Төтенше жағдай • 08 Мамыр, 2023

Мерекеде берекесі қашқан аудан

1207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел-жұрт «Отан қорғаушы» күнін атап өтіп жатқан тұста Петропавл қаласында төтенше жағдай болды. Қаладағы тұрғын үйлердің маңайынан тұтанған қызыл жалын ондаған тұрғынды ғана емес, өрт сөндірушілерді де біршама әбігерге салды. Соңғы күндері қалада аңызақ жел көтеріліп, өрт қаупі анағұрлым артты. Ақырында сол жел қаланың «Береке» шағын ауданының шетіндегі қаңсып тұрған қалың қамысқа түскен отты аз уақыттың ішінде 9 үйдің астан-кестенін шығарған алапат өртке ұластырды.

Мерекеде берекесі қашқан аудан

Дабыл өрт сөндіру қызметіне 18 сағат 57 минутта түскен. Өрттің негізгі ошағы «Сенная база» көшесіндегі бесінші үйдің қасында болған. Кезінде, Петропавлдың ет комбинатына әкелінетін мыңдаған мал бірнеше күн тұрып қалғанда қазір үйлер салынып, көшелер пайда болған осы жердегі базаларға қамалып, маңайындағы үйілген шөппен қоректендіреді екен. Базаның маңы саз болатын. Ол ерте көктемде боржып, қидың иісі бүкіл қаланы алып кететін еді. Қазір бәрі құп-құрғақ, тек тартылған батпаққа қалың қамыс өскен болмаса...

Секундына 23 метр жылдамдықпен соққан сойқан жел қамыс өртін маңайда ағаштан салынған жекеменшік үйлерге қарай ойыстырып, жалын аумағы ұлғайып кетті. Тілсіз жау әп-сәтте жеті тұрғын үй мен адам тұрмайтын екі құрылысты, сондай-ақ «Сервис Вектор» ЖК гаражын шарпып, 540 шаршы метрге дейін жайылған. Сонымен бірге маңында тұрған 3 автобусты да өрт шалды. Жедел жетіп, жіті қимылдаған өрт сөндірушілер мен оларға болысқан кейбір тұрғындар 40 адамды өрттен аман алып шықты. Соның ішінде – 9-ы жас бала.

Өртті сөндіруге облыстық ТЖД «Өрт сөндіру қызметі және апатты-құтқару жұмыстары» басқармасының барлық құрамы және оларға қоса Оңтүстік-Орал теміржолының әскерилендірілген өртсөндіру командасы, «Қызылжар су» кәсіпорыны, жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру қызметтері, денсаулық сақтау қызметінің адамдары қатысты. Полиция департаменті құрамынан 137 адам мен 28 техника өрт сөндіруге атсалысты. Өрттен шошынған тұрғындарға психологиялық көмек көрсету іс-шаралары ұйымдастырылды. Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың өзі бастаған жедел штаб құрылды. Ол зардап шеккен үйлердің тұрғындары 25 мектептегі эвакуациялық пунктке уақытша орналасқанын айтты. «Тұрғындар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді. Өрттен зардап шеккендермен кездестім. Арнайы комиссия құрылды. Тұрғындар уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі», деді облыс әкімі.

Өрт 21 сағат 55 минутта толық сөндірілді. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ, күйік шалғандар да тіркелмеді. Алайда аяқасты лаулаған өрт тұрғындарға құрғақ жел соққан күні от тұтатудың өзі орасан қатер екенін естен шығармау керектігін тағы бір мәрте ескертіп өткендей болды. «Мамыр шықты» деп масаттанған жұрт төрт күндік демалыста таза ауаның төсінде өткізуге құмар. Ондай кезде жұрттың бәрі от тұтатуға әуес. Сондықтан әрбір төтенше жағдай бізге сабақ болып, барынша сақ болу керектігін естен шығармауға үйретеді.

 

ПЕТРОПАВЛ