас журналистерге қамқор болып, қолдау көрсетті. Сондай-ақ «Егемен Қазақстанға» бас редактор болған жылдары еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайы қиын еді. Осы кезде басылым қызметкерлеріне жағдай туғызып, ұжымды елордаға көшіруді ұйымдастырды», деді бас директор.
Жалпы, ардақты азаматтың журналистикада ғана емес, ғылымда да өз қолтаңбасы бар. 1978 жылы «Ақмолла ақынның өмірі мен шығармашылығы» атты кандидаттық, 1999 жылы «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы)» атты докторлық диссертация қорғады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болған жылдары елеулі ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Парламент Мәжілісінің ІІ, ІІІ, ІV шақырылымдарының депутаты болды. Аудармашылық шығармашылығы да белгілі.
Жиын соңында сөз алған Уәлихан Қалижанұлы құрмет көрсеткен бас басылым ұжымына ризашылығын жеткізді.