Суреттерді түсірген автор
Мамандардың пікірінше, Ертіс өзеніндегі балықтың табиғи жолмен көбеюіне көк айдынның бойында орналасқан су-электр стансалары көп кедергі келтіреді екен. Көктем мезгілінде ағысқа қарсы жүзіп, өзеннің жоғарғы бөлігіндегі қайраңдарда уылдырық шашатын балық жасанды бөгендерді айналып өте алмайды. Оның үстіне суқоймалардағы су деңгейінің өзгеріп отыруына байланысты су температурасы да бірқалыпты сақталмайды. Бұл белгілі бір тереңдікке шашылған уылдырықтың өліп қалуына әкеліп соғады. Сол себепті көл байлығын көбейтуге мүмкіндігі жоқ өзен-көлдерді балықтандыру жұмыстарын жүргізу мемлекет тарапынан мықтап қолға алына бастады. Жыл – сайын дәстүрлі түрде мемлекеттік тапсырыс аясында жүргізілетін жұмыстар биыл да жалғасын тауып, жасанды жолмен өсірілген балық дернәсілдері лек-легімен көк айдындарға жіберіліп жатыр.
Бүгінгі таңда Ертіс бассейні – еліміздегі көлемі бойынша үшінші орында тұрған балық шаруашылығын жүргізетін су айдыны. Ондағы балық аулау кәсібі өңірдің азық-түлік кешенінің ажырамас бөлігі саналады. Осыған байланысты аталған айдындағы балық қорын сақтап, санын молайту бағытында кешенді жұмыстар жүргізу қажеттілігі күн санап артып келеді. Сондықтан облысымызда тор шарбақтарда тауарлы балық өсірумен қатар, «Шығыс Универсал» кәсіпорны өзіне тиесілі инкубациялық цехтарда ақсақа тұқымды балықтардың дернәсілдерін де өсіріп жатыр. Сөйтіп, суқоймаларды балықтандыруға қажетті дернәсілдермен тұтынушыларды қамтамасыз етіп келеді.
– Инспекция «Шығыс Универсал» кәсіпорнының мемлекеттік тапсырыс аясында ақсақа балығының уылдырықтан өндірілген 40 млн-нан аса дернәсілдерін Бұқтырма және Шүлбі суқоймаларына жіберді. Осылайша, балықтандыру жұмыстары ережеге сәйкес жүргізіліп жатыр, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Балық шаруашылығы бөлімінің бастығы Фархат Байбазаров.
Қазіргі уақытта су температурасының балық дернәсілдерін жіберуге өте оңтайлы жағдайда екенін алға тартқан ол жыл сайын сәуірдің соңын ала жүргізілетін іс-шараның осы уақыттан кешіктірілмей жүргізілуі өте маңызды екенін айтады. Өйткені бұл кез – суда ағыспен бірге жүзетін планктондардың ғана оянатын уақыты. Ал мұндай шағын жәндіктер рипус балықтарының дернәсілдері үшін таптырмайтын азық қоры көрінеді. Су жылына ірі жәндіктер оянса, олар керісінше дернәсілдерді азық етеді.
– Судың осындай оптималды деңгейде тұрғаны балық дернәсілдері үшін өте қажет. Бұдан әрі кешіксе, судағы басқа жәндіктер оянып, бүгінгі жіберген дернәсілдеріміздің өздері азық қорына айналып кетеді, – дейді «Шығыс Универсал» кәсіпорнының директоры Вячеслав Асанов.
Осылайша, еліміздің Балық шаруашылығы комитетінің екінші жыл қатарынан қолға алып жатқан іс-шарасын жүзеге асыру үшін екі топқа бөлінген инспекторлар мен балық өсірушілер Бұқтырма суқоймасының Васильев паром өткелінің маңайына 21,3 млн, ал Шүлбі суқоймасының Саяжайлар бөлігіне 20,5 млн балық дернәсілін жіберді.
Балықты көптеп аулау үшін оның өзен-көлдегі молаюын қамтамасыз ету – басты мәселе. Ал мемлекет тарапынан қабылданған бағдарлама балық аулаумен қатар балық өсіру ісін де жандандырмақ. Бүгінде бұл бағытта жақсы жетістікке жеткен Қытай мен Норвегия ел тұрғындарын балық етімен қалыпты деңгейде қамтамасыз етіп отыр.
Жоғарыда айтқандай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, бір адам жылына 14 кг балық етін тұтынуы қажет болса, Қазақстанда төрт килодан аспай отыр. Сол себепті балық өсіретін шаруашылықтар санын арттыру өте маңызды. Әр тұрғынның 14 кг балық тұтынуына қол жеткізу үшін республика көлемінде жылына 600 мың тонна балық өсіруіміз керек екен. Қазірде ел аумағында бар-жоғы 9 мың тонна ғана балық өсіріледі. Он жылдық жаңа бағдарлама бойынша 2030 жылға қарай балық өсіру лимитін 270 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы орайда айта кетерлік тағы бір мәселе – балық өсіру мақсатында су жағалауларынан кәсіпкерлер жер телімін рәсімдеп ала алмай жүр. «Шығыс Универсал» кәсіпорнының директоры В.Асановтың пікірінше, балық шаруашылығын дөңгелету үшін алдымен жер мәселесін заң аясында бекітіп алу керек екен.
Шығыс Қазақстан облысы