Талдықорған қаласындағы үш қыздың өзімен қатарлас бір қызға әлімжеттік көрсетуі, Семейде жетінші сынып оқушылары өз сыныптасын ұрып-соғу оқиғалары ел арасында қызу талқыланып жатыр. Осы секілді жағдайлардың мектеп жасындағы балалар арасында кең таралуы қоғамды алаңдатады.
Психолог Сақтағанов Балабек балалардың бұндай қатыгездікке баруы олардың дүниетанымның толық қалыптаспауынан болатынын айтады. «Қазіргі таңда пропаганда ретінде жүріп жатқан түрлі шетелдік және отандық фильмдердегі төбелес, біреумен біреу келіспей қалса топпен келіп мәселені шешуі, жабылып ұрып кетуі бұның бәрі енді ғана өсіп келе жатқан балалардың психикасына бейсаналы түрде әсер етеді. Балалар басқа альтернативаны көре алмайды, сондықтан кез-келген мәселені осындай жабылу, ұрып-соғу арқылы шешуге бейім болады.
Ал екінші фактор ол - 12 жастан 17 жасқа дейін балаларда өтпелі кезеңнің болуы. Бұл уақытта балалардың өзіндік «мені» максималды түрде жоғарылайды. Олар балалықтан ересектікке өтіп жатқан кезде өздерін ересек адам ретінде сезінеді, өзін басқаларға мойындатқысы келеді. Балалардың бойындағы психологиялық және физиологиялық ерекшеліктер олардың осындай әрекеттер арқылы өздерін мойындатуға итермелейді. Топтық бейсаналық агрессия өте қауіпті, яғни бала жалғыз болса ондай әрекетке бармайды, ал қасында өзімен пікірлес, өзінің сөзін құптайтын адамдар болған кезде олардың сөздері әсер етіп, іштегі негативті, агрессияны оятады. Сол арқылы олар топтық бейсаналық деңгейде басқа адамдарға шабуыл жасап, ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсетуі мүмкін. Бұл жерде ұрып-соққан бір бала ғана кінәлі емес, бұл жерде қасында телефонға түсіріп, «ұр» деп итермелеп тұрған жолдастары да баланың осындай әрекетке баруына ықпал етеді», дейді ол.
Баланың дүниетанымы енді қалыптасып жатқан уақытта, оған жақсы мен жаманды үйретіп жол сілтейтін – ата-ана. Баланы өмірге әкелгеннен кейін, оның өміріне, біліміне, тәрбиесіне, жалпы баланың дұрыс азамат болып қалыптасуында ата-ананың рөлі өте жоғары. Ата-ана тарапынан тиісті тәрбиенің, қамқорлықтың болмауынан, ата-ананың бала өміріне салғырт қарауынан бала өзін мойындатқысы келеді және агрессияға бір табан жақын болады. Бұл балалардың қатыгездік әрекеттерге баруының тағы бір факторы. Бұл туралы психолог: «Ата-ана баласын әрдайым бақылауда ұстау керек, яғни бала кіммен араласады, телефонаннан не нәрсе көреді, қалай сөйлейді, бұның бәрі ата-ана тарапынан тыс қалмауы керек. Сонымен қатар ата-ана үнемі балалардың құқығының қорғалуын қамтамасыз етіп, балалар бұндай зорлық-зомбылық әрекеттерге барған жағдайда қандай қылмыстық немесе әлеуметтік-әкімшілік жазаларға тартылатынын балаларға айтып түсіндіру керек», дейді.
Басқа адамдарға қысым көрсететіндерді «буллер» деп атайды. Олардың психикасында агрессия жоғары деңгейде болады және олар өзге адамдармен бір деңгейде қарым-қатынас жасай алмайды. Себебі бұндай адамдар бала кезінде үлкендердің немесе ата-анасы тарапынан өзі зорлық-зомбылық көрген жандар болуы мүмкін. Олар психикалық түрде өздерінде қалып қойған негативті энергияны басқаларға зорлық-зомбылық көрсету арқылы шығарады. Яғни агрессия балалық шақтан және отбасыдан басталады. «Буллингтің құрбаны болған балалардың психикасы да бұзылады, оларда үрей, қорқыныш пайда болады. Қорқыныш бірте-бірте адамды стресске алып келеді, ал стресс депрессияға ушығады, ал депрессияның аяғы баланың өз-өзіне қол жұмсауына әкелуі мүмкін. Өз қатарластары арасында жиі буллинг көре берсе, балада фрустрация болады. Ол адамның психикасының бұзылуына әкеледі. Кейін бала жабық, өз ойын дұрыс жеткізе алмайтын, қоғаммен қарым-қатынас жасай алмайтын болып өседі. Ол өзі балалық шақта көрген кысымды өз балаларына да көрсетуі әбден мүмкін», деп түсіндірді психолог.
Бұндай әрекеттердің алдын алу үшін, ең бірінші педагог-психологтар ата-анамен жұмыс жасау керек, яғни ең алдымен ата-анасының тәртібін дұрыстау керек. Ата-ана өздерін түзетпей, баланың мінезін жөндей алмайды. Мектеп қабырғасында оқушылармен жәбірлеу жағдайлары орын алғанда қандай құқықтық немесе әкімшілік жазаларға тартылатыны туралы және олардың есепке қойылатыны туралы құқық қорғау мамандары мен психологтар бірігіп жиі іс-шаралар жүргізу керек.
Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы бұйрығы бойынша Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидалары бекітілген болатын. Осы бұйрық бойынша, тоқсанына кемінде бір рет білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің, баланың заңды өкілдерінің жәбірлеудің профилактикасы және жәбірлеудің алдын алу мәселелерінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің мүдделеріне қайшы келмейтін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы хабардар болуын арттыру керек. Сонымен қатар баланы жәбірлеу фактісі туралы ақпарат білім беру ұйымына келіп түскен жағдайда жауапты тұлға баланы жәбірлеу туралы ақпаратты есепке алу журналында тіркейді. Ал білім беру ұйымы басшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары ақпарат келіп түскеннен кейін бір жұмыс күні ішінде сынып жетекшіні, педагог-психологты тарта отырып, буллингке ұшыраған баламен және буллингтің бастаушысымен және олардың заңды өкілдерімен әңгімелесу жүргізеді де, баланы жәбірлеумен байланысты жанжалды бейбіт жолмен реттеу жөнінде шаралар қабылдайды. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органға ақпарат түскен кезде баланы жәбірлеуге байланысты инцидентті реттеу жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.
Аружан НАҒАШЫБАЙ,
Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті