Қоғам • 11 Мамыр, 2023

«Бір қарызды екінші қарызбен жамайды». Қазақстанда онлайн несиеге сұраныс артқан

474 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда интернет алаяқтық деректері жылдан жылға көбейіп келеді. Мәжілістің жалпы отырысында AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Бас прокурор мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымына интернеттегі алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бір қарызды екінші қарызбен жамайды». Қазақстанда онлайн несиеге сұраныс артқан

Интернет алаяқтық мәселесі әбден жауыр болса да, әлі өзекті. Заңға бірқатар өзгеріс енгізілгенімен интернетті қолдану арқылы жасалатын кибералаяқтық мен телефон арқылы қылмыстың түрлері жыл санап өсіп келеді. Проблема қанша рет көтерілсе де мәселенің шешілетін түрі жоқ, керісінше жылдан жылға ушығып бара жатыр. Дабыл қағып отырғанымыз да сондықтан. Мәселен, соңғы бес жылда аталған қылмыс түрі бес есе өскен. 2018 жылы 4200 факт тіркелсе, 2022 жылдың қортындысы бойынша 20 мыңнан астам қылмыс тіркеліпті. Ал осы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде-ақ 4700-ге жуық кибералаяқтық қылмысы жасалған. Құқық қорғау органдары соның небәрі 23%-ын ғана зерттепті.

«Біріншіден, соңғы 3 жылда келтірілген шығын 35 млрд теңгеден асып жығылады. Екіншіден, қазір халық арасында онлайн несие алуға сұраныс күрт артқан. Қарапайым адамдар микроқаржы ұйымдарынан жетіскенінен қарыз алмайтынын бәріміз білеміз. Айлығы шайлығына жетіспегендіктен бір қарызды екінші қарызбен жамайды. Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал алаяқтар құрыққа оңай түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Тығырыққа тірелген адамның мойынына жүздеген пайыздық несие рәсімделеді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша несие рәсіміне байланысты 3022 алаяқтық тіркелсе, биылғы 3 айда 475 қылмыс тіркеліп отыр», деді Е.Бейсенбаев.

Айта кетсек, осыдан 1 ай бұрын Ақмола облысы Бурабай ауданының тұрғынына хабарласқан интернет алаяқ өзін банк қызметкері ретінде танысытырып, 1 млн теңгелік несие рәсімдетіп, ақшаны өзге адамның шотына аударған. Ал Абай облысының тұрғынына хабарласқан алаяқ өзгенің ұялы телефонына «AnyDesk» деп аталатын қосымшаны орнатып, сол арқылы 9,5 млн теңге рәсімдеп алған. Мұндай оқиғалар еліміздің барлық өңірінде болып жатыр. Бұл ретте AMANAT партиясының қоғамдық қабылдауына алаяқтарға алданған азаматтар жиі шағым түсіруде. Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, онлайн несиені өзге адамға заңсыз рәсімдейді.

Сонымен қатар, фракция жетекшісі әлеуметтік желіде тараған заңсыз ұтыс мәселесін де көтерді.

«Блогерлер мұны «гив» деп атайды. Мәселен соңғы уақытта әлеуметтік желіде Тараз-хит деген заңсыз лоторея пайда болды. Оны ұйымдастырушылар Instagram желісіндегі парақшасында 10 мың теңгеге билет сатып алып, халықты пәтер, автокөлік ұтысын ойнатуға үгіттейді. Бұл - заңсыз әрекет. Еліміздің заңнамасына сәйкес кез-келген ұтыс ойындары лоторея операторымен келісіп жүргізілуі қажет. Басқасының бәрі заңсыз әрекет болып саналады. Осыны біле тұра құзырлы органдар неге әрекетсіз отыр?!», деді ол.

Жағдай ушығып бара жатқан соң былтыр маусым айында Мемлекет басшысының өзі интернет алаяқтарға, қаржы пирамидаларына қарсы қатаң шара қолдануды тапсырған еді. Осыған байланысты Е.Бейсенбаев біріншіден, азаматтарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге электрондық үкімет базасында тыйым салудың мүмкіндігін тездетіп енгізу, екіншіден, елімізде заңсыз лотореялардың, қаржы пирамидаларының жұмысымен және өзге де заңсыз қаржылық операциялармен күресті күшейту, үшіншіден, әлеуметтік желілерге кешенді мониторинг жасап, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттау жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

 

Аружан НАҒАШЫБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті