«Төтенше жағдайлардың алдын-алуға баса көңіл бөлу керек. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Өткен аптада Қазақстанның солтүстігінде және Ресейдің шекаралас аймақтарында болған өрттің түтіні елордаға дейін жетті. Ал табиғи өрттерге қарсы дайындық шаралары талапқа сай болмай тұр. Біз мұның қайғылы жағдайларға әкеліп соғатынын көріп отырмыз», деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-министр күн жылына бастағаннан бері елімізде 120-дан астам табиғи өрт оқиғасы тіркелгенін атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, олар көп жағдайда адамдардың кінәсінен, қауіпсіздік шараларын сақтамағаннан болады.
«Тіпті, елді-мекендерге іргелес аумақтар мен алқаптардан басталған өрт тұрғын үйлерге ауысып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп отыр. Биыл осындай 14 жағдай тіркелді. Бұл – бірінші кезекте, өрт қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті органдар мен жедел әрекет етуі тиіс төтенше жағдай қызметтері мен әкімдіктердің жұмысындағы кемшілік. Сондықтан өрттен қорғайтын белдеулерді жырту, іргелес аумақтарды қураған шөптерден тазарту сияқты жұмыстарды тез арада жүргізу керек», деді Үкімет басшысы.