Инфляция • 08 Мамыр, 2023

Инфляцияны есептеу құралдары толықты

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросы инфляцияны есептеу үшін пайдаланылатын деректерді жинаудың балама құралдарын таныстырды. Жаңа әдістер фискалдық чектер мен мобильді қосымша арқылы жинақталған деректер көмегімен өсімді не түсімді бақылауға мүмкіндік береді.

Инфляцияны есептеу құралдары толықты

Қазір тіркеуші мамандар тексерілетін объектілердегі тауарлар мен қызметтердің бағасы бойынша деректерді қағаз журналға жазбаша енгізіп жүр. Олар ай са­йын шамамен 500-ден ас­там тауардың бағасын ба­қылайды. Ал статистиканы жаңаша қалыппен түзу жеделдікті қамтамасыз ет­пек. Ұлттық статистика бюросының басшысы Жан­­дос Шаймардановтың сөзінше, мобильді қо­сым­ша шығындарды оңтай­ландыруға және деректер сапасын арттыруға жол ашады.

«Біз таныстырып отыр­ған қосымша бағаны тіркеп қана қоймай, өнімнің штрих-кодын сканерлеп, тіпті оның суретін де түсіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ объектінің орна­ласқан жерін растап, деректерді онлайн тәртіпте жедел жібереді. Қосымша жұмыс тәртібін жеңілдетіп, деректерді өңдеу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді», дейді.

Бүгінде бюроға пилот­тық тәртіпте апта сайын фискалдық операторлардан сатып алынған тауарлар мен қызметтер бойынша шамамен 100 млн жазба келіп түседі екен. Оның ішінен тауар позицияларының 53 түрі бо­йынша шамамен 10 млн жазба талданады. Онда барлығы 12 мыңнан астам бақылау-кассалық машинасының деректері ескеріледі. Демек, жаңа­шылдық тауарлар мен қыз­меттердің бағасын талдау мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. 

«Деректерді жинау әдістерінің дәлдігі мен сенімділігін үнемі артты­руға тырысамыз. Ең маңыз­ды міндеттердің бірі – фискалдық чектер сияқты балама көздерді пайдалану. Бұл әдісті Бельгия, Швеция, Швейцария және басқа да Еуропа елдері қол­данады. Біз де осы жоба­ны іске асыруға кірі­сіп, Халықаралық валюта қорының сарапшыларын жұмысқа тарттық. Мәлі­меттерді есептеу үшін фис­калдық ақпарат Қаржы министрлігінде жиналады, содан кейін әзірленіп жатқан каталогке сәйкес сұрыпталып жіктеледі. Сәй­ке­сінше, чектердегі тауар­лар тізімінен тұты­ну­шы қоржынының құ­ры­лы­м­ындағы өнім­дер­ді ажыратып алу оңтайландырылады», дейді Ұлттық статистика бюросы баға департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.