Британдық атлеттер фристайл, тау шаңғысы, керлинг (ерлер және әйелдер), мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер), шорт-трек, могул, шаңғы жарыстары, слоупстайл және сноуборд секілді спорттың он түрінен қатысады. Алдыңғы Универсиадада керлингтен тамаша өнер көрсеткен ерлер және әйелдер құрамасы бұл жолы да нәтижелі ойын көрсетеді деп үміттенеді делегация өкілдері.
Ұлыбритания делегациясы басшысының орынбасары Викки Кэмпбелдің сөзіне қарағанда, британдық спортшылар қызу жаттығу жүргізуде. Мәселен, шайбалы хоккейден ерлер командасы бір жыл бұрын ғана алғаш рет сынақтан өткенімен, 2017 жылғы Универсиадаға дайындық барысында тыңғылықты жаттығу жасады.
«Спортшыларымыз керлингтен медальға ие болады деп үміттенеміз. Өйткені, соңғы Универсиадаларда осы спорт түрінен жақсы нәтижелер көрсетіп жүрміз. Атап айтқанда, әйелдер құрамасы 2011 жылы Эрзурумде алтын, ал ерлер 2013 жылы Трентинода күміс және 2015 жылы Гранадада қола медальді иеленген болатын. Қалай болған да, әрбір елдің өзінің мықты жағы болады, сондықтан, керлингтен әділ әрі қызу бәсекені күтеміз», – деп мәлімдеді Викки Кэмпбел.
Сөз орайында айтып кетелік, Ұлыбритания делегациясының мүшелері 2016 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға арнайы сапармен келген еді. «Бізге Алматы қаласы аса ұнады, ел халқы ашық әрі ажарлы екен. Біз жаңа достарды табуға жағдай жасайтын жақсы ұйымдастырылған қызықты ойындар күтеміз, – деді Кэмпбэл ханым. – Ұлыбритания Универсиаданың барлық қатысушыларына ұмытылмас естелік пен сәтті әрі нәтижелі ойындар тілейді».
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»