Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір ғылыми кадрлардың саны 22 456 адамды құрайды. Ғылыми зерттеушілердің 37%-ы ғылыми және академиялық дәрежеге ие.
«Бұл көрсеткіш жоғары емес. Ғылымдағы жастарға келсек, жағдай жаман емес. 35 жасқа дейін жас ғалымдардың үлесі – 34%-ды, негізгі топ – 43%-ды (35-54 жас аралығындағы ғалымдар), 55 жастан жоғары ғалымдар – 23%-ды құрайды. Осы тұста ғылыми зерттеу институттарының басшылығы жайлы сөз қозғағым келіп отыр. Ғылыми институт басшылары қартайып барады. Ғылыми зерттеу институттары басшыларының орташа жасы – 59 жас. Қазір академиктердің орташа жасы – 69 жас», деді Ғылым және жоғары білім министрі.
Ведомство басшысының айтуынша, Қазақстанда 414 ғылыми ұйым бар. Олар – гранттық жобалар мен ғылыми зерттеу жұмыстарын атқарып жатқан ғылыми ұйымдар. Мемлекеттік сектордың, яғни министрлікке бағынатын ұйымдардың саны 26%-ды құрайды. 2015 жылы «Коммерциаландыру туралы» заңды қабылдағаннан кейін өсім 43% болды, яғни олар кәсіпкерлік-жекеменшік сектор ұйымдары.
«Қазір бизнес ақырындап ғылыми зерттеуге бет бұра бастады. Ғылыми зерттеу институттарына тоқталайын. Қазір жалпы мемлекеттік органдардың, ведомствоаралық бағынышты ұйымдардың саны – 104. Оның ішінде нақты 92 ғылыми және іргелі ғылым институты бар», деді Саясат Нұрбек.
Министрдің мәліметіне сүйенсек ең жоғары пайыз ауыл шаруашылығы министрлігіне тиесілі – 33%, яғни 30 ғылыми зерттеу институты.
«Ең көп қаржыландыруды Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми зерттеу институттары алып отыр. Биыл оларға 19 миллиардқа жуық теңге, ал Денсаулық сақтау министрлігінің институттарына 35 милилардқа жуық теңге қарастырылған», деп түйіндеді Ғылым және жоғары білім министрі.