Әлі есінде сол жүрегін еліктірген сәттерін түннің бір құс ұйқысының арасында былайша қағазына түрте салған: «Ол кісімен сәлемдесіп үлгергенше ішкі жақтан жеті-сегіз жасар нәзік қыз бала мен бес-алты жасар балпанақтай ұл бала жүгіре шығып, екеуі екі жақтан әкелерінің мойнына асылды. Қыз бала әкесінің кеудесіне басын тигізгеннен кейін кері шегініп кетті де, ұл бала әке мойнына асылып тұрып алды. Есімдері Салтанат, Қасым-Жомарт екен».
Сол жолы Кемел екеуі біраз сыр шертіскен. Бір қабырғаны алып тұрған сөрелердің төменгі қапталынан «Тасқын» деген кітабын суырып, былайша афтограф жазып беріп еді: «Әзілханға – Әзілхан досқа! Кемелден. 20.02.1959 жыл, Алматы». Өзінің есімі екі рет қайталанғанына көз қиығын салып үлгерген ол, аса қуанып, кітапты сипалап, емірене мұқабасынан сүйген. Шыдап тұра алмайды, сүймесе сабасына түспейтін ғадеті. Енді, міне, орталары үшінші доспен толыққандай боп, масайрай жөнелсін. Досын сағынғанда, сол кітап арқылы мұңдасатын...
Сыртта қылаулаған қарға беті-жүзін қытықтатқан Әзілхан, сайланып тұрған көлікке мінбей, қасына тілші іні-досын ертіп, Есіл жағалауын жаяу аралауға бейілденіп, алға түсе, томпаңдай тартсын...
Маңайындағы табиғат таңғажайыптарын құмарта сімірген Әзілхан, бәрібір ілкідегі кездесуден кейінгі сезімін тежей алмай, өзімен-өзі боп, қар лақтырысып ойнаған баладай құнтыңдап, сыртын бермесе де ішкі құпиясына малынып, сөз шығармай, үнсіз жүріп алды. Өтті дәурен деген сол! Кемел досының 1942 жылы майданға аттанып, Сталинград үшін жан берісіп, жан алысқан тозақтағы ерлігін көмескіленген қоламтадан қайта жылтыратты... Сталинград шайқасының өзі екі кезеңнен тұратыны белгілі. 1942 жылдың шілдесінен қарашаға дейін қорғаныс кезі болса, 18 қарашадан 1943 жылдың 2 ақпанына дейін шабуыл алапаты асқындады. Сондай өмір мен өлімнің кезекті жекпе-жегі тұтанар тұсында VІІ гвардиялық дербес танк полкі құрылып, оған батальондардан таңдаулы автоматшылар десант ретінде жіберіледі. Солардың ішінде Кемелге де айрықша сенім артылып, ол автоматшылар бөлімшесінің командирлігіне тағайындалды. Кескілескен ұрыстарда батыр қазақ бабаларына ұқсап, жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Талай жауынгерлік тапсырмаларды жүрек жұтқандықпен орындай білді. Оның майдандағы асқан жаукештілігі әрдайым марапатталып отырды: І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалін өңіріне тақты.
Қиямет-қайым соғыс зәнталағынан ауыр жараланып, әр алуан госпитальда емделгенімен, шипасы дарымай, 1943 жылы әскерге жарамсыздықтан елге оралды. Сол жылдың күзінде Алматыға келіп, университетке оқуға түскен еді. Екеуі алғаш сонда бір факультетте танысып, Кемел – журналистика, өзі – тіл-әдебиет бөлімі дәрісханаларынан табылды. Көз майын тауысардай білімге құныға бас қойды. Шүкір, екеуін де кейін қазақ елі жыға таныды, тағдыр сыйлаған таланттың арқасында жазушылық биікке көтерілді. Басқаларын айтпағанда, Кемелдің «Солдат соғысқа кетті» деген романы автордың даңқын шығарды. Бұл кітап 450 мың данамен басылған еді. Сол кездегі қазақ әдебиетінің соғыс тақырыбындағы шоқ жұлдызындай болып, әр оқырманның жүрегіне отансүйгіштік рух дарытуымен құнды еді.
Әрине, Әзілхан өз досы Кемелдің жазушылығын ойша жүлгелегенде кеңес чекистері тақырыбына арналған 10-нан астам кітабын, осынша қыруар еңбектің арқасында қазақ әдебиетінде бұрын болмаған детектив жанрының атасы атанғанын, осы тыңнан сүрлеу салған тамаша шығармалары үшін жеке-дара – 4 мәрте лауреат атанғанын, сондай-ақ «Қызыл комиссар», «Қылмыскер» пьесаларымен драма саласын өркендеткенін мақтанышпен баяндар еді-ау. Дегенмен алға озып, бір өкініштің пұшпағын шығарсақ, Кемел Тоқаев досының биылғы жүз жылдығына орай «Ана тілі» баспасынан жарық көрген 5 томдық шығармалар жинағын Әзілхан Нұршайықовтың көре алмағаны дер едік.
Арқаның шыңылтыр аязы бетін жеңіл өпкен Әзілхан өзіне тән шымыр жүрісіне салып, Есіл бойын адақтамай қоймайтындай, екпіндей келді де, жағалаудағы қылышын көкке көтере қаһарланған Бауыржан қаһарманына жетіп, бір-ақ кідірсін. «Ассалаумағалейкүм!» деп ескерткіш-тұлғасын қол жеткен жерінен қос қолымен аялай сипалады. Бұршақ жасы төгіліп, лезде мұз боп қатты...
Бауыржан мұндайда «үнсіз» қала ма? «Соғыс солдаттарын ұмытпағаныңа мың алғыс!» дегендей, мұртын «жыбырлатып» алып, әлдене талаптарын қоя бастағандай... Сыралғы ағасының «ымын» түсінетін Әзілхан басынан бөркін алып, иілді де Кемелге қатысты әлгіндегі ой желісін тарқата түсті. Мұнысы ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайтынын әскери қолбасшыға тағы бір рет дәлелдемек күйдегі талпынысы болатын.
Әзілханның әлі есінде, бір жолы Жеңіс күні қарсаңындағы серуендеу сәтінде, Кемелге жауынгер достарын қаншалықты елеп-ескеретінін сұрағанда ол, Алатаудың өзгеше сүйрік өркешіне жанарын қадай: «мен сол майдан даласында мерт болған жауынгер жолдастарыммен күнде бірге жүргендей күй кешемін», демесін бе? Әзілхан бұл сөзге қатты нанады... Өз басындағы сейілмейтін мұң ғой.
Кемел айтқан мына қасіретті көрініс көз алдынан кетпей жүр. Виктор Акимов деген қарулас жолдасы кескілескен ұрыста қатты жараланып, оны плащ-палаткаға орап кейін қарай әкеле жатқанда ол: «Мені мамам сағынатын болды-ау!» деп, жантәсілім етіпті. Осы сөз құлағының түбінен күнде күмбірлейді екен. Солдат жанайқайын жеткізгенде Кемелдің көзінен мөлдір тамшылар жылыстай түсіп еді...
– Мен саған мынаны айтайын, – деді Әзілхан жетегіндегі жасамыс тілшіге.– Соғыста болмағандар дос қадірін жете түсінбейді. Шамданбаңдар! Шындық осы! – Ол сәл ойланып, Баукең жүзіне телміре қарады да сөзін жалғады.– Кемел аса адамгершілікті кісі еді. Достық пен жолдастықты биік бағалайтын. Жан-жарына адал, балаларын жанындай жақсы көретін. Оның үстіне ол барып тұрған интернационалист еді. Ешқандай мақтануды білмейтін. Ешкімді жамандап сөйлеп, мінеп мақала жазған емес.
...Әзілхан мен Кемел! Достық уақытқа бағынбайды.
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері