Қоғам • 17 Мамыр, 2023

Айрықша өнер туралы еңбек

520 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың сарқылмас рухани мұрасын ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шет­елдерде, атап айтқанда, Ресей, Түркия, Франция, Польша, АҚШ, Испания, Аустрия, тағы басқа жұртта насихаттап жүрген белгілі өнер қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты Эльмира Жаңабергеннің есімі көпшілікке кеңінен таныс. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Эльмира Манасқызы Сыр елі, Арал – Қазалы музыкалық-эпикалық дәстүрінің қазіргі кездегі көрнекті өкілі, жыршы, зерттеуші және ұстаз.

Айрықша өнер туралы еңбек

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жыршылық өнерді жан-жақты зерт­теуге бет бұрып, ғылыми және публи­цистикалық еңбектер жазды. Белгілі ға­лым, этномузыкатанушы Саида Еле­­­ма­нованың ғылыми жетекшілігі­мен зерт­теуші Эльмира Жаңаберген «Арал өңірінің жыраулық дәстүрі» ат­ты та­­қы­рыпта дис­сер­тация қорғады. Аталған ғылы­ми еңбегінің негізінде «Арал – Қазалы өңі­рінің жыраулық дәстүрі» атты кітап жарық көрді. Зерттеуші «Дәстүрлі ұлт­тық өнерді заман талабына сай дамы­ту жолдары», «Арал –Қазалы өңірі жы­рау-жыршыларының репертуарлары», «Жырау – түбі бақсы», «Нұртуған ақын­ның жыраулық мек­тебі» атты мақа­ла­лар жазған. Сондай-ақ ғалымның «Өнер – өмірімнің өзе­гі» мен «Жыраулық дәстүрді әуен­тану тұрғысынан зерттеудің әдіс-тәсіл­дері мен маңыздылығы: студенттер мен ма­гистранттарға арналған оқу-әдістемелік құралы» оқу үдерісінде пайдаланылып жүр.

Эльмира Жаңаберген Арал-Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі ұғымын алғаш рет этномузыкатану саласында ғылыми айналымға енгізді. Ғалым онда Арал өңірінің жыраулық дәстүрін ел тарихы, дүниетанымы және халықтық терминологиямен біртұтас құбылыс ретін­де алып, оны этномузыкатану тұрғысы­нан жан-жақты жіктеді. Арал – Қазалы өңі­рінің эпикалық мұрасын жинақ­тап, кезең-кезеңімен топтастырған. Арал өңірі мақамдарын этномузыкатану тұрғысынан талдап, нотаға түсірілме­ген жыр-мақамдар бірыңғай жүйеленді. Кітаптың негізгі құрылымы – «Арал –Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі» және «Арал өңірінің жыраулық мақамдары, азалы әуендер мен бақсы сарындары» атты бөлімдерден тұрады.

Кітаптың екінші бөлімінде Арал аймағы жырау-жыршыларының репертуары, мақамдардың әлеуметтік маңызы туралы сөз болады. Зерттеуші өңір мақамдарын этномузыкатану тұрғысынан талдап, бақсылық жайына да тоқталады. ІХ-Х ғасырлардан жүлге тартатын жыраулық өнер Қорқыттан бастау алады деген тұжырымға сүйеніп, олардың қоғамдағы рөлі, өмірі мен шығармашылығы туралы деректер келтіреді. Жақайым Еспембет (1827), Құрманай Төремұрат (Кішкене руы Кенесары ханның Доғалақпен айтысымен мәлім), батыр Құттық Мұсабай жырау (Шектінің Құттығы. Жанқожа батырдың сарбазы болған), Бітімбай жырау, Жаңаберген жырау (1883), Маханбет жыршы, Қали жырау, Жалғасбай жырау, Бердалы жыршы жөнінде деректер беріліп, Құрманай Төремұрат, Жақайым Нұртуған, Қарасақал Ерімбет, Кете Тұрмағамбет, Балқы Базар, басқа да жыраулар мысалында жеке тұлға есіміне өзі шыққан руын қосып айту дәстүрі болғаны көрсетіледі.

Аталған еңбектің келесі бөлімінде ұстаз бен шәкірт байланысы жайында тың мағлұматтар берілген. Ол – жырау, жыршылар білуге тиіс маңызды және қажетті мәселе деп есептеледі. Монографияда елге белгілі, құрмет-қошеметке ие кез келген жырау-жыршы, термешінің репертуарынан орын алатын әдеби-музыкалық шығармалар өз ішінде жіктеледі: ән-әуен, мақам, шақырулар, жыр бастау немесе ортамен сәлемдесу толғаулары; халық әндері, ауызша тараған кәсіби әндер; терме, нақыл-өсиет өлеңдер; толғаулар мен мысал өлеңдер; айтыс не айтысушы ақындарға айтылған басалқы өлеңдер; хат-өлеңдер, жұмбақ айтыстар; батылдық, лиро-эпостық, тұрмыс-салттық, ғұрыптық жырлар, жыраудың өз жыр-дастандары.

Зерттеуші Эльмира Жаңаберген Арал – Қазалы өңірінің мақамдарын этномузыкатану тұрғысынан талдау бөлімінде белгілі күйші, фольклортанушы Т.Тоқжанов еңбектеріне сүйенеді. «Жаңаберген жыраудың жыр-күйі», «Дәріғұл жыраудың жыр-күйі», «Әуелі қырға бардым сөз құрауға» (мақамы Сары Жырау. Жақсан Тәңірбергенов орындауында), «Сыр сүлейлері» (Д.Жолымбетов орындауында мақамы Сары жырау), «Құлақ салып, сөз тыңда» (мақамы Жаңаберген жырау, орындаған Сұраған Мырзаев), «Әр елдің бар бұлбұлы» (Жаңаберген жыраудың мақамымен) секілді 18 мақам-термені талдаған. Мақамдарды талдау барысында белгілі зерттеуші, ғалым Алма Құнанбаева еңбектеріне сүйенеді.

Кітаптың қорытынды бөлімінде эпи­­ка­лық дәстүр атадан балаға қалай жет­кені айтылып, оны үйренушілер бір­неше топқа жіктеледі: «Бірінші топ ‒ дауы­сы шамалы, бірақ дыбыстық ­бояуы жа­ғым­ды, салмақты, аспапты орташа меңгерген орындаушылар; екінші топ ‒ дауысы зор, желдіртіп, аспапты да өте жақсы мең­гер­ген орындаушылар; үшінші топ ‒ дауысы зор, мақамның мінезін, сипатын, құры­лымын түсіне­тін, кәсіби сауатты, дом­быра ғана емес, басқа да аспаптарды жақсы меңгерген, сөзге бай, тілге шешен, әрі ақын, әрі композитор орындаушылар; төртінші топ ‒ дауысының кеңдік өлшемі орташа болғанымен әдемі, әуезді иірім­дері құлаққа жағымды, аспапты шебер меңгерген, өзінің дауысына көнетін кез келген мақамды мәнеріне келті­ріп айту арқылы тыңдаушысын тез баурап алатын орындаушылар», – деп қарастырады.

 «Арал – Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі» атты монография отандық му­зыкалық эпостану мәселелері ішінде іргелі зерттеудің бастауы деп айтуға болады. Автордың тұжырымдары ғылыми және орындаушылықта жалғасып, әрі қарай жетілдірілуі тиіс.

 

Айжан БЕРДІБАЙ,

Құрманғазы атындағы ҚҰК доценті, PhD,

 

Әбиділда МӘРТЕБЕ,

Құрманғазы атындағы ҚҰК магистранты