Сурет Атбасардағы І.Есенберлиннің әдеби-мемориалдық музейі қорынан алынды
ХХ ғасырда ел тарихының ақтаңдақтарын ашқан, халықтың тарихи санасын оятып, әр романы әдеби-мәдени өмірде жаңалыққа айналған белгілі қаламгер Ілияс Есенберлиннің де шығармашылықта жолы болғанымен, өткен ғасырдың 70-жылдары әдебиет Олимпінде мықтап орнығып, номенклатуралық қызметтер атқарғанымен, еңбегін елеуде кемшіндік көргені, тіпті өз кезеңінде еңбегінің әділ бағаланбағаны белгілі.
Осы орайда «ашынғанда ащы дауысы шыққан» қаламгердің әділдік іздеп, шындық жолында шарқ ұрып жазған хаттары Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі І.Есенберлин қорында (2144-қор) сақталған. Хаттардың негізгі мазмұны Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, іріктеудің барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, қорытынды кезеңде белгісіз себептермен лауреаттар тізімінен сызылып қала берген жазушының романдарына және кейбір туындыларын жарыққа шығаруға қатысты.
Сөзіміз дәлелді болу үшін тарихқа үңілген жөн. Ең алғашқы рет Ілияс Есенберлин 1971 жылы «Қатерлі өткел» романы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Романды қазақ әдеби сонымен қатар сол кездегі одақтық басылымдар да жоғары бағалайды. «Огонек» журналының 1971 жылғы №38 санында жарияланған «Өмір сабақтары» («Уроки жизни») атты мақаласында С.Никитин «Қатерлі өткел» романы – жоғары ар-ождан тұрғысынан жазылған суреткерлік туынды. Бүркіттің «Мен өз қатемді түсіндім» деуі – роман кейіпкерінің өмірден алған сабағының нәтижесі ғана емес, оқырман үшін де объективті шындық тұрғысынан эстетикалық ұғым мәніне ие болады» деп баға береді. Алайда сол жылы В.И.Ленин атындағы сарайды (қазіргі Республика сарайы) жобалаған сәулетшілер тобына КСРО Мемлекеттік сыйлығының берілуіне байланысты І.Есенберлинге сыйлық берілген жоқ.
1971 жылы 12 қарашада өткен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының отырысында «Простор» журналының 1970 жылғы №5, №6, №7 сандарында орыс тіліне аударылып жарияланған І.Есенберлиннің «Хан Кене» (түпнұсқада «Қаһар») романын 1972 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсыну туралы ұсынысы қолдау табады. Романды қолдап О.Сүлейменов, М.Симашко, Н.Ровенский, С.Бақбергенов, Ә.Шәріпов, Д.Снегин, Ж.Молдағалиев, І.Жарылғапов сөз сөйлейді. Нәтижесінде, он екі құжаттан тұратын іс жинақталып, сыйлыққа ұсыну құжаттары Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетіне жолданады (ҚР ОМА, 2144-қор, 1-тізбе, 140-іс).
Бәйгеге үкілеп қосылған туынды мәреге жетпей, әдебиет жөніндегі 1972 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына «Жанды су» («Живая вода») поэмасы үшін өзбек ақыны Рамз Бабаджан, «Жылдарға қарайлай» («Годам вслед») өлеңдер жинағы үшін башқұрт ақыны Мұстай Кәрім ие болады.
1976 жылы Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы «Көшпенділер» трилогиясын Қазақ КСР Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар саласындағы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығына ұсынады. Әдеби өмір шежіресінде жазушылардың бұл сыйлыққа ұсынылуы бірінші рет емес. 1966 жылы Сәбит Мұқанов Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықты Абай мен Шоқан жөніндегі «Жарқын жұлдыздар» атты монографиясы үшін иеленген болатын. Ал «Көшпенділер» болса осы мәртебелі сыйлыққа ұсынылған алғашқы көркем туынды. Роман-трилогия Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықты алған жоқ, сыйлыққа 1977 жылы академик жазушы Ғабит Мүсірепов ие болды.
1979 жылы Қазақстан Жазушылар одағы «Көшпенділер» трилогиясын Лениндік сыйлыққа ұсынады. Сол жылы өткен Жазушылар одағының проза жөніндегі кеңесінде сөз сөйлеген кеңес төрағасы Әзілхан Нұршайықов «Бүгінде өз үйінде Абайдың өлеңдер жинағы, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясын жинамаған әрі мұны мақтан тұтпаған қазақ отбасы, сірә кем де кем» дейді. Р.Тоқтаров, Ж.Тілеков, А.Байтанаев, М.Симашко, Б.Тоғысбаев, С.Бақбергенов, Н.Ровенский, Қ.Исабаев, С.Жүнісов, М.Мағауин, К.Сегізбаев, Ж.Алтайбаев, Ә.Тарази сөз сөйлеп, романды бірауыздан мақұлдайды. Кейіннен Жазушылар одағы басқармасының 9 сәуірде өткен жиынында да романның Лениндік сыйлыққа ұсынылуын қаламгерлер қауымы жаппай қолдайды (ҚР ОМА, 2144-қор, 1-тізбе, 284-іс).
Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетіне жолданған ұсынымхатта КСРО Ғылым академиясының КСРО тарихы және Шығыстану институттары, Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты мұқият қарағаннан кейін ғана 1978 жылы «Советский писатель» баспасынан шыққан орыс тіліндегі аудармасы ұсынылып отырғаны айтылады. Әнуар Әлімжанов қол қойған ұсынымхатта «трилогияның жоғары идеялық көркемдігі ғана емес, қазақ халқының өткен тарихымен қалың оқырманды таныстыруға мүмкіндік беретін іргелілігі (хат мәтінінде «фундаментальность») мен ғылыми дәлдігі бағаланарына сенеміз» делінген (ҚР ОМА, 2144-қор, 1-тізбе, 148-іс).
1980 жылы 27 ақпандағы Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің хабарламасында бәйгенің келесі кезеңіне өткен әдебиет саласындағы үш туындының бел ортасында І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бар екендігі хабарланған. Алайда бәйгеден шашасына шаң жұқпай келген шығарманы көмбеге жақындаған тұста түрлі қара ниет жандар аяғынан шалып, түптеп келгенде мәртебелі сыйлыққа әдебиет саласынан газет редакторы Бачан Рамишвилидің өмір жолы туралы жазылған «Мәңгілік заңы» («Закон вечности») романы үшін грузин жазушысы Нодар Думбадзе, өлеңмен жазылған «Сана соты» («Суд памяти»), «Алыстағы сана» («Даль памяти») роман-дилогиясы үшін орыс ақыны Егор Исаев ие болды.
Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің сол кездегі мүшесі болған Шыңғыс Айтматов бұл жөнінде 1996 жылы 2 наурызда Брюссельден Қозыкөрпеш Есенберлинге жазған хатында былай дейді: «...Комитет жұмысына КОКП Орталық Комитетінің жауапты қызметкері – Мәдениет бөлімінің өкілі қатысып, қадағалап отырғанын көп адам біле бермейді. Ол әдетте бақылаушы есебінде болғанымен, көбіне оның пікірі шешуші рөл атқарып, санасуға мәжбүр болатынбыз... Бірінші кезеңнен өтіп «Көшпенділер» шешуші кезеңге, құпия дауыс беруге жолдама алды. Міне, осы сәтте комитет басшылығы, Мәскеу тарапынан «Көшпенділер» экзотикалық туынды, заман шындығына сай келмейді деген пікір айтылды. Осы ойды қақпайлай енгізіп, комитет басшылығы «Көшпенділерді» финал алдында дауыс беруден алғызып тастады» (ҚР ОМА, 2144-қор, 2-тізбе, 190-іс).
1980 жылдың 20 қарашасында өткен Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының отырысында І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын 1981 жылғы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсыну мәселесі қаралады. Жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Ж.Молдағалиев өз сөзінде: «І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы ауқымды резонанс тудырды, алайда Лениндік сыйлықты ала алған жоқ. Трилогия дауыс берудің соңғы кезеңіне дейін жетті. «Правда» газеті бастаған орталық және республикалық басылымдарда 150-ден астам оң пікір жарияланды. Комитеттің кейбір мүшелерімен сөйлескен кезде айтарлықтай қарсылық болмағанын айтты. Әйтсе де осы заман тақырыбына жазылған ерекше лайықты туындылар болғандықтан, І.Есенберлиннің романын кейінге шегеруге мәжбүр болды. Дегенмен бізге Лениндік сыйлыққа ұсынылып, жоғары бағаға ие болған туындыны КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынуға болатынын айтты» дейді (ҚР ОМА, 2144-қор, 1-тізбе, 146-іс).
Талқылау барысында Жазушылар одағы басқармасының мүшелері Б.Тілегенов, Д.Снегин, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Мұртаза, В.Ларин, Қ.Тұрсынқұлов, С.Мұратбеков қолдап сөз сөйлеп, романды сыйлыққа ұсынуға бірауыздан дауыс береді. Бұл жолы да сыйлыққа әбжіл қимылдап, орталықпен жақсы байланыста болған орыс жазушысы Василий Белов әңгімелер мен повестер жинағы үшін, орыс ақыны Михаил Дудин өлеңдер циклі үшін, орыс әдебиеттанушысы Виталий Озеров ғылыми жинақтары үшін, белорусь ақыны Пимен Панченко «Бозторғай түнейтін мекен» («Где ночует жаворонок») өлеңдер жинағы үшін ие болады.
Шығармашылықта жолы болып, қаламы қолдан түспей өндірте жазған жазушы шығармаларын басып шығару барысында да кедергіге ұшырайды. Бұл жөнінде М.Мағауиннің, Қ.Мырза Әлінің, Қ.Жұмаділовтің естеліктерінде І.Есенберлиннің әрбір шығармасы қиындықпен баспа бетін көргені толығырақ айтылған.
Осы орайда Ілияс Есенберлин КОКП Бас хатшысы Л.И.Брежневке «Мұхиттан өткен қайық» романына араша сұраған алғашқы хатты 1974 жылғы 31 қазанда жазады. Хатты «Мен өзіңіз мүмкіндік беріп, партия қатарына қайта қабылдаған адамның бірімін. Содан бері жиырма жыл өтті. Осы аралықта он кітабым баспа бетін көрді» деп бастайды. Демек, басқа түскен зобалаңнан құтылып, 1953 жылғы 14 сәуірде абақтыдан аман-есен босанып шыққан І.Есенберлин 1954 жылы тың игерудің басы-қасында болуға келіп, Қазақстан КП Орталық Комитетінің екінші хатшысы болып жүрген Л.И.Брежневті жеке тануы да ықтимал. Бұл ойымызды хатта одан әрі жазылған «Менің тағдырыма өзіңіздің жеке қатынасуыңызды өмір бойы жадымда ұстай жүре, «Мұхиттан өткен қайық» атты роман жаздым. Бұл роман атап айтқанда, Сіздің Қазақстанда жұмыс істеген кезіңіз, менің халқымның тағдырына етене араласуыңыз, менің үлкенді-кішілі замандастарым хақында» деген жолдар растай түседі.
– Алайда, – дейді І.Есенберлин өз хатын жалғастырып, – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы С.Н.Имашев жолдас қолжазбаны алғашқылардың бірі болып оқып шығып, шығармашылық жәрдем берудің орнына басып шығару былай тұрсын, кеңес алу үшін жан баласына оқуға беруге тыйым салды. Оның пікірінің қате екеніне сене отырып, романның бір данасын өзіңізге жолдаймын.
Бұған қоса «Ескертпе. Романның бір данасын Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Д.А.Қонаев жолдасқа, екінші данасын «Новый мир» журналының редакциясына жолдаймын» делінген (ҚР ОМА, 2144-қор, 2-тізбе, 75-іс).
Жазушының бұл әрекеті нәтижесіз болған сияқты. Қанша тырысқанымен, «Мұхиттан өткен қайық» романы І.Есенберлиннің көзі тірісінде басылған жоқ.
Талай рет жоғары дәрежелі сыйлықтарға ұсынылып, тауы шағылған жазушы екінші хатты 1980 жылғы 7 мамырда жолдайды.
«Құрметті Леонид Ильич!
Менің аса көрнекті әдеби туынды ретінде 1980 жылы Лениндік сыйлыққа ұсынылған «Көшпенділер» атты трилогияма 150-ден астам оң пікірлер мен рецензиялар басылды, бұл басқа ұсынылған әдеби туындыларға арналған рецензиялардың бәрінен де көп» деп бастайды жазушы өз хатын. Мәскеу, Ленинград, Горький, Волгоград, Рига, Донбасс, Чита, Ташкент, Фрунзе, Целиноград, Қарағанды, Одесса және т.б. қалалар тұрғындары тарапынан трилогияның жоғары баға алғанын айта келе, «Шығармада Орта Шығыс және Орталық Азия өңірінің тағдырына, ғаламдық саясатқа көптеген ғасыр бойы ықпал еткен халық – қазақтардың күрделі һәм ерлікке толы тарихы көркемдік тұрғыда және өткір көсемсөз рухында баяндалады. Империалистік Қытай мен өркен жайған Ресей арасында Орталық Азияның ұлан-байтақ даласын мекендеген халық табанды әрі батыл түрде Қытай экспансиясына, оның «Шығыстан ескен самал» саясатына қарсы тұрды» деп сөзін жалғайды.
Одан әрі Н.Думбадзенің «Мәңгілік заңы» романына сыйлықтың Грузиядағы өрескел заңбұзушылықтарды көркем сипаттау тұрғысынан берілуінің оғаштау екенін айта отырып, «Менің трилогиям Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің бірінші талқылауынан сыйлыққа ұсынылған өзге он бір жұмыспен бірге табысты өтті. Алайда басқа он бір жұмыстың бәріне де сыйлық берілді. Менің трилогиямды түсініксіз себептермен Лениндік сыйлықтың статусын және барлық этика нормаларын бұза отырып, әдебиет саласында сыйлықтың екеу екенін айта отырып, жабық дауыс беруге жібермеді... Он екінші Лениндік сыйлық тағы да сол түсініксіз себеппен тізімде мүлде болмаған, қоғамдық талқылаудан өтпеген вокалдық туындыға берілді» деп әділетсіздікке ашынады. Хат соңында әділетті қалпына келтіруге Л.И.Брежневтің барлық мүмкіндігі бар екенін жазады (ҚР ОМА, 2144-қор, 1-тізбе, 77-іс).
Хатқа «Құрметті Леонид Ильич Брежнев жолдастың хатшылығындағы жолдастар! Бұл – реніш хаты, болмаса сыйлықтан қағылған жазушының жанайқайы емес, принципті мәселе көтеріп отырған хат, осы себепті де оны жеке Л.И.Брежнев жолдастың өзіне жеткізулеріңізді, тіпті болмаса, оған баяндауларыңызды сұраймын. Жазушы І.Есенберлин» деп жазылған қыстырма қағаз қоса тіркелген.
Архив құжаттарындағы белгіде хат КОКП Орталық Комитетінің поштасына тапсырылды деген мөр басылған. Демек, хат мекенжайға жеткенімен, Л.И.Брежневтің қолына тию-тимеуі неғайбыл. Жоғарыда қабылданған шешімге күмән келтіріп үйренбеген мәскеулік бюрократтар созбалаңға салып, хатты іс қағаздарына тіркеп, жаба салуы да мүмкін. Ал бұл тұста Л.И.Брежневтің дәуірлеуі аяқталып келе жатқан-ды. КСРО-ны табаны күректей он сегіз жыл басқарған көсем хатқа көз салмақ түгілі, есі кіресілі-шығасылы, ауыр науқас меңдеген халде болатын...
Осылайша, басын тауға да, тасқа да соғып, төңірегінен әділеттілік іздеген, қайда барса да бір «жаңғырық» алдынан шыға берген, «іш қазандай қайнағанымен, күресуге дәрмені» қалмаған ұлы жазушыны өмірлік жағдайлар титықтатып, тіпті іштей мүжіп жіберген де секілді. Л.И.Брежневке жазған соңғы хаттан соң көп ұзамай, жасын тиген қарағайдай жазушы да морт сынады, келместің кемесіне мініп, фәни дүниеден баз кешіп сала береді. Медициналық анықтамаға жүгінсек – жүрек талмасы. Ұлы жүрек тоқтаусыз күрестен титықтап сыр берген секілді...
Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ