Бұрынғы басшы Зәуірбек Қыпшақбаев 2022 жылдың қараша айының соңында Орал қаласында қамауға алынған болатын. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігіне сәйкес «бірнеше мәрте пара алды» деген айып тағылып отыр. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Батыс Қазақстан облыстық филиалының бұрынғы басшысы 2022 жылдың мамыр-қараша айларында «Шыңғырлау-Ақсай» автожолын салып жатқан «ДСК «Приоритет» компаниясы басшысынан барлығы 32 миллион теңге пара алған. Бұл қаржы ұлттық сапа орталығынан оң сараптама алу үшін берілген. Компания басшысы Жанна Кенжинаның айтуынша, ол З.Қыпшақбаевтың ұзақ уақыт бойы ақша бопсалап жүргенін бірден айта алмаған: «Мен жол құрылысы қызып жатқан уақытта ол туралы айтар болсам, жаз бойы жол салынбай қалар еді және жолды уақытында салмағаным үшін мен кінәлі болар едім», дейді кәсіпкер.
З.Қыпшақбаев пара алу сәтінде қолға түскеннен кейін көп ұзамай-ақ «ДСК «Приоритет» компаниясының басына да қара бұлт үйіріле бастаған. Алдымен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары «ДСК Приоритет» компаниясының алдағы жол маусымына дайындап қойған жол-құрылыс материалын, атап айтқанда, қиыршықтас үлгілерін алып, сынақтан өткізеді. Олардың нәтижесі теріс болып, компанияның аттестатталған өз зертханасының нәтижесіне сәйкес келмейді.
Бұдан кейін тапсырыс берушінің бастамасы бойынша барлық мүдделі тұлғалардың қатысуымен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» сынақ зертханасының базасында іріктелген қиыршықтас сынамаларына қайта сынақ жүргізіледі. Сынақ барысын қадағалаған мамандар сынақтарды жүргізу алгоритмі мен әдістерінің бұзылуын анықтайды және бұл бұрын жүргізілген сынақтардың объективтілігіне күмән келтірді. Осыған байланысты «ДСК Приоритет» компаниясы өзге тәуелсіз, аккредитталған зертхана мамандарын тарту үшін «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» Ақтөбе филиалы және «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның зертханасына жүгінуге мәжбүр болады. Олар қиыршықтасқа қойылатын сапаны растап, қорытынды береді.
«Мәселені шешу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы прокуратура органдарына жүгінді. Нәтижесінде, жолға тапсырыс беруші «Қазавтожол» ҰК» АҚ қиыршықтастың жол құрылысына пайдалануға жарамдылығы туралы шешім қабылдады және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының негізсіз әрекеттерінің жолын кесті. Бұған кәсіпкердің табанды әрекеттері ықпал етті. Ол жарты жолда тоқтамай, сауатты және жедел әрекет етті. Соның арқасында келісімшарт міндеттемелерін орындамау және оны мердігерді мемлекеттік сатып алуға жауапсыз (жосықсыз) қатысушылар тізіміне еніп кетуін болдырмады», деп жазды осы дауға ара ағайын ретінде араласқан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы БҚО филиалының директоры Нұржан Мақсотов.
Бірақ кейін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО бойынша филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевтың өзі де баспасөз бетінде «ДСК Приоритет» мекемесінің «Подстепное-Федоровка-РФ» шекарасы автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасына пайдалана-
тын қиыршықтас Қазақстан Республикасы техникалық реттеу жүйесіне сай екендігін мойындаған. Тек кәсіпкердің жобасында бұл құрылыс материалының уатылғыштық маркісі 1400 деп көрсетілген. Ал филиал жүргізген сараптама оның маркісін 1200 деп қорытынды шығарған. Яғни жобадағы көрсеткішке сәйкес емес. Алайда бұл қиыршықтасты жол жабынына пайдалануға болады. Тек тапсырыс беруші мен мердігер осы қорытынды бойынша қайта келіссөз жүргізіп, жобаға өзгеріс енгізуі керек. А.Алшынбаев «Біз мердігердің жұмысын тоқтату туралы шешім шығарған жоқпыз» дегенімен, жоғарыдағы дау-дамайдың кесірінен жол құрылысы уақытында басталмай, тоқтап қалды. «Бұл бізге жасалған қысым», дейді «ДСК Приоритет» өкілдері.
Осыған ұқсас оқиға «ДСК Приоритет» компаниясы жөндеген Орал қаласындағы Гагарин көшесінен де шықты. Көше жолы екі аптадай бұрын жөнделіп, пайдалануға дайын болғанымен, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы бұл жердің де асфальтбетон қоспасынан сынама алып, теріс қорытынды шығарған. Құрылыс компаниясы директорының орынбасары Жарас Ахметов ол шешіммен келіспейді.
«Ұлттық сапа орталығының біздің жолдан алған пробасы 3 келі ғана. Стандарт бойынша 10 келі болуы керек. Және олардың зерттеуі бойынша қоспаның битумы 2,9% деп көрсетеді. Ондай құраммен асфальт бетон жасалмайды. Егер асфальт құрамында битум небәрі 2,9% болса, асфальт бірікпес еді. Мұны біз өз зертханамызда тәжірибе жүргізіп дәлелдеп отырмыз», дейді Жарас Ахметов.
Әрине, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалы ешкімге қысым жасалмайтынын айтады. Бірақ нәтиже мынау: жөнделіп біткен көше жолы халық игілігіне берілмей, жұртқа қолайсыздық тудырып, әлі жабық тұр.
Жалпы, Батыс Қазақстан облысында жол сапасына зерттеу жасай алатын 10 шақты зертхана бар. Олардың бәрі де Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің «Ұлттық аккредитация орталығынан» аккредитациядан өткен. Бірақ республикалық мәртебесі бар «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына» басымдық беріліп, 2022 жылы батысқазақстандық мемлекеттік мекемелер – 154, мердігер компаниялар – 20, техникалық бақылаушылар 2 млн теңгеге осы филиалмен келісімшарт жасасқан. 2021 жылы да бір ғана Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» БҚО филиалымен 100 млн теңгеге келісімшарт жасаған екен. Бір қызығы 2022 жылдың қараша айында орталық филиалының аккредитациясы тоқтатылғаны туралы айтылуда. «Ендеше бұл филиал өз қызметін қалай жүргізіп отыр?» деген сауал туындайды.
– Біздің компания 2008 жылдан бері жол құрылысымен айналысып келеді. 2022 жылы Зәуірбек Қыпшақбаевтың бопсалауын жариялаған күннен бастап алдымыздан түрлі кедергі шыға бастады. Оған дейін мұндай болған емес еді. Батыс Қазақстанда жол салып жатқан тек біздің компания емес. Бірақ барлық кедергі неге бізге келіп тіреле беретінін көзі ашық адам түсінсе керек, – дейді «ДСК Приоритет» компаниясының басшысы Жанна Кенжина.
Батыс Қазақстан облысы – жол азабын әбден тартып келе жатқан өңір. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың 31 пайызы, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 61 пайызы қанағаттанарлықсыз күйде. Бұл – бүкіл еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіш. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысында автожол құрылысын жедел дамытуды тапсырған болатын. Алайда жоғарыдағыдай кикілжің тұтас жол құрылысына кедергісін тигізіп, оның зардабын қарапайым халық тартып жатыр.
«Мен – әйелмін және парақорлық жүйеге қарсы күресуге шешім қабылдаған адаммын. Егер менің салған жолым шынымен сапасыз болса, біздің компанияның қандай да бір былығы болса, мен үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалы директорының сұрағанын беріп отыра берген тиімді болар еді. Мен өзімнің және қызметкерлерімнің ақ адал еңбекпен тауып жүрген табысына біреулердің әділетсіз жолмен ортақтасуына қарсы болдым. Әрине, тамыры тереңге кеткен парақорлық жүйемен күресу оңай емес. Бірақ мен соңына дейін күресемін! Себебі артымда қарапайым 200 отбасының тағдыры тұр!», дейді Жанна Кенжина.
Батыс Қазақстан облысы