Тағзым • Кеше

Ерлік пен тарих

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

8 ақпанда ұлттық батальонның тәжік-ауған шекарасынан туған елімізге оралғанына 25 жыл толуына орай ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасында «Тағзым» іс-шарасы өтті. Жетісу облысы бойынша департаментінің бастығы полковник М.Нарбаев, Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Ербол Түлкібаев, отставкадағы генерал-майор Марат Мажитов, тәжік-ауған шекарасының ардагерлері, «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері қатысып, жат елдің шекарасын қорғау кезінде ерлікпен қаза тапқан батыр шекарашыларға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті, деп жазады Egemen.kz.

Ерлік пен тарих

Тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған шекарашылар бас қосқан жиында Шекара қызметінің батыры Раджан Батырқановтың қаруластары Толкынжон Мурзаев, Рахметжан Шамиев, Ренат Нурмаметовтар да жүрді. Шынымды айтсам, бұл – мен үшін күтпеген оқиға болатын. Біз – журналистер тәжік-ауған шекарасында болған қазақстандық батальондар туралы газет-журналдарға көлемді мақалалар жазумен шектелген жоқпыз. Кітаптардың жарық көруіне белсене атсалыстық. Есесіне, дәл Р.Батырқанов секілді батыр шекарашымен бірге болған жауынгерлермен кездесіп, сұхбаттас болу бақытын иеленген жоқ едік... Дегенмен, осыдан бір жыл бұрын осы олқылықтың орнын толтырудың сәті түскен. 1994 жылы өзінің азаматтық борышын өтеп жүрген жерінен Тәжікстанға аттанып, біздің батыр шекарашымен бірге қызмет атқарған қатардағы жауынгер Т.Мурзаевпен сұхбаттасқанбыз. Ол мінезі ашық, бауырмал жан екен.   

«Біз жат елдің шекарасына Раджаннан бұрын аттандық», деген болатын Толкынжон Тойшыұлы. Ал шындығында біз бірге жазылғанбыз. Алайда, осы кезде Күршімде волейболдан жарыс өтетін болды да, Раджан соған қатысу үшін бізден қалып қойды. Біз досымызбен тәжік-ауған шекарасында екінші мерзімге қалған кезімізде кездесіп, қауышып едік.   

Ол спортшы болатын. Негізінде ол ерекше жан еді. Осындай достың қаза тапқанына биылғы қыркүйекте 32 жыл толады. Зулаған уақыт-ай. Сол кезде біз небәрі он тоғыздағы бозбала едік. Ерлік жасауға асығып тұратынбыз. Сондықтан да біз моджахедтермен болған ұрыста ештеңеден тайсалған жоқпыз. Ал Раджан екібастан...

тәжік

Алдымен біздің бір сарбаз жаудың көлігін жарып жіберді. Бұл кезде бірінші нүктені алып үлгерген Раджан біздің оң қапталда дұшпандармен соғысып жатқан. Ол командирі мен достарын жаудың оғынан аман алып қалу үшін жанталасып жатып, аяғынан ауыр жараланды. Жаудың нысанасы да сол болып, оқтардың жаңбырша жауғаны сонша Раджан жараланған кезде оған бірнеше қадамдай жерде жатқан Ринат та жақындай алмап еді.

Жауды тас-талқан етіп барып, қасына жеткенімізде қайран достың демі үзіліпті.

Осылай деген Толқын ауыр күрсінген. Біз тәжік-ауған шекарасының батырын тағы да сөзге тартуға асықпадық. Мұны қажет деп те таппадық. Раджан туралы қаншама мақала жазылып, кітаптар жарық көрді. Біз үшін ең маңыздысы, батыр оғланның досымен кездесіп, тәжік-ауған шекарасының ардагерімен сұхбаттасу болатын.

... Енді міне, бүгін қазақстандық соңғы 24-ші батальонның тәжік-ауған шекарасынан туған елге оралғанына 25 жыл толуына орай өткен ауқымды жиында сөз сөйлеген департамент бастығының орынбасары полковник Ербол Түлкібаев, отставкадағы генерал-майор Марат Мажитов, Ренат Нурмаметовтар өз естеліктерімен бөлісті.

Айта кетерлігі, полковник Е.Түлкібаев тәжік-ауған шекарасына аттанған кезде бұрынғы Күршім шекара отрядында қызмет атқаратын. Ал Ренат екі елдің арасын бөліп тұрған Пяндж бойында өткен күндерін, 1994 жылғы қыркүйек айында болған тарихи оқиға – моджахедтермен болған күші тең емес ұрыс жайында тоқталған.

Шара соңы шағын концерттік бағдарламаға ұласып, клуб бастығы аға сержант Дастан Сембаев «Ауған жыры» атты патриоттық әнді нақышына келтіре орындады.

Иә, Душанбе әуежайының бетон жолағынан соңғы қазақстандық батальонды алып ұшқан «АН-72» ұшағының көкке көтерілгеніне де 25 жыл өтті. Уақыт өткенмен, сол күндердің ізі жауынгерлер жадында және ҰҚК Шекара қызметінің жауынгерлік шежіресінде сақталып қалды. Қаза тапқандардың есімі ұмытылмауы тиіс. Өйткені өткенді естен шығарсақ, бүгінгі тіршіліктің қадірін де жоғалтамыз. Бүгінгі бас қосу – соның нақты дәлеліндей.    

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті.

Соңғы жаңалықтар

Ерлік пен тарих

Тағзым • Кеше