Мереке • 10 Мамыр, 2023

Ақжайықтағы Жеңіс мерекесі

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1941-1945 жылдар аралығында Ақжайық өңірінен 76 мың азамат майданға аттанса, олардың 36 мыңы сол қырғында қаза тапқан екен. Жау әскерінің табаны қазақ жеріне тимесе де, соғыстың алапат өрті Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Бөкейордасы аудандарын шарпып өтті.

Ақжайықтағы Жеңіс мерекесі

Сталинград шайқасы кезінде фашист ұшақтары қазақ жеріндегі Жәнібек, Сайқын, Шоңай темір­жол стансаларын бірнеше мәрте бомбалап, бейбіт тұрғындар да қаза тапты.

– Біздің өңір соғыс кезінде майдан шебіндегі аймақ ретінде Жеңіске зор үлес қосты. Майданда аталарымыз жаумен алысса, тылда аналарымыз аянбай еңбек етті. Сол бір қиын кезеңде арын – бай­рақ, намысын – найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті жеңіс күні адалдық пен еліне деген жан­қияр­лықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз! – деді Ба­тыс Қазақстан облысының әкімі Нари­ман Төреғалиев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде.

Мерекелік жиын облыстың барлық аудан-ауылдарында өтті. Облыс орталығының өзінде екі апталық іс-шаралар тізбегі жоспарланып, кең көлемде атқарылды. Жиылған қауым Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, соғыс жылдарында қаза тапқан жауын­герлердің рухына тағзым етті.

Жеңіс күні Орал қаласында Мәншүк, Әлия және Хиуаз бейнеленген «Қазақ халқының даңқты қыздары» ескерткіші алаңына, Кеңес Одағының Батыры Темір Масин ескерткішіне және «Ол күн­дердің даңқы өшпейді» мону­ментіне гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ соғыс кезінде Орал қаласында болған әскери госпиталда қайтыс болған жауынгерлер жерленген «Бауырластар зиратына» да тағзым жасалды.

Мерекелік іс-шаралар аясында атқарушы билік өкілдерінің тыл ардагерлерімен кездесуі, көзі тірі соғыс ардагерлерін өз үйіне ба­рып салтанатты түрде құттықтау іс-шаралары өтті. Тасқала ауданында «Азалы ана» монументі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының ардагерлері арасында вокалды топтардың «Майдан әндері» атты облыстық ән бай­қауы өтті. Қазақ күресі, аударыспақ, теңге ілу, ұзақ қашықтыққа жүгіру, аламан бәйге, тай жарысы, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар, жасөспірімдер арасында көгалдағы хоккей турнирі, каратэден (WKF) Кеңес Одағының Батыры М.Мәметованың еске алуға арналған «Aqjaiyq Open» халықаралық турнирі секілді көптеген спорттық сайыстар да ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бүгінде Батыс Қазақстан облысында 16 соғыс ардагері қалды. Олардың 13-і Орал қаласында тұрады.

 

Батыс Қазақстан облысы