Қазақта нағашысы жиеніне жиен құрық береді. Бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр. Оның мөлшері малмен, қырық серкешпен, есептеледі. Қырық серкештің құны қырық шұбарала тайға тең. Нағашысы тиісті мөлшерді толтырып бере алмаса жиен 3 мәрте жиендік жасауға құқылы болады. Яғни нағашысынан рұқсат сұрамай-ақ жүйрік атын, нар түйесін, қыран құсын ала алған. Ол үшін ешкім оған айып таға алмайды.
Қазақта жиенді ұрғанның қолы қалтырайды деген сөз бар. Ол сөз жиенді ұруға болмайтындықтан және жиеннің назасы ауыр болатындықтан айтылған дейді.
Сондай-ақ Әділ Ахметов «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары» кітабында мынандай дерек келтіреді: «Қазақ дәстүрінде күйеудің қайын атасының қолында болатын жайттар сирек те болса кездеседі. Мұндай күйеу күш күйеу деп аталады. Ал ауылдастары, әсіресе балдыздары күйеумен әзілдесетін дағды бойынша күш күйеуді әзіл-шыны аралас күшік күйеу атандырған. «Күшік күйеуден қарғыбаусыз тазы артық» дейтін қазақ мақалының мазмұны күш күйеудің құндылықтар жүйесіне жатпайтынын аңғартады. Ал күш күйеудің баласын былайғы жұрт сыртынан жиен деп атағанымен, атасы оны жиен демей, өз баласындай көреді. Күш күйеудің баласы құқықтық заң бойынша жиендік жасап, «жиен құрық» алмайды. Бірақ атасы ол баланы ортаншы баланың біріндей көріп, ортаншы балаға беретін еншінің мөлшеріндей енші береді».