Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– Мен бес жыл университетте су мамандығы бойынша оқып, диплом алдым. 1957 жылдан бастап суды зерттеп жүргеніме 70 жылдың жүзі болыпты. 5 жыл оқып, 65 жыл су саласында қызмет істедім. Міне, әлі күнге дейін сол судың проблемасымен айналысып отырмын. Судан басқа ештеңеге мойын бұрмадым. Мұның түбіне шейін жетейін дедім. Сөйтіп, оқу бітіргеннен кейін Алматыдан 60 шақырым жердегі Түрген деген өзенді басқаратын болдым. Сонда еңбек жолымды бастадым. Кезінде дүркіреп тұрған жер еді. Өткенде бардым, ғажап өзен екен. Суы тап-таза, айналасы жап-жасыл. Өкініштісі сол – соның бәрі бүгінде жекеменшікке өтіп кетіпті.
– Президенттің кеңейтілген кеңесте су тапшылығы жөнінде айтқанын естіген шығарсыз. Әңгімені осыдан тарқатсақ...
– Иә, естіп-біліп отырмын. Ол – рас сөз. Бірақ 2040 жыл емес, қазірдің өзінде су тапшылығы байқалып отыр. Мысалы, Сырдарияның суын төрт мемлекет тұтынамыз. Бір үлесі бізге тиесілі. Қазір Сырдарияның суына сұраныс бұрынғыдан екі есе артты. Сырдың суымен егістік жерлерді суарамыз, ауыз суға пайдаланамыз. Одан қайтатын лас су 12 млрд текше метр болады. Ал өзінің жалпы су қоры – 37 млрд текше метр, оның төрттен бірі қайтадан лас күйінде арнаға құйылады (12 млрд текше метр). Төрт мемлекет соны ішіп отырмыз. Екінші, бізде суды үнемдеу мәселесі тұр. Бізге келешекте Қытай бір қасық су артық бермейді, Еділден Ертіске дейін Ресеймен жеті өзен шектеседі, олар да бір шелек су артық бермейді. Қырғыз елімен шектесетін Шу мен Талас өзендері бар. Бұл екі өзеннің атауы айтып тұрғандай, тағдыры – айқай-шу, тартыс-талас. Баяғыдан бері солай болып келеді. Көршілердің өздеріне де су жетпей жатыр. Біз суды үнемдемей, далаға ағызып жібереміз де, Өзбекстаннан, Қытайдан, Қырғыз Республикасынан, Ресейден су сұраймыз. Олар сонда суды үнемдеп, өңдеп бізге бере салуы керек пе? Мұнымен өзіміз айналысуымыз керек.
Жеріміз үлкен, оның 70%-ы – шөлейтті дала. Ол жерлерді пайдаланамыз, елді дамытамыз десек, ең бірінші су қажет. Сондықтан менің бұрыннан айтып келе жатқан ұраным: «Мемлекет негізі – жер мен су». Уақыт өткен сайын суға сұраныс арта береді. Өйткені халықтың саны, оған қажетті азық, оның жұмыс істейтін зауыт-фабрикасы секілді шаруалары көбейеді. Айтпағым, бүгін Қазақстанда 20 млн халық болса, енді біраз жылда 40 млн-ға жететіні сөзсіз. Ал судың мөлшері осы күйінде қалады немесе бұдан азаюы мүмкін.
– Сол үшін суды үнемдеу қажет екені түсінікті. Енді оған кәсіби маман ретінде қандай ұсыныс айтасыз?
– Суды үнемдеу – ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Қазір әр адамға тәулігіне 200 литр су берілсе (ауыл, қалаға бірдей), бұдан бұл жағдай күрделенуі мүмкін. Өйткені қазір шүмектегі суды ағызып қойып, беті-қолды жуып жатқанда су босқа ағып тұрады. Ол босқа аққан су кәрізге кетеді. Осы жерде «ол неге тегін ағып жатыр?» деген сұрақ туындауы керек қой. Мысалы, мен шүмектен қолымды алғанда су тоқтап тұруға тиіс. Қазір ондай құрылғылар бар. Осыны әр отбасына, әр мекемеге енгізу қажет. Мен су проблемасын зерттеп жүріп, әлемнің біраз елін араладым. Бір жолы араб еліне бардым. Сонда бір нәрсеге қайран қалдым. Бір үйге кіріп, қол жуып тұрған едім, қол жуған су сарқырап бір жерге құйылып жатқан секілді. Байқасам, қол жуған суды кәрізге жібермей, оны унитазды тазалайтын бакқа құяды екен. Қысқасы, олар бір рет қолданған суды екінші рет пайдаланып отыр. Ал біз қайтеміз? Бәрін таза сумен толтырып, оны сарқыратып кәрізге жібереміз. Үнемдеуді осындай кішкентай нәрселерден бастауымыз керек. Екінші, суды үнемдеу суармалы жерлерге де қатысты. Мәселен, қазір елімізде 2 млн гектар суармалы жер бар. Бұл егістік алқаптарға су жеткізетін арнаның ұзындығы 30 мың км-ден асады. Осы 2 млн гектар егістік жерге 20 млрд текше метр су жібереміз. Енді осы 20 млрд текше метр су 30 мың км жермен жүріп жеткенде оның 40%-ы арнаның табанына сіңіп кетеді. Мұны судың шығыны дейді. 20 млрд текше метр судан 40%-ын алсақ, бұл 8 млрд текше метр су болады. Шу өзенінің бір жылдық су қорының мөлшері – 8 млрд текше метр. Ал бұл Шудың суымен екі елдің жақын орналасқан облыстары күн көріп отыр. Қарап тұрсаңыз, қарапайым нәрсе. Қаншама су рәсуа болып жатқанын түсіну үшін маман болудың қажеті жоқ. Мұны үнемдеуге болады. Қазір пластик құбыр жетеді, тіпті одан басқа да түрлері көп. Сол арқылы өте көп суды үнемдеуге болар еді. Еліміздің келешегі – суды үнемдеуінде.
– Қайта өңдеу арқылы да суды үнемдеуге болатыны өзіңізге мәлім. Бұл жағын қалай реттеуге болады?
– Алматыда 35-тей зауыт-фабрика бар. Қаланың тап-таза суын техникаға пайдаланады да, оны кәрізге жібереді. Ал бұл жағдай шетелдерде қалай болатынын айтайын. Су беруші зауыт-фабрикаға «мына таза суды пайдаландыңыз, енді бұл лас суды кәрізге жібермеңіз, оны сіз немен ластағаныңызды жақсы білесіз. Суды қайта тазалап, өндіріске жөнелтіңіз» дейді екен. Ал бізде өңдеу былай тұрсын, өндірістен шыққан суды өзен-көлдерге төгіп, экологияны ластап жатыр.
– Қазір ХХІ ғасыр. Алайда ауыз суға жетпей аңқасы кеуіп отырған ауылдар әлі де бар екені белгілі. Мұның себебі неде?
– Осыдан он жыл бұрын БҰҰ су туралы «Мемлекеттің ең бірінші жауап беретін жұмысы – халықты сапалы әрі таза ауыз сумен қамтамасыз ету» деген құжат қабылдады. Біз де оған қол қойдық және БҰҰ мүшесіміз. Мемлекет мұны бір сәт естен шығармауға тиіс. Ал біздің кейбір шенеуніктер заңды орындауға құлықсыз. Мысалы, Үкіметтен бір ауылға су құбырын тартуға бөлінген тендерді бір компания ұтып алады. Олар берген ақшаны қалтаға басады да, құбырларды айдалаға тастап-тастап кете барады. Оны тергеп-тексеріп жатқан заң да, пенде де жоқ. Ақша бөлінгеннен кейін жергілікті әкімдік оны қадағалап, тексеріп қабылдап алуы керек қой. Мен кезінде Су шаруашылығы министрі болып тұрған кезде бір жылда 1 700 км су құбырын салынатын, әлі күнге есеп-қисабы қатталып-шотталып архивте тұр. Қазір не істеліп жатыр? Бұл министрліктің өзі де жоқ.
Әр адамға таза әрі сапалы ауыз су беру мемлекеттің ең негізгі міндеті екенін айттық. Ауыз су – мемлекет қауіпсіздігі. Ауру-сырқаудың көбі осы ауыз су арқылы тарайтыны – дәлелденген нәрсе. Тазалық басы – ауыз су. Қазір кәріз суы мен ауыз суы араласып кеткен ауылдар бар. Халық не ішіп жатқанын біліп жатқан жоқ. Екеуін араластырып ішіп отыр. Мысалы, Алматыда жер астында ауыз суға келетін құбыр бар, ал оның жанында лас су ағатын құбыр тұр. Құбырдың шұрық-тесігінен су ағып, екеуі араласып батпақтың арасында жатыр. Сонда бұл қандай тазалық болады? Мұны күн сайын лаборанттар зерттеп-қадағалап отыруға тиіс емес пе? Егер біз таза су ішпесек, онда у ішеміз.
– Осыдан үш жыл бұрын Экология және табиғи ресурстар министрлігінің суға қатысты он жылдық тұжырымдамасын сынға алдыңыз. Одан кейін нәтиже байқалды ма?
– Жоқ, ешқандай нәтиже байқалмайды.
– Елімізде су проблемасы маңызды екені түсінікті. Ендеше маңызды салаға кәсіби мамандар даярлау жағы қалай?
– Жақында бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, қазір Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры болып қызметке келген Ақылбек Күрішбаевпен кездестім. Кездесудегі мақсатым су саласына жақсы мамандар даярлау мәселесі еді. Сонда осының бәрін айттым. Мен суға қатысты жұмысымды әлі тоқтатқан жоқпын. Қазір мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы жанындағы ғылыми-ақпараттық орталығының Қазақ филиалын басқарып отырмын. Бұған мемлекеттен ақша төленбейді.
Кезінде астана Ақмолаға көшетін кезде маған жасыңыз 60-қа келіп қалды деп жұмыстан босатты. Содан кейін «біраз тәжірибем бар, оны қайда жаратамын» деп ойландым. Абайдың Бірінші қарасөзінде: «Мен енді қалған өмірімде немен айналысамын?» деп айтатыны бар ғой. Сол айтқандай, өз үйренгенімді кейінгілерге үйретіп кетейін деп шештім. Ол кезде су мамандарын даярлайтын Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университет бар еді. Сөйтіп, 23 жыл осы салада жұмыс істедім. Бірақ бұл менің қосымша жұмысым еді. Университеттен алған жалақымды қазіргі орталықта жұмыс істейтін көмекшілеріме айлық етіп беріп отырдым. 23 жылда біраз маман даярлап шығардым.
– Қазір Астана қаласында да су проблемасы бар. Кеш түссе, қаланың оң жағалауында су тапшылығы байқалады. Бұған не дейсіз?
– Мен кезінде Алматы қаласын қалай сумен қамту керек екенін зерттеп жаздым. Алматы қазір жерасты суын тауысты. Одан әрі қарай не болады дегенді Алматының әкімі де, суды басқарып отырған мекеме де ойлап отырған жоқ. Сол сияқты астана Ақмолаға көшіп жатқан кезде ең бірінші болып мәселе көтердім. Сол кезде 200 мың халқы бар Ақмоланы Вячеслав су қоймасы (Астанадан 60 шақырым жерде) қамтып отырды. Сол жерлерде менің бәтіңкемнің ізі сайрап жатыр. Соның бәрін зерттеп, алда болатын жағдайды ескерткенмін. Мәселен, ол су қоймасының бір жылда беретін су қорының мүмкіндігі 60 млн текше метр ғана. Ол 200 мың халыққа арналған. Ал қазір Астанада 1 млн 300 мың халық бар. Ал бұған 150 млн текше метр су қажет. Және ол су қоймасынан қалаға жеткізетін су деңгейінің көтерілуі сол кезде 4-5 қабатты үйлерге арналған. Қазір Астана ғимараттарының алды 70 қабатқа жетіп қалды. 20-30 қабатты үйлерге су жеткізу үшін оған сорғы қояды. Бірақ ондай қысымға құбырдың диаметрі сәйкес келуі керек. Кезінде су жетпеген соң, асығыс жағдайда Ертіс арнасының суын Есілге сорғымен қосқан. Қазір Астанаға сол көмектесіп отыр. Бірақ оның өзі уақытша. Астананың келешегі – Ертіс өзені. Мен оны баяғыдан айтып келемін. Семейден 60 шақырым жерде Шүлбі деген су қоймасы тұр. Сол су қоймасын саларда жобасын зерттедік. Жалпы, орталық және солтүстік өңірді құтқаратын – Шүлбі су қоймасы. Оның сыйымдылығын, деңгейін көтеруіміз керек, өйткені қойманың табаны дұрыс салынған. Енді оны тағы 20 метрге көбейтіп, көтеру қажет. Ертістің суы Ақмолаға сорғымен емес, жердің ылдиымен де құйылады. Соның құрылысын қайта есептеу қажет. Ол жақта біздің барлық астығымыз, байлығымыз жатыр. Мәселен, қазір Португалия, Испанияда қуаңшылық басталып, салған егіні қурап қалды. Ертең ондай жағдай бізге де жетуі мүмкін. Сол кезде Ертістің суымен егістікті аман алып қалуға болады. Яғни сол арна арқылы Арқаға 1 млрд текше метр су жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл кезінде зерттеліп, дәлелденген. Басқа амал жоқ. Барлық ауыл, аудан, облыстағы мәселені осылай бастан-аяқ шешу керек.
Елдегі барлық арнаның 18 мың шақырым бөлігі жөндеуді қажет етеді, инфрақұрылымның тозуы кей өңірлерде 80%-ға жеткендіктен, бар суды тиімсіз пайдалану жағдайы да өткір күйде қалып отыр. Бұған қоса ел аумағындағы жерасты сулары көздерінің нақты көлемін қайта есептеп, сапасын анықтау ісі күн тәртібінде тұр. Тезірек суды үнемдеу, тиімді пайдалану саясатын жүргізуіміз қажет. Мен жоғарыда бар өмірімді суға арнадым деп айттым, әйткенмен менің де әлі білмейтін нәрселерім көп. Абайдың бір сөзі бар ғой, «Ақылдыдан шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген. Президенттің бұл сөзі – ақылдының сөзі. Ол талапты әрі осы салаға жауапты министрге жетуге тиіс.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Әңгімелескен
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»