Сұхбат • 16 Мамыр, 2023

Мемлекет негізі – жер мен су

549 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңей­тілген кеңесте су проблемасына да ерекше тоқталып өткен еді. «Суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымда­уынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін», деді Президент. Осы орайда, 1981-1990 жылдар аралығында республикамыздың Су шаруашылығы және мелиорация министрі болған белгілі гидротехник Нариман Қыпшақбаевпен еліміздің су мәселесі жөнінде аз-кем әңгімелескен едік.

Мемлекет негізі – жер мен су

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Мен бес жыл университетте су мамандығы бойынша оқып, диплом алдым. 1957 жылдан бас­тап суды зерттеп жүргеніме 70 жылдың жүзі болыпты. 5 жыл оқып, 65 жыл су саласында қызмет істедім. Міне, әлі күнге дейін сол судың проблемасымен айна­лысып отырмын. Судан басқа ештеңеге мойын бұрмадым. Мұның түбіне шейін жетейін дедім. Сөйтіп, оқу бітіргеннен кейін Алматыдан 60 шақырым жердегі Түрген деген өзенді бас­қаратын болдым. Сонда еңбек жолымды бастадым. Кезінде дүркіреп тұрған жер еді. Өткенде бардым, ғажап өзен екен. Суы тап-таза, айналасы жап-жасыл. Өкініштісі сол – соның бәрі бүгін­де жекеменшікке өтіп кетіпті.

– Президенттің кеңейтілген кеңесте су тапшылығы жөнінде айтқанын естіген шығарсыз. Әңгімені осыдан тарқатсақ...

– Иә, естіп-біліп отырмын. Ол – рас сөз. Бірақ 2040 жыл емес, қазірдің өзінде су тапшылығы байқалып отыр. Мысалы, Сыр­дарияның суын төрт мемлекет тұтынамыз. Бір үлесі бізге тие­сілі. Қазір Сырдарияның суына сұраныс бұрынғыдан екі есе артты. Сырдың суымен егістік жерлерді суарамыз, ауыз суға пайдаланамыз. Одан қайтатын лас су 12 млрд текше метр болады. Ал өзінің жалпы су қоры – 37 млрд текше метр, оның төрттен бірі қайтадан лас күйінде арнаға құйылады (12 млрд текше метр). Төрт мемлекет соны ішіп отырмыз. Екінші, бізде суды үнем­деу мәселесі тұр. Бізге келешекте Қытай бір қасық су артық бермейді, Еділден Ертіске дейін Ресеймен жеті өзен шектеседі, олар да бір шелек су артық бермейді. Қырғыз елімен шектесетін Шу мен Талас өзендері бар. Бұл екі өзеннің атауы айтып тұрғандай, тағдыры – айқай-шу, тартыс-талас. Баяғыдан бері солай болып келеді. Көршілердің өздеріне де су жетпей жатыр. Біз суды үнемдемей, далаға ағызып жібереміз де, Өзбек­станнан, Қытайдан, Қырғыз Республикасынан, Ресейден су сұраймыз. Олар сонда суды үнем­деп, өңдеп бізге бере салуы керек пе? Мұнымен өзіміз айналысуымыз керек.

Жеріміз үлкен, оның 70%-ы – шөлейтті дала. Ол жерлерді пайдаланамыз, елді дамытамыз десек, ең бірінші су қажет. Сондықтан ме­нің бұрыннан айтып келе жат­қан ұраным: «Мемлекет негізі – жер мен су». Уақыт өткен сайын суға сұраныс арта бе­реді. Өйт­кені халықтың саны, оған қажетті азық, оның жұмыс істейтін зауыт-фабрикасы секілді шаруалары көбейеді. Айтпағым, бүгін Қазақстанда 20 млн халық болса, енді біраз жылда 40 млн-ға жететіні сөзсіз. Ал судың мөлшері осы күйінде қалады немесе бұдан азаюы мүмкін.

– Сол үшін суды үнемдеу қажет екені түсінікті. Енді оған кәсіби маман ретінде қандай ұсыныс айтасыз?

– Суды үнемдеу – ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Қазір әр адамға тәулігіне 200 литр су берілсе (ауыл, қалаға бірдей), бұдан бұл жағдай күрделенуі мүмкін. Өйткені қазір шүмектегі суды ағызып қойып, беті-қолды жуып жатқанда су босқа ағып тұрады. Ол босқа аққан су кәрізге кетеді. Осы жерде «ол неге тегін ағып жатыр?» деген сұрақ туындауы керек қой. Мысалы, мен шүмектен қолымды алғанда су тоқтап тұруға тиіс. Қазір ондай құрылғылар бар. Осыны әр отбасына, әр мекемеге енгізу қажет. Мен су проблемасын зерттеп жүріп, әлемнің біраз елін араладым. Бір жолы араб еліне бардым. Сонда бір нәрсеге қайран қалдым. Бір үйге кіріп, қол жуып тұрған едім, қол жуған су сарқырап бір жерге құйылып жатқан секілді. Байқасам, қол жуған суды кәрізге жібермей, оны унитазды тазалайтын бакқа құяды екен. Қысқасы, олар бір рет қолданған суды екінші рет пайдаланып отыр. Ал біз қайтеміз? Бәрін таза сумен толтырып, оны сарқыратып кәрізге жібереміз. Үнемдеуді осындай кішкентай нәрселерден бастауымыз керек. Екінші, суды үнемдеу суармалы жерлерге де қатысты. Мәселен, қазір елімізде 2 млн гектар суармалы жер бар. Бұл егістік алқаптарға су жеткізетін арнаның ұзындығы 30 мың км-ден асады. Осы 2 млн гектар егістік жерге 20 млрд текше метр су жібереміз. Енді осы 20 млрд текше метр су 30 мың км жермен жүріп жеткенде оның 40%-ы арнаның табанына сіңіп кетеді. Мұны судың шығыны дейді. 20 млрд текше метр судан 40%-ын алсақ, бұл 8 млрд текше метр су болады. Шу өзенінің бір жылдық су қорының мөлшері ­– 8 млрд текше метр. Ал бұл Шудың суымен екі елдің жақын орналасқан облыстары күн көріп отыр. Қарап тұрсаңыз, қарапайым нәрсе. Қаншама су рәсуа болып жатқанын түсіну үшін маман болудың қажеті жоқ. Мұны үнемдеуге болады. Қазір пластик құбыр жетеді, тіпті одан басқа да түрлері көп. Сол арқылы өте көп суды үнемдеуге болар еді. Еліміздің келешегі – суды үнемдеуінде.

– Қайта өңдеу арқылы да суды үнемдеуге болатыны өзі­ңізге мәлім. Бұл жағын қалай реттеуге болады?

– Алматыда 35-тей зауыт-фабрика бар. Қаланың тап-таза суын техникаға пайдаланады да, оны кәрізге жібереді. Ал бұл жағдай шетелдерде қалай болатынын айтайын. Су беруші зауыт-фабрикаға «мына таза суды пайдаландыңыз, енді бұл лас суды кәрізге жібермеңіз, оны сіз немен ластағаныңызды жақсы білесіз. Суды қайта тазалап, өндіріске жөнелтіңіз» дей­ді екен. Ал бізде өңдеу былай тұрсын, өндірістен шыққан суды өзен-көлдерге төгіп, экологияны ластап жатыр.

– Қазір ХХІ ғасыр. Алайда ауыз суға жетпей аңқасы кеуіп отырған ауылдар әлі де бар еке­ні белгілі. Мұның себебі неде?

– Осыдан он жыл бұрын БҰҰ су туралы «Мемлекеттің ең бірін­ші жауап беретін жұмысы – ха­лықты сапалы әрі таза ауыз су­мен қамтамасыз ету» деген құжат қабылдады. Біз де оған қол қой­дық және БҰҰ мүшесіміз. Мем­ле­кет мұны бір сәт естен шы­ғар­мауға тиіс. Ал біздің кей­бір ше­неуніктер заңды орындауға құлықсыз. Мысалы, Үкі­мет­тен бір ауылға су құбырын тар­туға бөлінген тендерді бір ком­па­ния ұтып алады. Олар берген ақшаны қалтаға басады да, құ­быр­­ларды айдалаға тастап-тас­тап кете барады. Оны тергеп-тек­серіп жатқан заң да, пенде де жоқ. Ақша бөлінгеннен кейін жер­гі­лікті әкімдік оны қадағалап, тексеріп қабылдап алуы керек қой. Мен кезінде Су шаруашылығы министрі болып тұрған кезде бір жылда 1 700 км су құбырын салынатын, әлі күнге есеп-қисабы қатталып-шотталып архивте тұр. Қазір не істеліп жатыр? Бұл министрліктің өзі де жоқ.

Әр адамға таза әрі сапалы ауыз су беру мемлекеттің ең не­гізгі міндеті екенін айттық. Ауыз су – мем­лекет қауіпсіздігі. Ауру-сыр­қаудың көбі осы ауыз су арқылы тарайтыны – дәлелденген нәрсе. Тазалық басы – ауыз су. Қазір кәріз суы мен ауыз суы араласып кеткен ауылдар бар. Халық не ішіп жатқанын біліп жатқан жоқ. Екеуін араластырып ішіп отыр. Мысалы, Алматыда жер астында ауыз суға келетін құбыр бар, ал оның жанында лас су ағатын құбыр тұр. Құбырдың шұрық-тесігінен су ағып, екеуі араласып батпақтың арасында жатыр. Сонда бұл қандай тазалық болады? Мұны күн сайын лаборанттар зерттеп-қадағалап отыруға тиіс емес пе? Егер біз таза су ішпесек, онда у ішеміз.

– Осыдан үш жыл бұрын Эко­логия және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің суға қатысты он жылдық тұжырым­дамасын сын­ға алдыңыз. Одан кейін нә­ти­же байқалды ма?

– Жоқ, ешқандай нәтиже бай­қалмайды.

– Елімізде су проблемасы ма­ңызды еке­ні түсінікті. Ендеше маңызды сала­ға кәсіби мамандар даярлау жағы қалай?

– Жақында бұрынғы Ауыл ша­руа­шылығы министрі, қа­зір Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситеті­нің ректоры болып қыз­метке келген Ақылбек Күріш­баев­­пен кез­дестім. Кездесудегі мақ­­сатым су саласына жақсы ма­­ман­дар даярлау мәселесі еді. Сон­­да осының бәрін айттым. Мен суға қатысты жұмысымды әлі тоқ­­­татқан жоқ­пын. Қазір мемлекетара­лық су ша­руашылығын үйлестіру комис­сиясы жанындағы ғылыми-ақпа­раттық орталығының Қа­зақ филиалын басқарып отырмын. Бұ­ған мемлекеттен ақша төленбейді.

Кезінде астана Ақмолаға кө­шетін кезде маған жасыңыз 60-қа келіп қалды деп жұмыстан босатты. Содан кейін «біраз тәжі­рибем бар, оны қайда жаратамын» деп ойландым. Абайдың Бі­рінші қарасөзінде: «Мен енді қал­ған өмірімде немен айналысамын?» деп айтатыны бар ғой. Сол айтқандай, өз үйрен­генімді кейінгілерге үйретіп кетейін деп шештім. Ол кезде су маманда­­рын даярлай­тын Қ.Сәтбаев атында­ғы ұлттық техникалық университет бар еді. Сөйтіп, 23 жыл осы салада жұмыс істедім. Бірақ бұл ме­нің қосымша жұмысым еді. Уни­вер­ситеттен алған жала­қымды қа­зір­гі орталықта жұмыс істейтін кө­­мекшілеріме айлық етіп беріп отырдым. 23 жылда біраз маман даярлап шығардым.

– Қазір Астана қаласында да су проблемасы бар. Кеш түссе, қаланың оң жағалауында су  тапшылығы байқалады. Бұған не дейсіз?

– Мен кезінде Алматы қаласын қалай сумен қамту керек екенін зерттеп жаздым. Алматы қазір жерасты суын тауысты. Одан әрі қарай не болады дегенді Алма­тының әкімі де, суды бас­қарып отырған мекеме де ойлап отырған жоқ. Сол сияқты астана Ақмолаға кө­шіп жатқан кезде ең бірінші болып мәселе көтердім. Сол кезде 200 мың халқы бар Ақмоланы Вячеслав су қоймасы (Астанадан 60 шақырым жерде) қамтып отырды. Сол жерлерде менің бәтіңкемнің ізі сайрап жатыр. Соның бәрін зерттеп, алда болатын жағдайды ескерткен­мін. Мәселен, ол су қоймасының бір жылда беретін су қорының мүм­кіндігі 60 млн текше метр ғана. Ол 200 мың халыққа арналған. Ал қазір Астанада 1 млн 300 мың халық бар. Ал бұған 150 млн текше метр су қажет. Және ол су қой­масынан қалаға жеткізетін су деңгейінің көтерілуі сол кезде 4-5 қабатты үйлерге арналған. Қазір Астана ғимараттары­ның алды 70 қабатқа жетіп қалды. 20-30 қабатты үйлерге су жеткізу үшін оған сорғы қояды. Бірақ ондай қысымға құбырдың диаметрі сәйкес келуі керек. Кезінде су жетпеген соң, асығыс жағдайда Ертіс арнасының суын Есілге сорғы­мен қосқан. Қазір Астанаға сол көмек­тесіп отыр. Бірақ оның өзі уақытша. Астананың келешегі – Ертіс өзені. Мен оны баяғыдан айтып келемін. Семейден 60 ша­қырым жерде Шүлбі деген су қой­масы тұр. Сол су қоймасын саларда жобасын зерттедік. Жал­пы, орталық және солтүстік өңірді құтқаратын – Шүлбі су қоймасы. Оның сыйымдылы­ғын, деңгейін көтеруіміз керек, өйт­кені қойманың табаны дұрыс салынған. Енді оны тағы 20 метрге көбейтіп, көтеру қажет. Ертістің суы Ақмолаға сорғымен емес, жердің ылдиымен де құйылады. Соның құрылысын қайта есептеу қажет. Ол жақта біздің барлық астығымыз, байлығымыз жатыр. Мәселен, қазір Португалия, Испанияда қуаңшылық басталып, салған егіні қурап қалды. Ертең ондай жағдай бізге де жетуі мүмкін. Сол кезде Ертістің суымен егістікті аман алып қалуға бо­лады. Яғни сол арна арқылы Арқаға 1 млрд текше метр су жет­кізуге мүмкіндік бар. Бұл кезін­де зерттеліп, дәлелденген. Бас­қа амал жоқ. Барлық ауыл, аудан,­ облыстағы мәселені осылай бастан-аяқ шешу керек.

Елдегі барлық арнаның ­18 мың­ шақырым бөлігі жөндеуді қажет етеді, инфрақұрылымның тозуы кей өңірлерде 80%-ға жет­кендіктен, бар суды тиімсіз пайдалану жағдайы да өткір күйде қалып отыр. Бұған қоса ел аумағында­ғы жерасты сулары көздерінің нақты көлемін қайта есептеп, сапасын анықтау ісі күн тәртібінде тұр. Тезірек суды үнемдеу, тиімді пай­­далану саясатын жүргізуі­міз қажет. Мен жоғарыда бар өмірім­ді суға арнадым деп айттым, әйткенмен менің де әлі білмейтін нәрселерім көп. Абайдың бір сөзі бар ғой, «Ақылдыдан шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген. Президенттің бұл сөзі – ақыл­дының сөзі. Ол талапты әрі осы салаға жауапты министрге жетуге тиіс.

– Уақыт бөліп, сұхбат бер­геніңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бақытбек ҚАДЫР,

«Egemen Qazaqstan»