Жануарлар • 17 Мамыр, 2023

Көк бөрі неге көрінбей кетті?

6373 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тұмса табиғатты көздің қарашығындай сақтап, қорғау – жер басып жүрген әр адамның перзенттік борышы, азаматтық міндеті. Күтімсіз қалса, Табиғат-ананың да қадірі кетіп, құты қашады. Жапырағы жүдеп, гүлі солады. Ал оның баурайын мекен еткен аң-құстардың көзі құрыса, байтақ өлкенің жетімсіреп қалары сөзсіз.

Көк бөрі неге көрінбей кетті?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өкінішке қарай, табиғат пен аң-құсқа қиянаттың көбі адам қолы­мен жасалады. Осылай деп ой түйген табиғат жанашыры Ес­теу Бай­жұмаев көк аспанға иық тіреген шың-құздар мен иен далаға иелік ететін аң-құс­тар­дың баудай қыры­лып жат­қанына алаңдап, бұл мәсе­леге мем­лекет тарапынан шара қол­да­ну қа­жеттігін айтып, дабыл қағып жатыр.

Күні кеше торқалы 90 жылдығы аталған көрнекті қаламгер Сейдахмет Бер­діқұловтың кіндік қаны там­ған Қарақыстақ ауылының сұлу табиғаты мен аң-құсының қы­рағы сақшысына айналған Естеу аға­мыздың бұл күнде көңілі жа­бырқау. Себебі жүйрігіне ер салып, желе жортып шыққанда қы­зыл түлкі, көк бөрінің шиырлаған ізін көріп, қызық қуа алмайды. Мүлгіген тыныштыққа жан біті­ріп, қарқылдайтын қарға-құз­ғынның да үні естілмеуге айнал­ған. «Бұл – менің балабақшам ғой» деп бел-белесіне сүйсіне көз сала­тын туған жер төсінің осылайша қы­зығы тарқап, сүреңсіз күйге тү­суі ауыл азаматының жанын жегі­дей жеп, арқасын аяздай қарып барады.

– Бала кезімізде туған жері­міздің тасы мен талынан ойыншық жасап, сағым қуып, ой-шұқырын жаттап өстік. Мөлдіреген суына түстік, же­місін жедік. Маң­дайы­мыздан майда самалы сүйіп, әлдилеп, аялап өсірген жерімді балабақшам демей, не дейін? Бұл жерде бақытты балалық шағымыздың табы сайрап жатыр. Менің құлағыма құстардың үні келсе, анамның әлдиіндей се­зіледі. Ал аң-құсын, әсіресе, көк бөріні к­өзім шалғанда әкем­нің қайратын көргендей боламын. Тұла бойым­а қуат, жігер құйы­лады. Бұл таби­ғат­тың құді­реті емес пе?! Осыдан он шақ­ты жыл бұрын Майтөбенің ба­сындағы мұздықтар еріп кетті. Әйт­пегенде күн сәулесімен ша­ғылысып, менмұндалап ақ маржандай жылтылдап жататын еді. Оған әлемдік жылынудың әсе­рі болған шығар. Қасиетті дей­тін құр­қылтайдың ұясы да сиреп кетті, оған зауал бас пай­да­сын көз­де­ген адам­дардан келіп жатқан болар. Бұл күнде менің жаныма бататыны – Майтөбе, Ақтас­тының бау­райындағы түз тағы­ларының жоғалуы, – дейді Е.Байжұмаев.

Ол осы өңірдегі қасқырлардың жыл сайын есеп-қисабын жобалап отыруды әдетке айналдырғанын ай­тады.

– Қасқыр деген жыртқыш бол­ғанмен, өте айлакер, ақылды аң ғой. Өзінің үйірін қызғыштай қорғайды. Одан кейін олар бір-бірінің аумағына аттап баспайды. Сол арқылы оның өсіп, кемуін бақылап отырамын. Қазір қо­лына аңшы қаруын ұстаған адам нысанаға іліккенін жайратып салады. Көнекөз аңшылар олай етпеген. Аң аулаудың өзіндік заң­дылығын сақтаған. Мысалы, бөл­тірігіне тиіспеген. Елік лақтап, қас­қыр күшіктейтін мезгілде аң ауламаған. Ата-бабамыз кәсіпке айнал­дырған аңшылықтың қыр-сырын таңды таңға ұрып айтуға болады.

Алайда 2018 жылдан бері бұл тақырыптың аясы тарылып, тіптен қасқыр мен түлкінің ізін көрмейтін халге жеттік. Сол жылдардан бері қарай бірнешеуінің өлексесін кезіктірдік. Алғашында «бұл қалай болғаны?» деп түсіне алмай, таң­данатын едік. Уақыт өте келе оның басты себебі аты мен заты белгісіз қытайдың сұйық дәрісінде екенін ести бас­тадық, – дейді табиғат жанашыры.

Оның айтуынша, малдың өлек­сесіне әлгі беймәлім сұйық­тықты себетін болса, оны жеген аң мен құс сол мезетте сес­пей қата­тын кө­рі­неді. Мал басын қас­қырдан аман сақтап қалу­дың ең оңай жолы санайтын мал­шылардың кейбірі осы әдісті пайдалануы мүмкін деген ой қылаң бермей қоймайды. Соның салдарынан болар, өзен бойынан қасқыр мен түлкінің, тіптен, таз­қараның да өлекселерін өз көз­де­рімен көріп, судан шығарып алған сәттер жиілеген. Уланған өлек­седен өзендегі балықтың, одан нәр алатын жан-жануар мен өсім­дік атаулының зардап шекпе­сіне кім кепіл?! Осыдан соң бір ғана белгісіз препараттың пай­дасы­нан зияны басымдығын сезіну қиын ба?

– Содан бері қарасы азайғаны былай тұрсын, көзден ғайып болды. Былтыр екі қасқырдың ізін көзім шалған еді, қуанышым ұзақ­қа бармады. Түлкі де дүрбіге ілін­бейді. Есесіне сілеусін кө­бейіп келеді. Бұ­лай бола берсе, та­биғаттың тепе-теңдігі бұзы­лады. Әр­бір аң мен құс – табиғаттың сани­тары. Қасқыр кемісе, суыр көбейеді, суырдан ін­дет таралуы мүмкін. Сондықтан оқ-дәріні бақылауда ұстағандай, мы­на улы дәрінің сатылымына шек­теу қойып, мұның аса қауіпті еке­ні­нен малшыларды хабардар етіп, қол­данбау қажеттігін түсін­діру керек, – дейді ол.

Қарақыстақ тұрғыны Естеу Бо­лат­бекұлының бұл жанайқайына ауылдық, аудандық әкімдік қыз­мет­керлері бейжай қарамай, нақ­ты іс-шараларды бастап кеткен. Бұл жөнінде Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев баяндап берді.

– Бұған дейін аңдардың өлуі­не байланысты арыз-ша­ғым түс­пеген еді. Осы мәселе кө­те­ріл­гелі бері ауылдық округ әкім­дері мен ве­теринарлық пункт өкілдері тарапынан шаруа қо­жалықтарының басшыларымен кездесіп, жайлауға шығатын мал­шылардың ең алдымен қо­нысын, төңірегін таза ұстау, өлген малдың өлекселерін өзенге немесе көрінген жерге тастамай, тип­тік мал қорымдарына жинау керек­тігін және әлгінде айтылған улы препараттарды пайдаланған жағдайда заң алдында жауапқа тартылатыны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл проблема біздің ауданда ғана емес, жалпы қоғамда азаматтардың әле­у­меттік жауапкершілігін арттыру­ды меңзейді. Бұл – қазіргі кез­дегі ең ма­ңызды міндет, – дейді А.Тұматаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық ба­қылау және қа­дағалау комитетінің Жамбыл аудан­дық инспекция басшысы Қуа­ныш Назарбеков осы ауданда орналасқан вете­ри­нарлық дәріхана иелері және шаруа қожалықтары жетек­шілерінің қатысуымен өткен жиналыста ветеринарлық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сату мен өткізудің заңды ережесі, сонымен қатар рұқ­сат етілмеген, белгісіз және улы ве­тери­нарлық препараттарды сақ­тау мен өткізудің заң алдындағы жауап­кершілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

Табиғат жанашырларын алаң­­датқан мәселеге байла­ныс­ты бел­гісіз улы ветеринар­лық пре­па­ратты сат­қан ветери­на­р­лық дә­ріхана иесіне 2002 жылғы 10 шіл­дедегі «Ве­тери­нария туралы» №339 заңның 24-5-бабының 6-тар­­мақ­­ша­сын бұзғандығы бойынша Ве­теринария саласында Әкім­ші­лік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы­на сай 50 АЕК көлемінде айып­пұл салынған.

Әкімдік қызметкерлері бұл іс-шаралар­дың ветеринарлық дәрі­хана иелеріне ғана емес, жайлау төсіндегі малшылар қауымына да насихатталатынына сендірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2020 жылғы 1 қыр­күйек­­тегі «Жаңа жағдайдағы Қазақ­­стан: іс-қимыл кезеңі» атты Қа­зақстан халқына Жол­дауында «Қа­зақ­станның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нор­мативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек» дей келе, «Үкімет аза­мат­тық сектормен бірлесіп, «Жануар­ларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес», деген болатын.

«Иттің иесі болса, бө­рінің тәңірісі бар» деген. Бабала­рымыз кие тұтқан көк бөрінің жойы­лып кету қаупінің алдын алып, аң-құсты қорғау жұмыстарын ши­рата түскен абзал. Десек те, бұл біркүндік мәселе болмауы керек. Қоршаған ортаны қорғауда адамдардың жа­уап­кершілігін арттырумен қатар, эко­логиялық сауатын ашу алдыңғы орынға қойылса құба-құп.

 

Алматы облысы