Поэзия • 17 Мамыр, 2023

Жазушы жанының «Жылымығы»

462 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаламгердің әрбір туындысы – оның жан дүние әлемінің айнасы. Сол айнада сырға толы, жұмбаққа бай суреткер жаны бедерленеді. Мысалы, «Мен осы бір суретті көрген сайын сені есіме алатынмын немесе сені есіме алған сайын осы бір суретті көретінмін...» деп басталатын «Жылымық» әңгімесін алайықшы. Мұнда жазушы Оралхан Бөкей өлмейтін күллі адамзаттық тақырыптарды шебер суреттейді.

Жазушы жанының «Жылымығы»

Шығарма сезімге құрылғанымен, бас кейіпкер Жанар тағдыры арқылы адам­ның асыл қасиеттерін жегі құрттай кемі­ріп, айналасын түгелімен жайпап келе жат­қан қоғами, рухани үлкен дертке шарқ ұрып ем іздейді. Осы арқылы оқыр­ма­нын көңіл соқырлығынан, рухани азғын­данудан сақтандырады. Зағип бойжет­кенге Жанар деп есім беруінің өзі қаламгер­дің символмен, аллегориямен жіті жақын­дығын танытады. Яғни Жанар – көзі көрген­­мен, көңіл көзі бітеу тоғышар топқа сурет­кердің көрсеткен ішкі қарсылығы. «Көздің соқырлығы ештеңе емес, Аллам көңіл со­қыр­лығынан сақтасын. Дүниедегі ең қор­қы­ныштысы – осы» деп түйін жасайды. Және адамгершілік жайындағы айтпақ болған, жүректерге жеткізгісі келген ойын табиғаттың ерекше кезеңі жылымықпен шебер байланыстыра суреттейді.

Жылымық... Жылымық кезінде жо­лық­тырған жаны сұлу Жанар және В.Ва­­сильев­тің «Жылымық» аталатын су­реті... Міне, осы үш ұғымды – сурет, жы­лы­­мық, соқырлықты тұтастыра, ұтым­ды ұштастыра отырып, автор өмір шынды­ғы­ның көркем бейнесін жасайды, өмір, адам, тірлік, сезім туралы ой толғайды және сол үш ұғымды әңгіме ырғағының бастауы етіп алады. Мұны беруде сурет­кер негізгі міндетті «жылымық» деген сөз­ге, сөзге емес ойға жүктейді. Бұл жөнін­де жазушының өзі: «Мен осы бір су­рет­ті көрген сайын, тіршіліктің мәнін бұ­рын­ғыдан әлдеқайда терең түсініп, адам өмірінің шын қуанышын, шын қайғысын жырлау, сипаттау екінің бірінің қолы­нан келмейтіндігіне илана түсетінмін. Бұл суретке ұзақ үнсіз қарап тұрып, бақыт, күлкітоқтық дегеннің барлығын санамнан сылып тастап, өзім де біле бермейтін мәңгі шексіздікке, мәңгі тұманды сапарға аттанып кетуді көксер едім...» десе, жылымық жайындағы ойын: «Жылымық...Қыстай қы­сырап жатқан қардың көбесі сөгіліп, жіби бастаған шақ жан-жануардың ең бір азып-тозған күйінің көктемді көксетер үміт жыршысына айналатын. Салқын да сабырлы қабақпен қарсы алатын наурыздың кеші түнге ұласқанда дәуренінің дәм-тұзы таусыла бастаған ақпанның ақырғы айғайына, ақырғы күрсінуіне айналатын» деп толғайды. Осы арқылы адам, табиғат, өнер арасындағы терең үндестікке үн қосады, түйін жасайды. Бұл мысалдан біз жазушы шығармашылығында кейде жекелеген сөздің де абазацтар, сөйлемдер атқарар міндетті атқарып, солар көтерер жүкті алып шығатындығына көз жеткіземіз.

Бүгінгі ғылыми-техникалық өркениет дәуі­ріндегі рухани құндылықтардың екін­ші орынға ысырылып, материалдық игілік­тер үстемдік құрған кезеңде Жанар­дай өмірді терең түсініп, адами таяздану мен рухани құлдырауға тосқауыл қоятын, оқырман мен көрерменін Жанды «тәубесіне түсіргендей», жаңаша ойлау биігіне жетелейтін кейіпкерлердің сахнадан көрінуі – бүгінгі сахна мен экрандағы кезек күттірмейтін мәселе екендігі сөзсіз. Өлмейтін шығарма қашан туады? Мәңгілік өлмейтін тақырыптарды арқау еткен шығарманың шығармашылық, сахналық ғұмыры ұзақ болады. Ал өлмейтін тақырып дегеніміз – адам! Адамның ішкі сезім иірімдері: махаббаты мен мұңы, ғашықтығы мен ғадауаты, қуанышы мен қайғысы, достығы мен дұшпандығы, адалдығы мен опасыздығы, шынайылығы мен аярлығы әңгіме арақауына айналған туындының қай заман, қай дәуірде де көрермені бар. Бірнеше мыңжылдықты артқа тастап, сахнадан әлі тіл қатып келе жатқан Эсхил, Софокл, Еврипидтердің, жарты ғасыр ке­йінгіні бүгінгі күнмен үндестіріп кеткен Шекспир шығармашылығы, көрерменімен сәт сайын сағындырып көрісетін Әуезов пен Мүсірепов мұрасы ойымызға айғақ бола алады. Бұл санаттан, сөзсіз, Оралхан Бөкей мұрасын да жолықтырамыз. Өйткені жазушы адам мен табиғаттың терең байланысын, бұзылмас бірлігін пантеистік сенім дәрежесіне дейін көтере отырып, жырлады. О.Бөкей шығармаларында кейіпкердің жан күйзелісі, сезімі табиғат құбылыстарымен егіз бейнеленіп, адам мен табиғат арасы ажырамас бірлікте тоғысады. Қаламгер шеберханасына үңіле отырып, суреткер шығармашылығынан өмірді біртұтас құ­былыс, көрініс ретінде, адамды сол ұлы жаратылыстың, табиғаттың бір бөлшегі ретінде қабылдайтын бұлжымас бағытын, дүниетанымын байқаймыз. Адам мен Табиғат-Ана ұғымын романтика-фило­софиялық деңгейге көтерген жазушы, тек дерексіз әлемнің соңында кетпей, өз дәуірінің жастар психологиясы мен мінез-құлық ерекшеліктеріне дөп түсіп, замандас бейнесін сәтті сомдайды. Ақиқатты астармен жұмбақтай жеткізуге тырысқан ұмтылысы да шебер дараланады. Бөкеев шығармаларының қай заманда да өлмейтін, өшпейтін тағдыр, сұраныс табуының сыры – оның символикалық астарында жатыр деп танимыз. Өз заманының, қоғамдық-әлеуметтік ортасының тыныс-тіршілігін, замандастарының көкейкесті армандарын реалистік те, бейнелі тұрғыда да батыл айтады. Тілі өткір, тіпті кейде сахнадан өктем үн қатады. Сол өктемдігімен қоғамның бар дерт-түйткілі сыртқа шығады. Көрерме­нін терең ойдың тұңғиығына жетелейді. Суреткердің ешбір шығармасы уақыт­қа, белгілі бір науқандық кезеңге тәуелді емес, өлмейтін мәңгілік адамгершілік та­қырыбын арқау етеді. Қанша ұрпақ ауыс­са да, әр буын сол туындының өн бойынан өз заманының проблемасын көріп, қым-қуыт қайшылығымен кездесіп, сол дәуірдің демімен тыныстайды. Сондықтан да Оралхан Бөкей драматургиясының сыйлар сахналық қуатынан көрермен қай кезең, қай уақытта да жан дүние рахатын тауып, содан рухани ләззат алып келеді.