04 Маусым, 2010

ӘКЕ ЖОЛЫ ҰЛЫНА ҮЛГІ БОЛҒАН

1334 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Адамдық айнасы Төңірегіңе көз салсаң, бір жылың, бір жылыңа ұқсамайды. Заман өзгеріп, қоғам жаңарып, ұрпақ алмасып жатыр. Осы қым-қуыт тірлік құлан қуғандай күй кештіріп, кейде жан-жағыңды барлата бермейтіні бар. Жас дегенің жасамыс тартып, жасамысың бір белестен асып, шіркін уақыт-ай, деп отыратынын қайтерсің. Мұндайда тақыл-тұқыл емес, жаныңды түсінетін жақсы адамның қасында жүрсең, ел бірлігін, ағайын татулығын, сөздің бүтіндігін ойлайтын көңілі кең, ойы тұнық ондай кемел адамның көлеңкесінің өзі жүрегіңе жылу, жаныңа сәуле құяры анық. Ондайда өкінішің кем, жүрер жолың кең болады екен. Тіпті ақыл айтар ағаның, мейірімі мол ананың, ізеті ерен інінің жөн-жосығы бөлек тұратыны рас. Кейде сондай жанды ауылдан, қаладан іздеп сабылатынымыз бар. Көре алсақ, тап басып бағалай білсек ондай дарақы емес, дар­қандар төңірегімізде баршылық-ау! Тек қай-қайсымызда қам­шы­ның  сабындай қысқа өмірге қонақ еке­німізді ұғып, пенделіктен ары­лып, жақсылыққа бой ал­дыр­сақ, ойлы-қырлы тірлік түзең жолға ұласпақ. Арғы-бергі тарихқа қарап отырсаң, ата-бабаларымыз кеңдіктен кең болмапты. Қырық құбылған дү­ниенің толқыған көлін де, ке­не­зені кептірген шөлін де, құйын үйір­ген желін де көріпті. Бірақ қырмызы қызығы, жияр дәулеті азаймапты. “Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – аға­лар, артқы толқын – інілер” деп Абай айтпақшы, осы мақалаға ар­қау етіп алып отырғанымыз, бір әу­лет­тің, яғни әкелі-балалы аза­мат­тардың өткен жолы, кешкен өмірі еді. Әкесі өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы алапатты, одан кейінгі сұрапыл соғысты бастан кешірсе, баласы одан кейінгі жылымық кезеңдерде, ту көтеріп ел болған, еңсе тіктеген қазақтың дамуына өз үлесін қосып келеді. Алғашқы сөзді әкеден бастар бол­сақ, Жұман Қожағапанов әке­ден ерте айырылыпты. Қар­ша­да­йынан еңбекке араласыпты. Қарағанды шахталарында жұмыс істеп, қуғын-сүргін басталғанда бай­дың тұқымы деген атты ар­қа­лап, біраз жұрттың көзіне түрткі, кеңірдегіне тас болып тығылыпты. Ендігі жерде бұл азаптан құ­ты­лудың бір жолы – елден кету деп түйген ол, анасы Көшжанды ертіп, Қарқаралы, Шұбартау арқылы Аягөзге бет тү­зейді. Жаттың өзін жақын, алысты бауыр ететін қазақы қасиет ана мен баланы пана көріп келген жұрт құшағына басады. Қағылез жігітті Аягөз аудандық халық депутаттары атқару комитеті қызметке алады. Аумалы-төкпелі дәуірдің құйыны мен желін, құйқылжыған демін, мың құбылған түрін барлап қалған жігіт тура жолдан таймай, әділдікті темір­қазық етіп ұстайды. Өзінен бұ­рын халықтың қамын, жұрттың жағдайын ойлап, қиналғандардың қасынан табылады. Жылағанды жұбатып, құлағанды орнынан тұрғызады. Ойы зерек, көңілінің көк­жиегі кең Жұман солайша еліне қалтқысыз қызмет етуге талпынады. Бірте-бірте Аягөз аудандық халық депутаттары атқару комитеті төраға­сының орынбасары қызметіне жо­ғарылатылады. Аудандағы би­лік­тен ауылдағы тірлікті жұртпен ті­келей араласып жүріп атқаруды қо­лайлы көрген Жұман “Орақ-балға” колхозын басқаруға бел буады. Зұл­мат жылдардың ызғары енді-енді сейіле бастаған еді. Халық үрейден ес жиіп, ортақ іске ден қоя бас­та­ған. Бірақ әлемге өз билігін жүр­гізуге ұмтылған арам пиғыл, ба­қас­тық, бақталастық, кім күшті деген кісімсіну сол әдемі шуақты көп көр­гендей сұрапыл соғысты бастап, ел тағы үрей құшағында қалады. Отан деген рухты сөз – үрейді үм­іт­ке жеңдіреді. Ер азамат майданға ат­танып, қалған жұрт жігерін жа­нып, тыл тірлігін қолға алады. “Намыс ерлікке жеткізеді, ерлік ел­дікке жеткізеді” деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, намысты ту етіп, елдікті ерлікпен сақтап қалуға ұмтылған миллиондардың бәрі де қаһарман еді. Бейбіт күннің дәмін татып, жақсылығын көріп жүрген біздер олардың алдында қарыз­дар­мыз. Рухына дақ салмай, атын әспеттеу борышымыз. Жұман Қожағапанұлы Свердлов қаласындағы әскери-саяси мектепте соғыс тәсілдерін меңгеріп, екі жыл майдан шебінде болады. Жан алып, жан беріп жүргенде ауыр жа­ра­ланып, 1943 жылдың аяғында елге оралады. Колхоз төрағасы, пар­тия ұйы­мының хатшысы қызметтерін атқарады. 12 жыл бойы “Таңсық” мәшине-трактор стансасының ди­ректорлығы қызметі жүк­телг­ен­нен кейін ол қызу жұмысқа кіріседі. Қазақстан Орталық комитетінің хатшысы К.Пономаренкоға, Үкімет төрағасы Е.Тайбековке, Ауыл шаруа­шылығы министрі Г.Мель­ник­ке арнайы хат жазып, өзі бас­қарып отырған шаруашылықтың аудан­нан 120 шақырым, облыс ор­та­лығынан 450 шақырым екенін ай­тып, жол жөндеу, құрылыс салу, аза­ма­ттарды тұрғын үймен қам­тама­сыз ету, жастарға қамқорлық көр­сету мә­се­лесін қоз­ғайды. Іскер басшының бұл тілегіне жо­ға­ры­да­ғылар назар аударады. Өс­тіп жүріп со­ғыстан ке­йінгі ауыр кезеңде ауыл­дың өрісін кеңейтіп, өркенін өсіреді. Оның майдандағы ерлігі, бейбіт күндегі еңбегі туралы онымен тай-құлындай тең өскен замандастары ағынан жарылып, әңгімелейді екен. Біз Жұманның атын тура атамай Жүкең, Жүке деуші едік. Ол ауы­лы­мыздың ұйытқысы, ата-баба­ла­рымыздан қалған салт-дәстүрдің алтын діңгегі еді. Еңбегіңді бағалап, еңсеңді көтеретін. Жүкең бас­шы­лық­та жүргенде механизатор Б.Қал­дыбекова Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Облыс дәрежесіндегі құрметке бө­лен­гендер тіпті көп еді. Б.Әбжанов Еңбек Ері атанып, абыройымызды асырды, дейді Ұлы Отан со­ғы­сы­ның және еңбек ардагері А.Құл­шанов. Ал тағы бір соғыс ардагері Иген Саметеев те Жұманның жақсы істерін алға тартқан. Есіл ердің сұрапыл соғыстағы ерлігі үшін алған атақ абыройы, бас қолбас­шы­дан көрген сый-сияпаты, бейбіт күндегі адал еңбегі еленіп, “Еңбек қызыл ту”, “Құрмет белгісі” орден­дерін омырауына тағуының өзі неге тұрады, дейді ақсақал жүрекжарды сөзін бүкпей ортаға салып. Осы арада Ұлы Жеңістің 65 жылдығына байланысты таңсық­тық­тар Жұман Қожағапановтың атын есте қалдыру мақсатында бір игі­лікті іске ұйытқы болып отыр­ғанын айта кетуіміз керек. Ол бүкіл саналы ғұмырын осы ауылдың өсіп-өркендеуіне арнаған Жұман Қо­жағапановтың атын жаңғырту, яғни Қожағапанов атындағы Таңсық ауылы деп атау туралы байламдары бар. Ауылдастары мынандай уәжді алға тартады. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары құрылған МТС-тың атауы Таңсық болыпты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Тарлаулы елді мекені делініп келген. Тарлаулы ауылдық округі атын өзінде қалдырып, ұмытылып бара жатқан Таңсықты жаңғырту жөніндегі жұрттың пікірін аудандық мәслихат қолдап, Шығыс Қазақтан облыстық мәслихаты мен әкімдігіне ұсыныпты. Бұл оң шешілсе, Отан соғысына қатысушы бір ғана ар­дагерге емес, оның өзге де замандастарына көрсетілген құрмет болар еді, дейді Таңсық жұрты. Таңсық ауылының азаматтары “Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады, қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қыл­­са, ха­лық­­тық мақ­сат сонда ор­ын­да­лады”, деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, береке бірлігі жарасқан ауылына Жұманның ұлы Тоқтарханның жасаған қам­қор­лығына ерекше риза. Шынында, әркімнің туған жері алтын бесік. Жасыраты жоқ нарық заманы кімге де болса ауыр тиді, әсіресе ауылдың жағдайын қиындатып жіберді. Жабайы жекешелендіру кезінде небір ғимараттар қирап, мал басы құлдырап кетті. Бірте-бірте ел есін жиған тұста бойында ұлтым деген қаны шырылдаған шыбын жаны бар қазақ баласы кіндік қаны тамған ауылына ат басын бұрды. Біз осы мақаланы жазу барысында сондай қадамға алғаш барып, ауы­лы­ның ажарын кіргізген Тоқ­тар­хан­ның жақсы істеріне куә болдық. Жекешелендірудің “құрбаны” – төрт қабырғасы қаңқиып қалған мәдениет үйін жекеменшіктен ол қайта сатып алып, кейбір аудан орталықтарында жоқ керемет ғимарат тұрғызып, ішін қажетті дүниеге толтырып, бұған қоса 3 мың кітап жинақталған кітап­ха­на­ны, өнерлі жастар пайдаланатын музыкалық құрал-жабдықтарды халық меншігіне беріпті. Таңсық ауылының үлкендері Тоқтархан Жұманұлына Алла үйін салып беруге тілек етіпті. Пайғамбар жасынан асып, имандылыққа иек артқан меценат бұл игілікті істі осыдан екі жыл бұрын мүлтіксіз жүзеге асырып, Құдайға құлшылық үйін пайдалануға беріпті. Таңсық елді мекенінің тұрғын­дары Тоқтархан Қожағапановтың тағы бір жақсы іске бастамашы болып жүргенін сүйсіне айтады. Ол ұлтымыздың тарихи жәдігері, 1500 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өткен “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” мазарына баратын 13 шақы­рым жолды, Аягөз өзенінің үстінен өтетін 50 метрлік аспалы көпірді, шырақшы отыратын үйді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­ма­сымен орындалып жатқан “Жол картасы” бағдарламасы аясында іске асыру еді. Мұны ол тиісті орындарға жеткізіп, Үкімет алдына қо­йып, ауқымды жұмысқа жұм­салатын 500 миллионнан аса қаржы қажеттігін дәйектесе, бұл қазір оң шешімін тапты деуге болатын секілді. Қазірдің өзінде жобалау жұмыстары басталған көрінеді. – Данышпан Абайдан қалған: “Өзің құрметтемеген нәрсеге бө­теннен қайтіп құрмет күтесің” деген бір аталы сөз бар еді. Ата-анам өмір бойы еңбек етіп, тер төк­кен, өмірден озған соң мәңгілік жәй тапқан, кіндік қаным тамып, қанатымды қатайтқан Таңсық ауылынан тартынатын мен емеспін. Қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Бар мақсатым, елімнің береке бірлігін, ынтымақты тірлігін сақтай отырып, үлкен-кішіге құрмет көрсету. Біздің әке­ле­ріміз болаттай мықты, шегедей шымыр болды. Әкем әркез Абай­дың өлеңдері мен қара сөз­де­рінен мы­сал келтіріп әкеңнің емес, адам­ның баласы бол дейтін. Ол аз десең, ұлы ақын сияқ­ты артыңа жақсы сөз, өнегелі іс қал­дыр, сонда ғана өмірің ұзарады. Елің қадірлеп, ұрпағың мақтан етеді деп отыратын. Дәулет бітсе, айна­лаң­ды ұмытып аспанға қарама, адам­дарға қарайлас дейтін. Мен ауы­лыма иненің жа­суын­дай жақ­сылық жасасам, әкем­нің ама­натын орындадым деп ойлаймын. Ұл-қы­зыма әке сөзін жаң­ғыртып айтып, саналарына құюмен ке­лемін. Әр әке өз үлгісін солай жал­ғастырса, ұлтымыз да, ұрпағымыз да азып-тозбайды, – деген Тоқ­тархан Қо­жа­ғапанов Елбасы Нұр­сұлтан На­зар­­баевтың ауылға қам­қорлық жасау жөніндегі идеясына қуат күші барда үлесін қоса беретінін жеткізді. Осы арада біз Тоқтархан Жұ­ман­ұлы туралы оқырмандарға айта кетсек, артық бола қоймас дейміз. Ол мектеп бітіргеннен кейін ауы­лын­дағы мәшине-трактор стан­са­сында темір жонушы, “При­бал­хаш” тіресінде тас қалаушы, ағаш шебері болып жұмыс істепті. Еңбекте шыңдалған жас білімсіз алға ұмтыла алмайтынына көзі жеткен соң, қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетке оқуға түсіп, инженер, бұрынғы КСРО Министрлер кеңесі жанын­дағы халық шаруашылығы акаде­мия­сында білімін жетілдіріп эко­номист мамандығын алады. Осыдан кейін ұзақ жылдар банк саласында, сондай-ақ Алматы облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқар­ған. “Қазақалтын” тау-кен метал­лур­гия” ААҚ директорлар ке­ңе­сі төра­ғасы болса, қазір “Кредит Алтын банк” АҚ директорлар кеңе­сі­нің тәуелсіз мүшесі. Тоқтархан Қожағапанов экономика ғылым­да­рының кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі, тәуелсіз Отанымыздың “Құрмет”, “Парасат”, сонымен қатар, халықаралық дәрежедегі “Сократ” ордендерінің иегері, Аягөз ауданының құрметті азаматы. Бұл оның ел алдындағы еңбегінің бағалануы десек, орынды болар. Иә, еліне, одан кейін туған ауы­лына еңбек сіңірген өресі биік әке­мен, заман қанша құбылып жатса да адамдық қасиетінен жаңылмай, ел-жұртын ұмытпай, оған қам­қор­лық жасап келе жатқан кешегі бала, бүгінгі ел ағасының жақсылығын айт­қанда тіл ұшына Абайдың: “Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйі­нерге жарар ол”, деген екі жол өлеңі оралады. Сүлеймен МӘМЕТ.