Қоғам • 17 Мамыр, 2023

Концлагерьде туған қыз әлі әділдік іздеп жүр

359 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Адамды қиындық шыңдайды» деген сөз рас. 81 жастағы Мария Штукар фашис­тік концлагерьде туып-өссе де әлі тың. Өз құқығын қорғау үшін қайратқа мініп, елорданың талай мәртебелі мекемелерінің есігін қағып, табалдырығын тоз­ды­­­рып жүр.

Концлагерьде туған қыз әлі әділдік іздеп жүр

– Екінші дүниежүзілік соғыс басталарда ата-анам Беларусь Республикасының шекарасындағы Мозер қаласында тұрыпты. Әкем әскери адам ретінде зас­тавада қызмет еткен екен. Фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасағанда шекарашылар күші басым жаумен тоғыз ай бойы шайқасыпты. Содан кейін әкем отбасын үйде қалдырып, өзі майдандағы кеңес әскерлеріне қосылуға аттаныпты. Бізді – әжем, анам және төрт бауырымды немістер тұтқынға алып, Кенигсберг қаласының түбіндегі геттоға апарып тықты. Мен шешемнің құрсағында кеткен екенмін, 1942 жылғы 8 қазанда сол концлагерьде туыппын, – деп еске алады Мария Михайловна.

Соғыс біткен соң Мария Штукардың отбасы бұрын өздері тұрған Беларусьтің Мозер қаласына барып қоныстанған. 1955 жылы әкесі қайтыс болған соң шешесімен бірге Қазақстанның Ақмола қаласына көшіп келген. Ол 25 жасында кәсіптік-техникалық училищені тәмамдап, тоңазытқыш қондырғысының машинисі мамандығын алған. Сол маман­дығы бо­йынша Целиноград облыстық тұтынушылар қоғамының тамақ комби­натында ұзақ жылдар абыроймен еңбек етті. Шаңырақ құрып, үш ұл сүйді. Өкінішке қарай, екі ұлы ер жеткен кездерінде қайғылы қазаға ұшырады. Қазір үшінші топтағы мүгедектігі бар ұлы Михаилмен бірге тұрып жатыр. «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы» және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Жеңілдіктер бойынша соғысқа қатысушылармен теңестірілген.

Сәби шағынан бастап тағдырдың та­лай тауқыметін басынан өткізіп келе жатса да еш мойымаған Мария Ми­хай­­­­ловна қазір өз отбасының бір мә­се­ле­­сін шеше алмай әуре-сарсаңға тү­сіп­ жүр. Нақты айтсақ, оның Астана қала­сы­ның Сарыарқа ауданындағы Бес­те­рек көшесінде орналасқан жеке үйі бар.­ 1946 жылы салынған жалпы алаңы 69,8 шаршы метр тұрғынжайының то­зы­­ғы жетіп, апаттық жағдайда тұр. Сон­­дықтан да 2004 жылы М.Штукар Астана қаласы әкімдігінің 4 тамыздағы №3-1-1566п қаулысымен өзінің жеке үйі­ орналасқан жер учаскесі көппәтерлі тұр­ғын үйдің құрылысына алынатыны­ жә­не тұрғынжайы сүруге жататыны ту­ралы хабарлама алғанда қуанып қал­ған­. Одан мемлекет мұқтаждығына алы­на­тын жер учаскесі мен бұзылатын тұр­ғын­жайына ақшалай өтемақы төлету ту­ра­­лы шешімін сол жылдың 1 қазанына де­йін­гі мерзімде хабарлау да сұралған еді.

Арада көп уақыт өтпей, М.Штукарға «Ақ кереге» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы келіп жолығып, көппәтерлі тұрғын үй құрылысын бас­тау үшін ауызша рұқсат сұрап, уәдені үйіп-төккен. Оның сөзіне сенген Мария Михаиловна келісімін берген. Сөйтіп, М.Штукардың үйіне тиіп тұрған жерде құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Алайда қалалық әкімдіктің М.Штукардың жер учаскесін мемлекет мұқтаждығына алып, тұрғынжайын сүріп, өтемақы төлеу туралы қаулысы қағаз жүзінде ғана қалған.

Ал көпқабатты тұрғын үйді салу ке­зін­де оның жан-жағына қоршау ор­на­тылмай, қауіпсіздік техникасы сақ­тал­мағандықтан, М. Штукардың жеке үйі­нің аумағына құрылыс қоқыстары тү­сіп, денсаулығына ұдайы қауіп төн­ді­ріп тұрды. Ақыры 2005 жылғы 27 қыр­күйекте салынып жатқан көпқабатты тұр­ғын үйдің ауласында жұмыс істеп жүр­ген экскаватор шөмішінен оның үс­тіне топырақ түсіп кетіп, сол иығын жа­ра­лады. Сол үшін сот шешімімен «Ақ ке­ре­ге» ЖШС М.Штукарға 30 мың теңге өтем­ақы төледі.

Бір қайран қаларлығы, М.Штукардың жер учаскесін мемлекет мұқтаждығы үшін алу және тұрғынжайын сүріп, тиісті өтемақы төлеу туралы Астана қаласының Жолаушылар көлігі және­ автомобиль жолдары басқармасы оған тағы да бір емес, екі рет – 2011 жылғы 12 қазанда және 2014 жылғы 11 наурызда жазбаша хабарлама жіберіпті. Бірақ мәселе нақты шешілмеген күйі қалған.

Осы орайда ерекше назар аударарлық жайт – 2009 жылы М.Штукардың жазбаша сұрауына жауап берген Астана қаласы бо­йынша Төтенше жағдайлар департаменті көппәтерлі тұрғын үйді салу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылғандығын ресми мойындаған. Атап айтқанда, көп­пәтерлі тұрғын үй мен М.Штукардың жеке үйінің шаруашылық құрылыстары арасында өртке қарсы қашықтық сақталмағанын растаған. Өйткені көппәтерлі тұрғын үй М.Штукардың жеке үйінің қорасына тым жақын салынған. Оның тұрғындары балконнан лақтырған қоқыс қора үстіне жиі түседі, ал қатты жел соққанда көп­пәтерлі үйдің қаптама материалының элементтері ұшып түсіп жатады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» егер М.Штукардың тозығы жеткен ағаш қорасы өртенсе, от көппәтерлі тұрғын үйдің тез тұтанатын алюкобондтан жасалған қаптамасына лезде ауысары анық.

Жуырда Мария Штукар Астана қала­сы­ның әкімі Жеңіс Қасымбектің атына өтініш жазып, көп жылдан бері созбаққа салы­нып келе жатқан мәселесін шешуге­ кө­мектесуін сұраған екен. Хаты қала бас­шысына жетпесе керек, Сәулет, қала­ құрылысы және жер қатынастары бас­қармасы басшысының орынбасары Нұр­хан Серікбаев қол қойған жа­уапты алып, көңілі алаңдап отыр. Де­генмен оның мемлекеттік органдарды­ жай­лаған бюрократизммен күресте бе­ріл­­гісі жоқ. Енді әділдікті қайдан іздесем екен деп ойланады. Сәби кезінен соғыс тау­қыметін көріп, концлагерьде азап шек­се де еңсесін түсірмеген жанның көкейкесті мәселесі кешікпей шешілсе деген тілектеміз.