16 Шілде, 2014

Әйел бақытының ғажабы – бала сүйіп, ана атану

5847 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
ана мен бала-3 Жаратқан иеміз әйел пешенесіне қаншама бейнетті үйіп төксе де, соның қайтарымы шығар, мейірім нұрына шомылдырып, еміреніп бала сүйіп, ана болу бақытын сезінуді маңдайына жазған. Өзінің қанынан, жанынан жаралған құртақандай тіршілік иесінің омырауы­на мұрнын тығып, алпыс екі тамырын идіріп, ет жүрегін елжіретуі, болмаса соның пысылдап, жұмақ исі бұрқырап ұйқыға кеткен сәтін көру – бұл жалғандағы теңдесі жоқ бекзат дүние... Иә, өмірге ұрпақ әкеліп, адамнан адамның жаратылуы оңай емес. «Жүкті әйелдің бір аяғы жерде болса, бір аяғы көрде» деп, қазекем оның ана өміріне аса қауіптілігін екі ауыз сөзге сыйдырып айтқан ғой. Міне, осы бір кез келген әйелдің басынан өтетін шешуі қиын шақта солардан бір кем қиналмайтын, күн, түн демей ана мен бала күзетінде сақшыдай қырағы тұрып, екеуінің де өмірін сақтауға бірден бір жауапты акушер-гинеколог маманның еңбегі өлшеусіз. Әсіресе, қиын сәтте қолынан қандауыры түспейтін хирургиялық профильдегі акушер-гинеколог маманның өмірмен арпалыс кезінде тез шешім қабылдап, тәуекелге баруы ерлікпен пара-пар десек, артық айтқандық емес. Міне, осындай қиын сәтте нар тәуекелге барып, уақытпен санаспай, ана мен баланың өмірі үшін күресте өзін ұмытып, өзгелерге қуаныш сыйлаушы, Алматыдай үлкен мегаполисте қатардағы перзентхана емес, қатерлі топтағы жүкті әйелдерді босандыруда кәсіби жоғары біліктілігімен, жылы жүрегімен еліміздегі босандыру ісін дамытуға мол үлес қосып жүрген Қалалық перинаталдық орталықтың директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Эльмира Жақашеваның орны да, жөні де бөлек. Оған дәлел, жоғары санаттағы дәрігер, акушер-гинеколог, денсаулық сақтау ісінің ұйымдастыру­­­шысы 2008 жылы «Алтын қандауыр» сыйлығының иегері атанса, 2009 жылы «Қазақстанның үздік адамдары», «Қазақстан ғалымдарының алтын қоры» энциклопедияларына есімі жазылды. Ана мен бала өлімінің көрсеткішін төмендетуге қол жеткізген табыстары үшін Қазақстан Республика­сының Конституциясына 15 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Денсаулық сақтау саласының үздiгi, тәңірі қалаған дәрігер, алтын қолды хирург, кәсіби акушер-гинеколог Эльмира ЖАҚАШЕВАМЕН сұхбаттасудың сәті түскен-ді. Жакашева ЭК– Эльмира Қоқыбайқызы, таңдаған мамандығыңыз өте жауапты, әрі қызықты да. Өйткені, үнемі адамға өмір сыйлау көзінің басында тұрасыздар. Айтыңызшы, сіз басқаратын қаладағы жүкті әйелдерге акушерлік-гинекологиялық көмек көрсететін мамандандырылған орталықтың қатардағы перзентханалардан айырмашылығы неде? – Қалалық перинаталдық орталық – қатерлі топтағы жүкті әйелдерге босану үстіндегі, босанғаннан кейінгі кезеңдерде жоғары маманданған акушерлік-гинекологиялық және неона­то­­­логиялық көмек көрсететін, сонымен қатар, шала туған нәрестеге күтім жасайтын еліміздегі ең ірі мекеменің бірі. 270 төсектік орталықта жылына шамамен 7,5-8 мың босану өтсе, оның 20 пайызы мерзімінен ерте босанатындар. Бүгінгі таңда орталық Алматы қаласы бойынша босандыру қызметіне арналған ұйымдастыру-әдістемелік орталық болып та табылады, сондай-ақ, шаһардың акушерлік-гинекологиялық профильді мекемелеріне практикалық, теориялық және ұйымдастыру көмегін көрсетеді. Жыл сайын орталық базасында қаланың босандыру мекемелерінің акушер-гинеколог, неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, аға медбике мен акушерлері біліктіліктерін арттырады. Онда жоға­рыда аталған мамандық дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері қайта даярлықтан өтеді және дипломнан кейінгі білім алады. – Өткен тарихты еске алмай, болашақ туралы айтуға болмас, перзентхананың тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз. – Медицинаның дамуы және түрлі салалардағы жетістіктер, соның ішінде акушерлік ғылым қазіргі уақытта жүрек, өкпе, бүйрек, қан және басқа органдардың күрделі аурулары бар көптеген әйелдердің ана атанып, бала сүюіне мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, медицинаның жаңа саласы – перинатология пайда болды. Жалпы, жаңа өмір нәресте туылған сәттен басталмайды, қызыл шақаның денсаулығы ұрықтың саулығына, сапасына да байланысты. Ендеше, перинаталдық медициналық көмектің мәні дүниеге келген баланың ғана емес, сонымен қатар, ұрықты да бақылайды. Қауіптілігі жоғары жүкті әйелдер және олардың сәбилерін қорғау мақсатында 1991 жылы №3 перзентхана базасында Қазақстанда тұңғыш рет Қалалық перинаталдық орталық құрылды. 11 жыл бойы бұл перинаталдық орталықты жоғары санаттағы денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, медицина ғылымдарының докторы Зәуреш Аманжолова басқарды. «Алтын қандауыр» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, «ҚР үздік жыл дәрігері» (2005 ж.) Зәуреш Жұманәліқызы 2 мыңға жуық операция жасап, 4 мыңға жуық әйелді босандырды. Сондай-ақ, акушерлік пен гинекологияда тәжірибесі мол көптеген мамандарды дайындап шығарды. Ал мен орталықты 2006 жылдан бері басқарамын. Орталық Алматы мемлекеттік дәрі­­­­герлердің білімін жетілдіру инсти­­­тутының, ҚазҰМУ-дің акушер­лік-ги­­некология және неонатология ка­федраларының, қалалық медицина кол­­­леджі мен орта медицина қыз­меткерлерінің біліктілігін арттыру училищесінің клиникалық базасы болып табылады. Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық ғылыми орталығының дәрігер-интерндері стационардан клиникалық тәжірибеден өтеді. Республика денсаулық сақтау ісі мен ДДҰ басшылығы ұйымдастырған бағдарламаларға сәйкес, біздің орталық ДДҰ және ЮНИСЕФ-тің ең алғашқы оқу базасына айналды. Осыған орай 1993-1998 жылдары Туссон қаласының (Аризона штаты, АҚШ) Перинаталдық орталығымен серіктестік деңгейде жұмыс істеді. 1997 жылы орталықта Хилари Клинтон, 1996 және 1998 жылдары БҰҰ Балалар қорының Бас директоры К.Беломи ханымдар ресми сапармен болды. – Бүгінде медицина күн санап даму үстінде. Әсіресе, соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында өте көп жаңалықтар енгізілді. Орталықта қандай инновациялық емдеу тәсілдері қолданылады, материалдық-техни­­­калық базаларыңыз қандай дәрежеде? – Орталық қашанда медицинаның ең үздік стандарттарына сәйкес жұмыс істеуге, заманауи, мультиорталық рандомизирленген зерттеулермен дәлелденген диагностика, зерттеу және емдеу әдістерін жұмыс практикасына ендіруге, жаңа әзірлемелерді, перинаталдық технологияларды қолданады. Біздің мекеме перинаталдық көмекті жақсарту мақсатында 1994 жылдан бастап ДДҰ, ЮНИСЕФ, СДС ұйымдары ұсынған бағдарламаларды енгізген алғашқы мекеме. Ал 1999 жылдан базамызда алғаш рет «Қауіпсіз ана болу» бағдарламасы енгізіліп, 2002 жылдан қанатқақты перзентхана атандық. Мұнда салмағы 500 грамм болып туылған нәрестелерді күту үшін ДДҰ-ның тірі туу критерийлері ендіріле бастады. Бұл дегеніңіз, орта­лықтың 2008 жылы Қазақстанның ДҰҰ-ның нәрестені өмірге тірі әкелу критерийлеріне көшу мүмкіндігін берді. Ал материалдық базаға келсек, жүкті әйел мен жаңа туылған нәрестенің денсулығына, күтім жасауына қажетті барлық заманауи құрылғылар, технологиялар, соңғы үлгідегі аппараттармен жеткілікті жарақтанған. Соңғы 5 жыл ішінде жансақтау бөлімшесін заманауи жоғары технологиялық құралмен жабдықтауда «Аяла» қайырымдылық қоры бізге тегін көмек көрсетті. Әрине, заманауи медицина бір орнында тұрған жоқ және перинатология қарқынды дамып келе жатқан сала болғандықтан, ол медицина ғылымы мен практикасының барлық ең жаңа жетістіктерін біртіндеп өзіне жинақтайды. Бұл медициналық техника паркін үнемі жаңартып отыруды талап етеді. – Ал сол заманауи тиімді пери­на­­­талдық технологияларды меңгер­ген мамандар мәселесі сіздерде қалай шешілген? – Орталықтың мақтанышы, әрине, оның ұжымы. Бізде 70 дәрігер, 200 медбике және акушер жұмыс істейді. Орталық дәрігерлерінің 60 пайызы жоғары санаттағы дәрігерлер, олардың арасында медицина ғылымдарының кандидаттары бар. Біздің мамандарымыз жоғарыда аталған барлық заманауи жаңа технологияларды Қазақстанда бірінші болып ендірді. Әр 5 жыл сайын клиника есебінен барлық дәрігер, медбике, акушерлер Алматы мен еліміздің ең үздік клиникаларында біліктілігін арттырады, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдің жетекші мамандарының шеберлік дәрістеріне қатысады. Ең үздік мамандарымыз тәжірибе алмасу мақсатында әлемнің озық клиникаларына машықтануға, оқуға және конференцияларға қатысуға барады. Клиника базасында бірнеше рет Литва, Мәскеу, Екатеринбург, Германиядан келген профессор, халықаралық сарапшылар барлық профильдегі мамандарға шеберлік дәрістері мен оқуларын өткізді. – Орталықта ана өлімін, пери­­­­наталдық ауруды және өлім жағдайын азайтуды болдырмау бағытында қан­дай жұмыстар жүргізіледі? Жаңа заң­ның қабылдануына байланысты сіз­дерде 500 грамм және одан жоғары сал­мақпен туылған нәрестелердің өмі­рін сақтау қалай жүзеге асырылуда? – Ана мен бала өлімінің көрсеткіштері – әйел мен бала денсаулығының интегралды индикаторы болып табылады және адамдардың денсаулығын сақтауға, күшейтуге бағытталған мемлекет саясатын көрсетеді. Біздің бүкіл жұмысымыз, үлкен ұжымның күнделікті еңбегі – ана мен жаңа туылған бала аурулары мен өлімін төмендетуге, экстремальды төмен және туылған кезде 500 грамм және одан жоғары дене салмағы бар балалардың өміршеңдігіне бағытталған. Босандыру стационарларының көптеген басшылары ана және перинаталды өлім жағдайын төмендетуді перзентхананы заманауи қымбат медициналық аппаратурамен жабдықтау, перинаталды технологияны пайдалану жолымен ғана қол жеткізуге болады деп ойлайды. Меніңше, ана мен нәресте денсаулығының нашарлауына әкеп соғатын көптеген жағдайларды, тіпті, олардың көпшілігін диагностика мен емдеудің күрделі және қымбат әдістерін қолданбай ескертуге және жоюға болады. Ол үшін жүктілікке және босануға байланысты қауіп факторларын, босанған әйел мен нәрестенің тікелей босанғаннан кейінгі және постнатальды кезеңнің алғашқы күндеріндегі психологиялық және физиологиялық мұқтаждықтарын терең түсіну керек. Мұның бәрі бірінші кезекте, жүктіліктің қалыпты өтуіне ықпал ететін жайлы жағдайлар жасауды көздейді. Бұл үшін әрбір ерлі-зайыпты ойланып барып, тексеруден өтіп және сауыққан соң, қадам басулары керек. Бізде соңғы 3 жылда перинаталдық өлім көрсеткішінің төмендегені байқа­­­лып, 2011 жылмен салыстырғанда, 2,3 есеге кеміген. Ал 2012 жылмен салыс­­­­­тырғанда, оның төмендеуі 40 пайыз­ға жетуі ДҰҰ-ның тірі туу крите­­­рийлерін енгізудің ең нәтижелі көрсеткіші. – Элмира Қоқыбайқызы, бүгінгі таңда туу көрсеткіші қандай деңгейде? Орталықта тәулігіне қанша босандыру жағдайы орын алады? Туылған нәрестелердің қаншасы мерзімінен бұрын туылды? – Перинаталдық орталықта жұмыс істегеніме биыл 22 жыл. Жұмысымның алғашқы жылдары мемлекеттің экономикалық тұрғыдан аяққа тұруының қиын жылдарына тап келді. Ол кезде адамдардың көпшілігі болашаққа деген қандай да бір тұрақсыздықты және сенімсіздікті сезінді, дәл сол кезде босану саны да күрт азайды. Оның үстіне республикадағы халықтың үштен екі бөлігін 18 жасқа дейінгі балалар және бала туатын жастағы әйелдер құрды. Мұның барлығы бала туудың өсуіне айтарлықтай әсерін тигізді. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде біздің орталық бойынша босанулар саны 2 есе өсті, орташа алғанда біз жылына 7,5-8 мың босануды қабылдаймыз. Алматыда туылған әрбір төртінші нәресте біздің орталықта дүниеге келеді, бұл орталық қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Клиникада күніне 25-30 нәресте дүниеге келсе, кейде 40-қа жетеді. Шала туылған балалар – өзекті проблема болып қалатыны сөзсіз. Өйткені, мерзімінен бұрын босану жиілігі 20 пайызды құрайды, бірақ біздің клиника шала туылған балаларды күтіп-бағуға мамандандырылған және біз мұндай балалар қоғамның толыққанды мүшесі болып шығуы үшін, оларды күтіп-бағуға бар күшімізді саламыз. Әр жыл сайын 1000 грамнан төмен дене салмағы бар 30-ға жуық бала үйлеріне шығарылады, бұдан кейін мұндай сәбилер ерекше күтімді, денсаулығын күшейту, оңалту бойынша біраз еңбектенуді қажет етеді. Мұндай нәрестелер балалар емханаларында қадағаланады, олар үшін оңалту орталықтарының есігі ашық. – Жалпы алғанда әйелдердің ден­­­саулығы қалай? Қазір жас әйелдердің бала көтеріп, босануының қиындап кетуі қандай факторларға байланыс­ты? Қандай себептер басым? – Қалай десек те, ұрпақсыз неке маңызды медициналық-әлеуметтік проблеманың бірі болып қалады. Оны тиімді емдеу демографиялық жағдайды жақсарту факторы ретінде және медициналық ғылым мен практиканы заманауи дамыту индикаторы ретінде қарастырылады. Әдетте, тұрақты жыныс қатынасымен өмір сүретін және жүктіліктен сақтанбайтын әйелдерде жүкті болу мүмкіндігі айына 20-25 пайызды құрайды. Бұрын қазақстандық медицина бедеуліктің көптеген түрлері кезінде көмек беруге әлсіз болды, бірақ соңғы 15 жыл ішінде бұл проблема бізде нақты шешілетін мәселеге айналды және мемлекет соңғы жылдары қосалқы репродуктивті технологияларды дамытуға бюджет қаражатын бөліп келеді. Некеге тұрған және ата-ана болуды армандайтын жас ерлі-зайыпты жұптар бұл үшін акушер-гинекологтан ғана емес, басқа мамандардан тексеруден өтулері тиіс. Өйткені, проблема ағзаның түрлі жүйелерінің ауруларында, жұқпалы ауру факторларында болуы мүмкін. – Соңғы 20-30 жылда кесарь тілігі операциясы көмегімен балалардың дүниеге келуі артты. Оның себебі неде деп ойлайсыз? – Кесарь тілігі – ең ежелгі, сондай-ақ, қазіргі заманда әлемде неғұрлым жиі қолданылатын акушерлік операцияның бірі. Бірақ, табиғи босануда қандай да бір кедергілер болса, босандырудың осы баламалы тәсілінен басқа жол жоқ. Ол әрбір жағдайда қатаң медициналық көрсеткіштер бойынша және жеке түрде шешіледі. Бұл ретте, барлық ықтимал қауіп дәрежесін ескеру керек. Баланы кесарь тілігімен алу жөніндегі шығарылған оң шешім әйел мен нәрестенің денсаулығы үшін табиғи босану үдерісінен болатын жоғары қауіп жағдай кезінде қабылданады. Соңғы он жылда бірқатар факторлар кесарь тілігі жиілігінің өсу себептеріне тікелей әсер етті. Мәселен, бірінші рет босанатын жасы келген әйелдер санының, күрделі аурулар жиынтығы немесе жатырында тыртығы бар, бірақ келесі жүктілікті жос­парлайтын әйелдер санының, сондай-ақ, қосалқы репродукция әдістерінің көмегімен жүкті болған пациенттер санының көбеюінен. Бұл ретте барлық көрсеткіштердің абсолютті және салыс­тырмалы болып бөлінетінін атап өткен жөн. Абсолютті көрсеткіштер – егер табиғи босандыру мүмкін болмай, ана мен баланың өміріне қауіп төнгенде. Мұндай жағдайда кесарь тілігі мәселесі талқыланбайды, қарсы көрсеткіштер мен қажетті жағдайлар есепке алынбай-ақ орындалады. Хирургиялық араласу туралы шешімді барлық факторлар негізінде акушер-гинеколог дәрігер қабылдайды. – Кәсіби маман серіктеспен босану мәселесіне пікіріңіз қандай? Жақын адамның бірге болуы шын мәнінде босануды жеңілдете ме? – Бұдан 15 жыл бұрын халық ондай босанулар туралы мүлдем естімеген-ді. Ол ауруханалық тәртіпті өрескел бұзу болып есептелетін. Қуаныштарын палата терезесінің астында айқаймен білдіріп, сәлемдеме берумен және мұрагердің дүниеге келуін атап өтумен шектелетін ер азаматтар қазір көбінесе зор мақтанышпен: «Біз әйеліміз екеуміз босанған кезде...» деген әңгіме айтатын болды. Қазір барлық болашақ аналарға көмекшімен (күйеуімен, анасымен, құрбысымен) бірге босануды ұсынады. Көптеген ерлі-зайыптылар 9 ай бойы теориялық тұрғыдан түпкілікті дайындалып, серіктес босану туралы шешім қабылдай отырып, перзентханаға бірге келеді. Серіктестің қатысуы әйелге психологиялық жағынан да, күш-қуат жағынан да баға жетпес көмек болуы мүмкін. Мәселен, босану күйзелісін азайтады, ауруды жеңілдетеді және нәтижесінде босану ойдағыдай өтеді. Мәселен, босану кезінде қолайсыздық сезімін азайтуға көмек беретін массаж тәсілдері. Босану кезіндегі ауыратын жерлерді сезінуді төмендететін ауыратын нүктелердің тітіркенуі, босанудың бірінші және екінші кезеңдерінің сатылары бойынша дұрыс тыныс алу тәсілдерін айту. Сөйтіп, ана мен баланың жарақат алуын азайтады немесе «жоққа шығарады». Серіктес босанулардың екінші жағымды жағы – босанатын әйелдің күйеуінің серіктес рөлінде болуы (бұл өте жиі кездеседі) отбасының береке-бірлігінің бекемденуіне көмегін тигізеді. Кейіннен күйеулері әйелдеріне үлкен құрметпен, қамқорлықпен және сүйіспеншілікпен қарайтын болады, өз балаларын тәрбиелеуге белсене қатысады. Орталықта босануда кесарь тілігі операциясына қатысу «қарсы көрсеткіш» болып табылмайды. – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».