Әлем • 18 Мамыр, 2023

Түркия: шешуші таңдау – екінші турда

565 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркияны алдағы бес жылда кім басқаратыны 28 мамырда анықталмақ. Өткен жексенбіде аталған елде президент сайлауы өткен-ді. Алайда бірінші турда үміткерлердің ешқайсысы 50 пайыздық межеден аса алған жоқ. Енді бүкіл мәселе екінші кезеңде анықталады.

Түркия: шешуші таңдау – екінші турда

Анадолыдағы саяси бәсекеге бүкіл әлем көз тікті десек, артық айтқандық емес. Оның өз себеп­тері бар. Біріншіден, 2014 жылдан бері мемлекет басшысы лауазы­мын атқарған Режеп Тайип Ердо­ған өз орынтағын сақтап қала ала ма деген мәселе халықаралық қоғам­дастық назарын аударды. Екіншіден, Түркия – әлемде ық­палы бар мемлекет. Әсіресе Таяу Шығыс­тағы қақты­ғыс­тарды шешуге, одан қалаберді Украи­надағы соғыстың аяқ­талуына да қосар үлесі орасан.

Үшіншіден, Түркия талай жылдан бері Еуропалық одақ құрамына ене алмай, ұйымның табалдырығын тоздырғаны белгілі. Оның үстіне, аталған мемлекет НАТО-ның белді мүшесі. Қазіргі таңда Анадолыдағы ағайын құрастырған қару-жарақ тиім­ділігін ұрыс даласында көрсетті. Осының бәрін ескерсек, халықаралық қоғамдастықтың Түркиядағы сайлауды жіті бақы­лап, елдің тізгінін кім ұстай­тынына алаңдауы түсінікті.

Түркия Жоғарғы сайлау ке­ңе­сінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі Президент Режеп Тайип Ердоғанға электораттың 49,5 па­йызы дауыс берген. Ал оның басты қарсыласы Кемал Кылычтароғлу 44,9 пайыз қолдауға ие болған. Ал Синан Оғанды 5,2 пайыз адам таңдаған. Үміткерлердің ешқайсысы сайлау қорытындысы бойынша 50 пайыздық межеден аспағандықтан, екінші тур белгіленді. Оған Р.Ердоған мен К.Кылычтароғлу өтті. Осылайша, 28 мамырда тағы бір саяси бәсеке күтіп тұр.

Сауалнама қорытындысы екінші турда К.Кылычтароғлу жеңіске жететінін көрсете­ді. Алайда ахуал кез келген сәт­те өзгеріп кетуі мүмкін. Сарап­шылардың пайымдауынша, кімнің ел тізгінін ұстайтыны үшін­ші үміткер – С.Оғанға байла­нысты. Синан мырза өз жақ­тау­шы­ларын кімге дауыс беруге ша­қырса, соның жеңіске жетуі ықти­малдылығы жоғары. Сол себепті Р.Ердоған да, К.Кылычтароғлу да С.Оғанның көңілін табуға тырысатынын айтады.

«Біз дәл қазір (екінші турда) кімді қолдайтынымызды айтпаймыз. Бірақ терроризмнен ауылын алыс қондырмағандар бізге жақындамасын», деп мәлімдеді С.Оған сайлаудан кейін.

Сарапшылар үшінші үміткер­дің кімді нақты қолдайтынын дөп басу әзірге қиын екенін алға тартады. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметке сүйенсек, Р.Ердоғанның «Әділет және даму партиясы» (Ak party) Күрдістандағы «Худа-Пар» партиясымен жақын қарым-қатынас орнатқан. Ал «Халық демократия партиясы» атынан сынға түскен К.Кылычдароғлу тарапы Күрдістан жұмысшылар партия­сымен (PKK) тығыз байланыс­та көрінеді. Сол себепті Оған мыр­за бұл екі партияға да тым жақын болмағандықтан, кез келген пікірін өзгертуі мүмкін.

«Dragoman Strategies» талдау орталығының сарапшысы Онур Эрим «Al Jazeera» агенттігіне берген сұхбатында «С.Оғанның кімді қолдайтыны саяси карьерасына байланысты» деп есептейді. Қай тарап жоғары лауазымды қызмет ұсынса, соны жақтауы бек мүмкін.

Дегенмен кей сарапшы Р.Ердоған екінші турда жеңіске жетуі ықтимал екенін айтады. Сая­сат­танушы Али Каркоғлу жек­сенбі күнгі сауалнамалардан кейін Ердоғанның жеңіске жету ықти­малдылығы жоғары деп есептейтінін жеткізді.

«Ердоған оңтүстік-шығыста біраз дауыс жоғалтқанымен, Анадолының жүрегінде электораттарын сақтап қалды. Сондай-ақ үлкен қалаларда да оны жақтайтындар көп. Жер сілкінген аймақтарға қолдау көрсетуде де сәтті әрекет етті», дейді А.Каркоғлу «Al Jazeera»-ға берген сұхбатында.

Сондай-ақ Түркияда Пре­зидент сайлауымен қатар, Парламент сайлауы да өткені белгілі. Р.Ердоған бастаған «Әділет және даму партиясы» дауыс беру қорытындысы бойын­ша көп мандат иеленді. Осы­лай­ша, «AK party» 267 депутат тағайындайды. Ал Респуб­лика­лық халық партиясына (CHP) 169 мандат бұйырды.

Айта кетерлігі, сайлаудан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Президент Қ.Тоқаев Р.Ердоғанды Түркиядағы президент сайлауының бірінші кезеңінде жеңіске жетуімен құт­тықтады. Сондай-ақ парла­мент­­тік сайлауда «Әділет және даму партиясы» бастаған респуб­л­и­калық альянстың жеткен жетіс­тігін атап өтті. Қазақстан мен Түркия президенттері бауырлас екі ел арасындағы көпжақты ынты­мақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады.