Ескерткіш тақта Шамғали Сарыбаевтың әулетінен шыққан белгілі тұлғалар қазақ тілі білімінің шырақшысы, академик Шора Шамғалиұлы Сарыбаев, қазақ ұлттық музыка аспаптарының зерттеушіcі, жинақтаушы әрі насихаттаушысы, Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры Болат Шамғалиұлы Сарыбаев, қазақ музыкасының белді өкілі, танымал сазгер және зерттеуші Талғат Болатұлы Сарыбаевтың есімін ұлықтауға арналды.
Отандық ғылымның дамуына саналы ғұмырын арнаған ғалымдарды еске алу іс-шарасы Ұлттық консерваторияда өтіп, ғалым-педагог Шамғали Сарыбаевтың 130 жылдығына орай түсірілген «Ғұлама» деректі фильмін көрсетумен басталды. Алқалы жиынды жүргізген академик Кәрімбек Құрманәлиев тұлғалар есімін ұрпақ жадында жаңғыртудың маңыздылығын атап өтіп, ұлт руханиятының дамуына қосқан сүбелі еңбектеріне тоқталды.
Жиын барысында Мемлекет басшысының құттықтау хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, академик Мұрат Жұрынов, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның ректоры Арман Жүдебаев, белгілі әртісі Роза Рымбаева, Толқын Забирова сөз сөйлеп, бүгінде көптеген ғылыми-зерттеулерге арқау болып отырған ғалымдардың еңбегін еске алып, әрі қарай насихаттауға байланысты ұсыныстарын ортаға салды.
Е.Досаев соңына баға жетпес құнды мұра қалдырған тұлғалар есімін есте қалдырудың қаншалықты маңызды екенін атап өтсе, Шора Сарыбаевтың ұлы АӨСШК бас хатшысы, дипломат Қайрат Сарыбай «Ұлт болғаннан кейін оның рухани мирасы болуы керек. Ұлт музыкасыз болмайды. Ұлт тілсіз болмайды. Сондықтан біздің ең басты миссиямыз, бүгінгі ұрпақтың миссиясы – аталарымыздың, ағаларымыздың, әкелеріміздің қалдырып кеткен мирасын бұлжытпай орындап, оны әрі қарай дамытып жұмыс атқару» деп әулет тарихы мен ұлт тарихын салыстыра сөз қозғады.
Шамғали Сарыбаев ұзақ жылдар қазақ, қарақалпақ ауыз әдебиеті материалдарын жинақтаумен айналысып, қазақ тілі және оқыту әдістемесіне, педагогикаға қатысты 100-ге тарта ғылыми мақаласы мен оннан астам монографиясын жариялады. Ғалым тілді оқыту әдістемесін жазуды ғана мақсат еткен жоқ, әр тақырыпты түсіндіру, оқушыға білдірудің ережесін ұсына отырып, тілдік тақырыпты толыққанды меңгеруге жол көрсетті. Бүгінде ғалымның осы еңбектерін жоғары оқу орындары ғана емес, мектеп мұғалімдерінің де оқыту әдістемесі негізінде ұтымды пайдаланып жүргенін айта кеткен ләзім.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев әке жолын қуған Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың жарты ғасырдай А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында еңбек еткенін, еліміздің шалғай өңірлерінен тілдік қорымызға мол мұра жинаумен қатар, диалектология, морфология, лексикология, тіл тарихы, аударма, есімнама, тағы да басқа тілдік мәселелерге, сонымен бірге институттың картотекалық қорын молайтуға үлес қосқанын атап өтті.
Қазақ этноаспаптануының негізін қалаушы Болат Шамғалиұлы туралы айтқанда, ғалымның қазақтың көне аспаптарын шебер меңгере білген тұлға ретіндегі еңбектері еске алынды. Қазақтың көне музыкалық аспаптарының тұңғыш рет толық ғылыми сипаттамасын жасап, терең зерттеп, қайта жаңғырта отырып, дыбысталуы мен тартылу әдістерін қалыптастырды. Есімі алғашқы қазақ фольклорлық ансамбльдердің негізін қалаушы ретінде де белгілі. Ал консерватория түлегі, ақын, композитор, музыкатанушы әрі өңдеуші Талғат Болатұлы Сарыбаев әкесі бастаған жолды жалғастыра отырып, қазақ өнеріне жаңа серпіліс әкелді. Қайта жанданған шаңқобыз, жетіген сияқты аспаптарда ойнап, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өлеңіне жазылған «Наурыз-Думан» әнін Наурыз мейрамының гимніне айналдырды. «Арай», «Жетіген», «Гүлдер» вокалды-аспаптық ансамбльдерінің құрылуына негіз болды. Оның қаламынан туған «Өткен күндер», «Қоштасу», «Біз бірге боламыз», «Менің досым», «Отандастар», «Сенімен біргемін», тағы да басқа көптеген шығармалары сүйіп тыңдайтын әндерге айналды.
Ғалымдар артында қалған мол мұраны өскелең ұрпаққа насихаттау, әрі қарай зерттеулер өзегіне айналдыру бүгіннің еншісінде. Осы мақсатта ұйымдастырылған жиында аруақтар рухына тағзым жасалды.
АЛМАТЫ