Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ақиқатында есірткі туралы сөз қозғала қалса, талай тектінің табанының табы қалған Шу өңірі жаманатты болып шыға келеді. Тіпті, әзілге аңсары ауған жайдарманшылар да, басқалар да Шу өңірін мазаққа айналдырудан танған емес. Оны қойшы, шулық азаматпен таныса кеткен көлденең көк атты да еш ойланбастан «Шөптің отанынан екенсің ғой. Өзіңмен бірге алып жүрсің бе?» деп ретсіз жерде сәтсіз қағытпасын айтып қалуға тырысады. Дәл осы тақырыптағы ақпараттардың дені Шу ауданымен байланысты болып жатады. Дайын ақпараттардың басым бөлігінде аталған ауданның атауы өріп жүреді. «Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының қызметкерлері аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен Шу ауданының 60 жастағы тұрғынын ұстады» деп басталатын облыстық полиция департаменті жолдаған ақпараттардан көз сүрінеді. Жалпы, есірткіге есі кеткендер барлық ауданда да бар ғой.
Ал Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзиннің айтуынша, өңірде есірткі қылмысына қарсы күрес соңғы жылдары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Атқарылған нақты жұмыстың нәтижесінде аса ауыр есірткі қылмысына қатысы бар топ құрықталған.
«Жамбыл облысының полиция департаменті тарапынан тұрақты негізде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі басшылығы қойған міндеттерді орындау мақсатында есірткі қылмысын анықтау және жолын кесу стратегиясы ұдайы жетілдіріліп келеді. Нақтырақ айтар болсақ, 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері 120 килодан астам есірткі заттары тәркіленді. Есірткі қылмысының 42 дерегі анықталды», дейді департамент басшысы атқарылған жұмыстарға көз жүгіртіп.
А.Баймурзиннің сөзіне сенсек, өңір жастарына синтетикалық есірткі орамдарын сатумен айналысатын жат пиғылды адамдар аз емес секілді. Олардың біршамасы қырағы полицейлердің назарына ілігіп, дер кезінде құрықталған.
«Жамбыл облысы бойынша Шу алқабы жабайы қарасораның ең көп өсетін үлкен аумағы екені баршаға мәлім. Елді есінен айыратын есірткі қауіптерінің басым бөлігі де аталмыш аумақпен байланысып жатыр. Сол себепті дер кезінде есірткі жеткізу арналарын анықтап, жою, оларды біздің облыстан дайындап әкетуге қарсы іс-қимылды күшейту әрдайым назардан тыс қалмақ емес. Таяуда Тәжікстан Республикасынан есірткі транзитімен келетін героинді облыс аумағына жеткізу арнасы анықталып, жойылды. Арнайы операция барысында облыс аумағында есірткінің аса ауыр түрін өткізумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түсті. Аталған топтың барлық мүшелері құрықталып, оның ішінде 25 аса ауыр есірткі қылмысын ұйымдастырған 5 адам ұсталды. Жастардың санасын есірткімен улауға ұмтылғандардың аптығын басу назарымыздан тыс қалмақ емес. Соңғы кездері жастар арасында белең алған синтетикалық есірткі құралын өткізумен айналысқан Тараз қаласының үш бірдей тұрғыны құрықталды. Синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 32 грамм екені тексеру барысында анықталды. Сонымен қатар сату үшін дайындап қойған 85 дана синтетикалық есірткі орамы табылып, тәркіленді», дейді департамент басшысы өңірдегі есірткі қылмысына қатысты деректермен бөлісіп.
Есірткі сатумен айналысатын топтар жарнама құралы ретінде әлеуметтік желіні жиі пайдаланатыны мәлім. Кез келген әлеуметтік желіде жастар мен жасөспірімдер белсенді екенін ескерсек, мұндай жарнама атаулының ел болашағына айтарлықтай қауіп төндіретінін айқын сезінеміз. Ал өңірде ашық жарнамаға көшкен қылмыстық топтарға қарсы қандай нақты шаралар қолға алынған?
«Есірткімен байланысты қылмыс атаулының жолын кесумен қатар, оның алдын алу мәселесі қай кезде де назарымыздан тыс қалған емес. Осы орайда Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесімен бірлесіп 100-ден астам «граффити» жазбасын өшірттік. Есірткі бизнесіне тосқауыл қою үшін әлеуметтік желілерге де талдау жүргізіліп тұрады. Нақтырақ айтар болсақ, интернеттегі әлеуметтік желі біткенді шолу нәтижесінде есірткіні насихаттаумен айналысатын 28 аккаунт анықталып, дер кезінде бұғатталды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Қалай алып қарасақ та – есірткі бизнесіне есі кеткендер бірінші кезекте жастардың санасын улауға тырысатыны белгілі. Сондықтан да полиция қызметкерлері жастармен жұмысты бір сәтке де тоқтатпақ емес. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері мен өңірдегі білім беру ұйымдары арасында тығыз байланыс орнатылған. Студенттер арасында спорттық іс-шаралар, семинарлар, дөңгелек үстел отырыстары, кездесулер тұрақты түрде өткізіледі. Мәселен, соңғы екі айдың бедерінде 70-ке жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Есірткіден төнетін қауіптің алдын алғаннан ешкім ұтылмайды. Сол үшін де мұндай іс-шаралардың жұмысты жүйелеуде маңызы зор екені анық», дейді А.Баймурзин.
Жамбыл облысы