Қоғам • 12 Мамыр, 2023

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы сайланды

1059 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы болып Мереке Құлкенов сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы сайланды

Қаламгер-журналист Мереке Әбдешұлы Құлкенов 1951 жылы 8 қарашада Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында туған. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты. Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген (1978). Бірнеше кітаптың авторы. Солардың бірі — Рахымжан Отарбаевпен бірлесіп жазған «Бас» драмасы үшін Мәдениет министрлігі жариялаған «Бәйтерек» республикалық байкауында екінші жүлдеге ие болды (2004 ж.).

1970 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін 1971 — 1973 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің газет-журнал баспасы баспаханасында баспагердің көмекшісі болды. Университетті бітірген соң бұқаралық ақпарат құралдарында («Қазақстан пионері» газеті, Қазақстан телеарнасы, «Пионер» журналы, Қазақ әдебиеті (газет)) тілші,

1993-1997 жылдар аралығында «Жалын» республикалық қоғамдық-әдеби журналының бас редакторы,

1997 жылдан бері «Ана тілі» республикалық газетінің, 2000 жылдан осы уақытқа дейін «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы,

1991 жылдан қазіргі күнге дейін «Өлке» баспасының бас директоры болып еңбек етіп келеді.

«Құрмет» орденімен, ұлттық журналистік сыйлық «Алтын жұлдыз» т.б. бірнеше медальдармен марапатталған. Өзі басшылық етіп отырған «Ана тілі» газеті «республикалық үздік газет» атағына ие болды.

Сондай-ақ төрағаның бірінші орынбасары болып Нұржан Қуантай, екінші орынбасары Бауыржан Жақып, үшінші орынбасары Қасымхан Бегманов, төртінші орынбасары Ғалым Қалибек, бесінші орынбасары болып Бейбіт Сарыбай сайланды.

Айта кетейік, бүгін Алматыда Жазушылар одағының ХVI құрылтайы өтіп жатырҚұрылтайға Жазушылар одағының басқарма мүшелерімен қатар, еліміздің барлық өңірлеріндегі мүшелері, филиал директорлары қатысуда. Сонымен қатар алыс-жақын шет елдерден құрметті қонақтар, еліміздің өнер мен ғылым қайраткерлері шақырылды. 

Бес жылда бір рет өтетін жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушыларға құттықтауын жеткізді.