Президент • 09 Мамыр, 2023

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

433 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Қымбатты отандастар!

Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – еліміздің тарихында айрықша орны бар мереке. Сондай-ақ бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен аға буынның жанқиярлығын, қажымас қайраты мен ерік-жігерін әйгілейтін мейрам. 

Сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыз қайсарлық пен қаһармандықтың теңдессіз үлгісін танытты. Майданға аттанған жауынгер­леріміздің тең жартысы ұрпақтың болашағы  үшін жанын пида етті.

Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Олар ел басына күн туғанда халқымыздың жұдырықтай жұмыла білетінін ерен еңбегімен дәлелдеді.

Соғыста опат болған боздақ­тарымыздың рухына тағзым етіп, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз.

Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жеңімпаз аға буынға қарыздармыз. Олардың өшпес ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Майдангерлеріміз жан аямай қорғаған азат­тық, әділдік, теңдік құндылықтары Әділетті Қазақ­стан үшін де мызғымас темірқазық болып қала береді. 

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Ардагерлеріміз аман болсын!

Жеңіс күні құтты болсын!