«Кішкентай өлім» – танымал классика санатына енген санаулы заманауи балеттердің бірі. Моцарттың кемеңгер музыкасына қойылған теңдессіз балет бестселлері «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың тікелей бастамасымен талғампаз көрерменге жол тартты.
– Алтынай Әбдуахымқызы елордалық театрсүйер қауымды әр кез таңғалдырып келе жатқанын атап өтуіміз қажет. Тамсандыратын себебі – оның гала-балеттерінің барлығы әртүрлі. Олардың әрқайсысы ерекше бағытта орындалады. Мәселен, балет шеберінің соңғы гала-бағдарламасы би өнері жанкүйерлерін театрымыздың керемет жас әртістерімен, жаңа балет буынымен таныстырды. Ал басқа бағдарламаларда классикадан бастап, заманауи балеттерге дейін бүкіл әлемдік балеттің даму желісін бақылауға болады, – деген театр директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев тұлға талғамына айрықша тоқталып өтті.
Ал Алтынай Асылмұратова премьераалды баспасөз мәслихатында елордалық көпшілікке Килианның 90-жылдардағы шығармашылығымен, атап айтқанда «ақ-қара» балеттер топтамасымен танысуды ұсынды. Себебі бұл кезеңде атақты хореографта айрықша стиль қалыптасты, соның нәтижесінде И.Килианды философ-балетмейстер деп атай бастаған болатын.
– Мен «Астана Операда» классикадан бастап, неоклассикаға дейін балет тарихында болған үздік шығармаларды көрсеткім келеді. Балетте біртұтас бағыттың негізін қалаған Иржи Килиан өз дәуірінің ең кемеңгер хореографы саналады. Заманымыздың балетмейстерлерінің жаңа саңлақтар тобы дәл содан басталады. Мен осыған дейін театрымызда Иржи Килианның қойылымдары өтсе екен деп армандайтынмын. Оның данышпандық тұнған балеттері көп, әйтсе де ең танымалдары – «Алты би» мен «Кішкентай өлім». Арманым орындалып, «Алты биін» былтыр театрымыздың сахнасында қойдық, енді, міне, репертуарымыз «Кішкентай өліммен» толықпақ. Бұлар «ақ-қара түсті» балеттер топтамасына жатқызылады, себебі аталған спектакльдерде түрлі-түсті костюмдер мен декорациялар жоқ, – деді Алтынай Асылмұратова.
«Кішкентай өлім» – танымал классика санатына енген санаулы заманауи балеттердің бірі. Ол ерекше әрі қызықты хореографиялық шешімдерге толы және сюрреализм мен абстракция мәнерінде жасалған тамаша туынды. Спектакльдің айрықша еркіндікпен жасалғаны сонша, айтулы премьера бекзат өнердің талғампаз көрерменін таңғажайып әлемнің тұңғиығына бойлатты.
Моцарттың мұнтаздай музыкасына құрылған балеттің «Кішкентай өлім» атауының өзі бейәдеп мағынадан ада, махаббаттың шарықтау шыңын білдіреді. Бұл балетте трагедия жоқ, бірақ сезімталдық бар. Килианның данышпандығы да осында – ол еліктіргіш көрініс жасай отырып, тәуекелге белін буады. Балет 1991 жылы Зальцбург фестивалі үшін қойылған. Арада біршама уақыт өтсе де ол әлі де өзектілігін жойған жоқ.
Айтулы қойылымда Нидерланд би театрының балетмейстері әрі премьері Стефан Жеромский Иржи Килианның ассистенті болды. Көркемдік-қойылым бөлімінің жетекшісі ретінде таңдалған Юст Бигелар балетті жарық, декорация және костюммен көркемдеді. «Кішкентай өлімнің» басты ерекшелігі – қойылымда қара жұмсақ декорациялар мен роликтердегі жылжымалы кринолин көйлектер қолданылды. Барлығы минималистік стильде, ақ-қара түске құрылған. Қойылым сонысымен де ерекше.
Тамаша балеттің бірінші дуэтін әр күндері Евгений Рыбкин Камила Ормановамен және Гүлназ Жанаевамен бірге әсерлі орындады. Екінші дуэттің әртістері – София Әділханова, Руслан Қанағат, Бақытгүл Испанова мен Ислам Қайыпбай дененің таңғаларлық пластикасын паш етті. Күрделі үшінші дуэтті орындау театрдың прималарына сеніп тапсырылды, онда Әйгерім Бекетаева Данияр Жұматаевпен, Шұғыла Әдепхан Арман Оразовпен жұп болып биледі. Әртістер шебер өнер көрсетті.
– Осындай балеттерді билеуге мүмкіндік бергені үшін алдымен театр басшылығына алғысымды айтқым келеді. Бұл біз үшін бір жағынан тәжірибе болса, екінші жағынан физикалық тұрғыда өсуге және ой-өрісімізді кеңейтуге тамаша шеберлік мектебі болды. Сондай-ақ Стефан мырзаға еңбегі үшін ризашылығымды білдіремін. Шыдамдылығы, әрбір әртіске жол таба білгені үшін рақмет. Бұл балетте қимылдар мүлде басқаша. Жеке өз басым Килианның балетін алғаш рет билеуім. Осындай жауһарды орындау – мен үшін үлкен бақыт. Моцарттың музыкасы мен Килианның хореографиясы әлдебір ғажап дүние. Ал балеттің ерекшелігі – хореограф оған философиялық көзқараспен келген. 19 минут ішінде біз сіздерге ер мен әйелдің рухани тұрғыда қалай ләззатқа бөленетіні жайлы айтып береміз. Өздеріңіз көзайым болғандай, менің бидегі серіктесім жас әртіс Данияр Жұматаев болды. Ол жас болса да өте дарынды, екеуіміз бірден тіл табысып кеттік, – деп дайындық барысындағы әсерімен бөлісті «Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі, театр примасы Айгерім Бекетаева.
Расымен де, балериналар қатысқан жарқын көріністер баршаны таңғалдырды. Қыздар сахнаға дөңгелекпен қозғалатын салтанатты қара көйлектермен шықты. Солистердің ерекше көйлектерде әдемі қозғалғаны сонша, би өзіндік медитативтілікке ие болып, әлдебір затқа тәуелділікті жоғалтқандай болды. Моцарттың уақытпен шектелмеген музыкасына шебер салынған пластика тілі арқылы Килиан көрерменмен өнердің мәңгі өшпейтіні жайында сөйлесті.
Ал «Астана Опера» Симфониялық оркестрін басқаратын жас қоюшы дирижер Элмар Бөрібаев музыкалық-оркестрлік материалға салған композитордың әрбір нотасының терең философиялық мәнін жеткізуде айрықша жарқырады. Бір сөзбен айтқанда, ұжым түгел Моцарттың философиясы мен Иржи Килианның балет эстетикасына бағытталған шығармашылықтың еркін әлемінде шарықтады. Жұртшылықтың ыстық ықыласы ғана әртістерді шынайы өмірге қайта әкелді, олар көрермендердің «Бәрекелді!» деген дауыстарына жымия жауап қайтарудан және бас июден шаршаған жоқ.