Мәселен, 15 мамырда Қостанайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы аясында ұйымдастырылған «Отбасы ағашы» акциясы барысында 20 жас отбасы орталық саябаққа барып, өз отбасыларының атынан ағаш көшеттерін отырғызды. Ауқымды іс-шараға жас отбасылардан бөлек, 30 шақты ерікті, 40-тан астам қала тұрғыны қатысты.
Көпшілік тарапынан қолдау тапқан игі шараға атсалысқан әр отбасы өздері отырғызған қос түп ағаштың жанында естелік суретке түсіп, ағаш өсіп тұрған орынды кейін адаспай тауып алатындай етіп белгілеп қойды.
Шаңырақ көтергендеріне көп бола қоймаған Дүйсековтер отбасы үш түп ағаш отырғызыпты.
– Біз мұндай акцияға бірінші рет қатысып отырмыз. Шын мәнінде, бұл күн бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан әр отбасы үшін маңызды мереке деп білемін. Бүгінде өзіміз сияқты жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау көп. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын біз мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алдық. Қазір Қостанайда бой көтеріп жатқан жаңа шағын аудандарда негізінен жас отбасылар тұрады. Жолдасым екеуміз жастар ресурстық орталығы мен облыстық әкімдік ұйымдастырған бүгінгі іс-шараға атсалысып, өз отбасымыздың атынан атаулы ағаштарымызды отырғызуды жөн санадық. Бүгін отырғызылған көшеттер тамыры бекіп, бойлап өскенше өзіміз суарып, күтім жасап отырамыз. Мысалы, бүгін жүз шақты ағаш көшеттері отырғызылды. Осындай игі шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, саялы ағаштар да көбейіп, Қостанай жасыл қалалардың қатарына қосылар еді деп ойлаймын. Бұл осымен тоқтап қалмауы керек. Көктемде бас қосып, отау құрған жас отбасылар өз үйлерінің маңайына бір-екі түп ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырса, жақсы емес пе?, – дейді акцияға қатысушы Жұпар Дүйсекова.
«Отбасы ағашы» акциясын ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шаралар барысында ерікті жастар қаладағы триатлон саябағы мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы саябақта тал егу, гүл отырғызу жұмыстарын жүргізген.
Жас жұбайлар атаулы ағаштарын отырғызған соң, Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті филиалы мен облыстық Аналар кеңесі ұйымдастырған «Абысын-ажын» байқауына қатысты.
– Байқау – халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылып отыр. Оған әр ауданнан келген он төрт жас отбасы қатысты. Халқымызда «Абысын тату болса, ас көп» деген дана сөз бар. Ең басты мақсатымыз – отбасы құндылықтары мен озық дәстүрлерді дәріптеу. Көпшілікке үлгілі отбасыларды насихаттау дейді облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Кішкентаева.
Қостанай облысы