Қоғам • 10 Мамыр, 2023

Солтүстік Арал ескерткіштерін зерделеген

543 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде тарих ғылымдарының докторы, археолог-этнограф Рахым Бекназаровтың «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Солтүстік Арал бойы қазақтары» монографиясының тұсаукесері өтті.

Солтүстік Арал ескерткіштерін зерделеген

Ғылыми еңбекте қазба жұ­мыс­тарының деректерімен қоса, мұрағаттық құжаттар мен­ ел ішінен жиналған этно­гра­фия­лық материалдар да пайдаланылды. Монографияда Ырғыз, Қобда, Торғай алқабы, Мұғал­жар қыраты, Ембі, Темір,­ Ор, Қарабұтақ өзендері жаға­лауы, Үстірт бойы, Құланды, Борсыққұм құмдары, Аралға шектес Қарақұм атырабы, Қостанай және Орынбор облысының шекаралас аудандары, Нұратау бойындағы археологиялық зерттеу жұмыстары арқау болды. Бұл игі істің басы-қасында белгілі археолог ғалым Серік Әжіғали жүрді. Оның жетекшілігімен жүргізілген тарихи сәулет ескерт­кіш­терін зерттеуге Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік универ­си­теті тарих факультетінің оқы­ту­­­шылары мен студенттері де қатысты. Ақтөбелік археологтер ең алғаш рет 1987 жылы Сергей Гуцаловтың жетекшілігімен қола дәуірінің обасына қазба жұмыстарын жүргізді. Содан бастап жергілікті археологтер жыл сайын жаз бойы далалық экспедицияға шығуды дәстүрге айналдырды.

явап

 Солтүстік Арал бойы ескерт­кіш­теріне аталған теңіздің сол­түстік жағалауынан бастап Мұғал­­жар тауының шығыс жақ бө­лігі, Орынбор шекарасына де­йінгі аймақтағы ескі қоныстар, мешіт-медреселер орны, саға­на­ тамдар, құлпытастар, діни ғұрып­тық нысандар кіреді. Солтүстік Арал бойының батысында Үстірт, шығысында Тұран алқабы, оңтүстігінде Мұғалжардың батыс бағыты –Орал беткейі орналасқан.

 «Солтүстік Арал бойы қа­зақ­­­тары ХІХ ғасырда Ресей­ им­­перия­сы ықпалына кірген­нен­ кейін үлкен дағдарысқа ұшы­ра­ды. Дәстүрлі мал бағу жүйесі бұ­зыл­ған соң ұлтымыздың көш­пелі тұрмыс-салтына ауыр соққы жасалынды. Сол кезең­нен бас­тап қазақ рулары сол­түстікке жылжыған са­йын бірте-бірте жарты­лай­ отырықшылыққа көшіп, ақы­ры­ толық отырықшылыққа ауыс­ты. Қазақтың дәстүрлі шаруа­шы­лығының күйреуінің ақырғы нүктесі – 1931-32 жылдардағы ашаршылық. Ашаршылықтан кейін көшпелі шаруашылық тоқтады, бірақ көп­теген қазақ отбасында көшу дәс­түрі­ сақ­тал­ды. Мәселен, бала кезі­міз­де­ әжеміз көктемде сарайдан киіз­­ үйді шығарып, кептіріп, уық­-керегелерін майлап, бас­құр­ла­рын жайып құратын. Жаз бойы сонда тұратынбыз. Әжем сиыр малын «пұшық, сасық» деп менсінбейтін. Бұрын бие мен інген сауып, шайға түйенің сүтін ғана қататынын айтып отыратын. Отырықшылыққа ауысқан қазақ отбасының қорасына сиыр малы кірді, дастарқанына нан, шай қойылды. Бұл тұрмыстағы ұсақ-түйек болып көрінсе де, мұның ар жағында жаз жайлауы мен қыс қыстауынан айырылып, өрісі тарылған, бұрынғы сән-салтанатынан ажырап, күйі кеткен қандастарымыздың тағдыры жатыр. ХІХ ғасырдың соңында көшпелі мал шаруа­шы­лығынан айырылған Солтүстік Арал қазақтары Бұхара, Хиуаға баратын керуендерге жалдана жүріп сауданы үйренді», деді Р.Бекназаров.

 Өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай тарихшылар қазақтың ертедегі көш, керуен жолдарын зерттеу керек дейді. «Солтүстік Арал бойы термині патша өкіметінің жерімізді әкімшілік бөліністерге бөліп, «көлденең кесуі» нәтижесінде қалыптасты. Отарлаудың мақсаты – қазақтың көшпелі мәдениетін тежеу болатын. Бұл жөнінде Телжан Шонанұлының 1926 жылы Таш­кент­те жарық көрген «Қазақ жер мәселесінің тарихы» еңбегінде 1822 жылдан бастап қазақ даласын «көлденең кесу» салдарынан қазақ руларының көш жолы қалай тежелгенін ашық көрсеткен. Мәселен, ХІХ ғасырда алтын, жаппас руларының көш жолы жазда Түменге дейін созылып, кері қайтқанда Солтүстік Аралды басып өтіп, қыстауға Қаратауға келген. Әлім, шөмекей рулары жаз бойы Жаманқаланы (қазіргі Орск) жайлап, малын қыстатуға Әмудария бойына дейін барған. Р.Бекназаровтың монография­сын­да болашақ этнограф ғалым­дар үшін тың ұсыныстар айтыл­ған және облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау инспекция­сы мамандарының 1994 жылдан бастап ескі мешіт-медреселер, қорымдарды зерттеу жұмыстары да кірген. Сол жылдары жеті аудан аумағындағы тарихи орындар облыстық, республикалық маңызға ие, қорғалуға тиіс ескерткіштер санатына енгізілді», деді Б.Мырзабай.

 Қ.Жұбанов атындағы Ақтө­бе­ өңірлік университеті тарих факуль­тетінің оқыту­шы­сы Дәулет Әбенов елі­міз­дегі далалық сәулет ескерт­кіш­терін бұрын Жанша Сей­далин, Мұхамедсалық Баба­жа­нов, Ыбырай Алтын­са­рин, Жозеф-Антуан Кас­танье, Әл­кей Марғұлан, Мал­ба­ғар Меңді­құлов, Алан Ме­доев барынша зерттегенін айта ке­ліп, бүгінгі Қазақстанда ескерт­кіштанушы ғалымдар санының онша көп еместігіне назар аударды. Отарлау саясаты тұрғылықты халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық мінезін толық зерттегеннен кейін ғана іске асырылатынын айта отырып, осы еңбектің тарихшылар­ ғана емес, философтар мен әлеу­меттанушылар үшін де маңыздылығын атап өтті. «Мұн­да­ болашақ сын-қатерлерге төзім­ді ұлт тұжырымдамасын жасау үшін де пайдалануға тиіс тың ойлар бар», дейді Д.Әбенов.

 Айта кету керек, биыл жазда Ақтөбе және Орынбор облыс­тарының шекаралық аумағындағы қазақтардың мемо­риалды, халықтық сәулет өнер ескерткіштерін зерттеуге экспедиция ұйымдастырылады.

 

 Ақтөбе облысы