Сұхбат • 18 Мамыр, 2023

Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері: Ізденіс адамды қартайтпайды

864 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

«Жансарайдың» кезекті қонағы – қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл АСАНҒАЗЫ мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату мақсатында әлі де еңбек етіп келеді. Оған сұхбат барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. «Біздің ең басты трагедиямыз – тарихымызды білмедік», деген кейіпкеріміз соңғы бір аптада 300-ден астам мемлекеттік қызметшіге «Тіл құбылысының ұлттық мазмұны мен мемлекеттік мәртебесі» тақырыбында дәріс өткізген. «Сол 300-дің ең құрығанда 30-ының жүрегіне сөзім жетсе, бұл – мен үшін жеңіс», дейді өзі.

Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері: Ізденіс адамды қартайтпайды

– Оразкүл Асанғазықызы, осы­­дан 30 жыл бұрын Алма­ты­да­ғы жиында мінберге шы­ғып қа­зақ тілінің мәселесін көтер­ді­­ңіз. Сол кезде ұлттық намыс ту­ра­лы айттыңыз, қазақ тілінің тағ­­дырына алаңдадыңыз. Қа­зақ­тілді қоғам құру үшін тын­бай еңбектеніп келесіз. Со­дан бері не өзгерді?

– Ол кезде мен Сарыағаш ауда­нының әкімімін. Тіл туралы заңның қабылданғанына 3 жыл өткен. 1984 жылы қайта құру басталғанда жұрттың сана-сезімі, рухы оянып, өзінің төл тілін, дәстүрі мен салтын, Наурызы мен айтысын қайтару үдерісі де кеңінен жүрді. Халқымызда ұлт болуға, ұлттың құндылығына деген үлкен бір серпіліс, керемет бір талпыныс пайда болды. Бұл ауылдағы қарапайым халық та, биліктегі азаматтарымыз да ұлттық құндылықты қайта әкелуге жанталасып жатқан кез еді. Мен 1985-1990 жылдары қазіргі Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, бұрынғы Шымкент облысының Алғабас ауданында қызмет атқардым. Ауыл-аймақтарда өткізген алты­ба­қан, бәйге, көкпар, Наурыз мере­келеріне халықтың лек-легі­мен келіп, зор ынтамен қатыс­қа­нын көрдік. Сол кезде әрбір ауда­н­дық мекеменің алдында күндіз ұлттық спорттан, ал кешке ән-күйден түрлі сайыс ұйымдастыратынбыз. Мәдениет үйінің алдына алтыбақан құрып, ақсүйек ойнатқанда, мыңдаған адам жиналатын. Осы бастамамызды тележурналист марқұм Нұртілеу Иманғалиұлы естіп, маған хабарласып: «Оразкүл, сендер алтыбақан өткізген екен­­сіңдер, неге телевидение шақыр­ма­дыңдар?» дегендей ренішін де білдірді. Шыны керек, біз кез келген істі жарнама, өз-өзіңді дәріптеу үшін емес, ең алдымен халық игілігі үшін жасайтынбыз. Ал 30 жыл қазаққа не берді десек, әрине, Аллаға шүкір дейтін тұстарымыз бар. Ең біріншіден, демографиямыз жөнделді. Қазір қазақтың саны 70 пайыздан асты.

– Ал тәуелсіздік алғанда тілімізді төрге шығару үшін не істедік?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында елімізде ұлттық құн­ды­лықты жоқтайтын «Азат», «Алаш», «Желтоқсан» парияла­ры­ құрылған еді. Бірақ уақыт өте бұлардың барлығы шеттеп қал­ды. «Қазақ тілі» қоғамының өзі халықаралық ұйымға айна­лып, ауқымды істерді қолға алды. Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айт­баев бастаған ағаларымыз аймақ­тарға барып, «Қазақ тілі» ұйым­дарын құрған кезде осы іс­­тер­дің басы-қасында облыс бас­шы­лығының өздері жүретін. Бұл сол кездегі қазақ тіліне, «Қазақ тілі» қоғамына деген құр­мет­тің көрінісі-тін. Сол жылда­ры­ еліміздің әр түпкіріндегі әр­бір ауыл-аймақтағы әрбір мемле­кет­тік мекемеде қазақ тілі ұйымы құ­рыл­ды. Сол ұйымдарда қазақ тілі­нің шынайы жанашырлары жүр­ді. Уақыт өте Тіл комитеті, облыс­тық, қалалық, аудандық әкім­ші­лік­тер­де басқармалары құрыла бас­та­ды. Олар жақсылы-жаманды іс-шаралар өткізіп тұрды. Оқи­мын дегендерді оқытты, елді мекен­дер­дің атауын қазақшалады, мек­теп бағдарламаларына қазақ тари­хы, әдебиеті, мәдениетін ен­гізді, «Балаларыңды қазақ сыныбына беріңдер!» деген үгіт-насихат жүргізілді – жалпы ауыз тол­ты­рып айтарлықтай жұмыс атқа­рыл­ды. Алайда елде қысқарту жүр­гі­зілгенде ең бірінші осы тіл бас­қармаларының жұмысы тоқта­тылды. Қазір бірде-бір ауданда тіл басқармасы жоқ, оның біреуін мәдениет, енді бірін білім басқармасына қосты. Осылайша, аудандарда бір-бір ғана тіл маманы қалды. Ал аудандарда, әсіресе солтүстік, орталық өңірлерде бұл бағытта істейтін жұмыс жетіп-артылады. Ең жұмысы көп, қазақ тілі қолданысқа енбей­ жатқан Алматы қаласының тіл бас­қар­масын 5-6 жыл бұрын мүлдем жа­уып­ тастады. Өйткені жоғары жақ­тан тілдің жағдайын ешкім сұра­майды. Талап жоқ, талап қойыл­ма­ған соң талпыныс та жоқ. Әкім­нен­ ешкім сұрамайтын сала әкімге керек пе? Қазір менің білуімше, елі­мізде санаулы облыс­тарда ғана тіл­ басқармасы жұмыс істеп тұр. Олар­дың өзін ешкім қолдамайды, ізде­мейді. Былайғы жұрт сол бас­қармалардың бар-жоғын да біл­мей­ді.

– Осыдан 6-7 жыл бұрын мем­­­­­­­ле­­­­кет­тік мекемелерде «Мем­­­­­ле­­кеттік тілді дамыту»­ де­­ген басқармалар болды. Ке­йін­­ атау­лары өзгерді. Атауы өз­­­гер­ген соң, жұмыс бағыты да өз­­­ге­­ріп сала берді. Сіздің айтып отыр­­­ғаныңыз да осының кері емес пе?

– Бір нәрсе айқын. Біздегі мәсе­ле – мемлекеттік тілді қол­да­нысқа енгізу. Кешегі кеңес өкі­меті кезінде елімізде 72 ауданда іс-қағаздар қазақша жүргі­зіл­ген. Сол кездің өзінде Мәскеу, Алма­ты­да орысша өткен съезд, конференция, пленумның бүкіл баяндамасы сол аудандарға қазақша ауда­рылып жеткізілетін. Қандай тақы­рыпта өтсе де, сол баяндамалар толықтай қазақшаға аударылып, таңертең таза қазақ тілінде жария­ланатын. Сол аудандарда орыс тілінде іс-қағаздарын жүргізетін басқа аудандардағыдай барлық құрылым – саясат, экономика, қаржы, білім басқармалары болды. Сол кездегі барлық жиналыс­тарды өткізіп, құжат әзірлеуге қазақ тілі жетіп-артылатын. Сол тілді қолданысқа енгізу қажет. Өкі­нішке қарай, билік осы қажет­ті­лікті туғыза алған жоқ. Ал халық­тың осыны биліктен талап ет­у­ деңгейі енді-енді ғана өсіп келеді.

«Тілдер туралы» заң 1989 жы­лы­ қабылданды. Бірақ 2006 жылы Мұ­х­тар Шаханов Парламент Мәжі­лісінің депутаты болғанша бұл салаға қаражат бөлінген жоқ.­ Мәжілісте сөйлеген сөзінде ол: «Сендер 70 жыл табанда жат­қан тілді 1 шақырым жолға кете­тін ақшамен қайтарамын деп отыр­сыңдар ма?» деп, мәселені төте­сінен қойғаннан кейін ғана алғаш­қы миллиардтар бөлінген еді. Сол кезде 1 шақырым жолға кете­тін қаржы көлемі 60 миллион теңге екен.

Бұл мәселе қазіргі шынайы өмір­дегі проблемамен салыс­тыр­ғанда түкке тұрғысыз болып­ қал­ды.­ Қазіргінің ең өзекті мәселесі – смар­т­фон. Еліміздің түпкір-түк­піріндегі бір орысы жоқ ауыл бала­сының өзі орысша сөйлейді. Себебі оның қолындағы смартфон­ сол­ тілде сайрап тұр. Оның ішін­дегі баланы қызықтырып, бір­ден­ өзіне баурап алатын мульт­фильм, кино, түрлі бейнеролик пен­ ойынның бәрі орыс тілінде. Сон­дықтан Үкімет мультфильм, тари­хи кинолар түсіруге, бала­лар­ өнімі арқылы тарихымызды­ танытуға, қазақ­тың ұлт мақтаныштарын, Алаш­ арыс­тарын дәріптеуді мық­тап қолға алуы керек. Ал енді­ ­­мультфильм түсіре алмасақ, шетел­­дің жақсы дүниелерін қазақ­ша­ ­сөйлету керек. Рас, кейінгі кез­­дері «Ұлт ұстазы», «Оян, қа­зақ!»­, «Мағжан. Мен жастарға сене­мін!»­ секілді Алаш арыстарын ұлық­таған біраз фильм жарыққа шық­ты. Бірақ осы ұлт тұлғаларын ұлық­та­ған дүниенің бәрі отыз жыл­ бұ­рын­ қолға алынып, жұртқа ұсы­ныл­ған­да ұрпағымыздың сана­-сезімін таза­ күйінде сақтап қалар­ едік. Ұлт­тық рухымыз қазір­гіден де мық­ты әрі биік болар­ еді­. Ал бізде жыл­ өткен сайын мем­ле­кет­тік тіл­ге­ қаржы бөлу де, көңіл бөлу де тө­мендей берді.

«Тілдер туралы» заңның 23-бабына сәйкес әрбір мамандықтың тізі­мі жасалып, қай маман қандай және қанша сөзді игеруі керек деген ауқымды жұмыс істелді. Бірақ құжатты бекітуге келгенде Үкімет те, Президент Әкімшілігі де ширақтық танытқан жоқ. Сол кездегі босаңсудың салдары күні бүгінге дейін сезіліп отыр. Мем­лекеттік тілдің мемлекеттік қыз­­мет­ке қатысты талабы еш­қан­дай­ дәлел­деуді қажет етпейтін аксио­ма­­ болуы керек еді. Мемлекеттік қыз­метке келдің бе, мемлекеттік тіл­ді білуің керек! Арнайы заң қа­был­дамасақ та, қолда бар «Тіл­дер­ туралы» заң­ның­ 23-бабына бір­ құжат дайын­дау­ керек еді. Өкі­ніш­ке қарай, біз мұны­ да жасай алма­дық.

Ең өкініштісі, «Болашақ» бағ­дар­­­ла­масымен шетелге оқуға жі­бер­ген жастарымыздан да осыны та­лап ете алмадық. Болашағынан үміт күттірер жастарды шетелде оқы­ту тәжірибесі бұрын да болған. «Бола­шақ» бағдарламасымен шетелге оқуға баратын әрбір жас мін­детті түрде ана тілін білуге тиіс­ деген мәселені сол кездегі ел зиялы­лары көтерді. Бірақ олардың үнін билік тағы естіген жоқ. Біздің жі­бер­ген ең үлкен қателігіміз де осы – «Болашақпен» кеткен жас­тардың мемлекет тілін білуін қада­ғалай алмадық.

Рас, олар білімді, Еуропа көр­ген. Алайда сол жастар ертең туған еліне кел­генде қазаққа қызмет ете алмайды. Өйткені қазақтың тілін білмейді, мінезін тани алмайды, табиғатын түсінбейді, сал­тын сақтамайды, дәстүрін дәріп­темейді. Сонда біз өз ұлтын сүй­мей­тін білімділердің қатарын ғана көбейт­кеніміз ғой. Ал Әлихан Бөкей­хан «Ұлтқа қызмет ету – білім­нен емес, мінезден» демеп пе еді? Яғни біз келер ұрпақтың міне­зі­не мән бермедік. Бұл – ең үл­кен кемшілігіміз.

– Мемлекеттік мекемелерде дәріс оқып жүрсіз. Тіл жа­­на­шыр­ларын таба алдыңыз ба?­­

– Өте көп. Мен соны көріп қат­ты қуандым. Шүкір, бар екен. Мем­лекеттік тілім – қазақ тілі деп, игі істер жасап жүргендер жетер­лік, әрине. Бірақ «орыс тілімен-ақ күн­ көруге болады» дейтіндердің де кө­бесі сөгілмей тұр. Ақын Серік Сейітманның «Қажет емес заң маған, Заңсыз-дағы қадір­лей­мін халқымды, Заңсыз-дағы кір­летпеймін Туымды» дейтін өлеңі бар. Қазірдің өзінде әрбір адам­ның Ата заң, «Тілдер туралы» заң­мен-ақ қазақ тілін қолданысқа енгізуге толық мүмкіндігі бар.

– Қайрат Жұмағалиев ақын аға­мыздың сіз туралы айтқан бір­ сөзін оқып едім. «Егер біз­дің­­ елімізде Оразкүлдей он қыз­ бол­са, Тіл туралы заңды қабыл­дау­дың да қажеті жоқ» деген...

– Бұл сөзді жалғыз Қайрат аға емес, көп адам айтты. Өскемендік ақын Амангелді Дүсіповтің «Бір Ораз­күл керек-ақ Өскеменге» деп­ өлең шығарғанын білемін. Ешкім өткізбеген Алаштың 90 жыл­дығын Астанада алғаш ұйым­дастырып, басы-қасында жүр­ген­де­ азаматтар «Алаш тек­ Асанғазыға керек пе?» деп «Ас­тана ақшамы» газетіне мақала жаз­ды.

Бұрын біз барлық сала қыз­мет­керлеріне қазақ тілі бойынша­ дә­ріс оқитынбыз. Қоғамдық кө­лік жүргізушілері мен кондук­тор­лары таңғы 5-те жиналады­ десе, 5-те барамыз. Жол сақшылары түн­гі 21-де жиналады десе, «жақ­сы,­ біз де сол уақытта боламыз» деп түнімен инспекторларға «Жазатының 2-ақ сөйлем, соны қазақ­ша жаз. Аудармасы жоқ бол­­са, міне қазақшасы» деп, хат­та­ма­ның үлгілерін жасап беретінбіз. Ел көп жиналатын халыққа қыз­мет­ көрсету орталығы, көші-қон поли­циясы, емхана – тіл туралы заңға қатысы бар барлық сала­ға өз аяғымызбен барып, семи­нар сабақтар өткізіп, заң бап­та­рын тәптіштеп түсіндіріп, мін­дет­тері мен құқықтарын жік­теп­ беретінбіз. Әр ұжымнан тіл жана­шырларын тауып, солармен­ жұ­мыс істеуге баса мән бердік. Мәсе­лен­, ономастикалық комиссияда қыз­мет еткен Әбіш Кекілбаев, Мыр­затай Жолдасбеков, Мыр­за­тай Серғалиев, Фариза Оңғар­сы­нова, Ақселеу Сейдімбек, Қой­шы­ғара Салғараұлы, Нұрғожа Ораз­, Алдан Смайыл, Ханкелді Әб­жан бастаған азаматтар бізбен бір­­­ге тізе қосып жұмыс істеді. Жұмыс халыққа керек болғаннан кейін бастамаларымызға ғалым, сенатор, жазушы, әкім, журналист – зиялылардың бәрі келетін. Өйт­ке­ні біз қолға алған іс-шара елге, ер­теңге керек еді.

– Тіл мәселесі – өте нәзік м­ә­­­селе. Бұл­ бағытта біз неден ұтылдық? Қай жер­­ден қате­лес­тік?

– Ұтылған тұсымыз әрі ең өкі­ніш­тісі – тілімізді қажеттілікке айналдыра алған жоқпыз. Билік айналдырмаса, халық осы мүддеге жету керек еді. Қазақ тілі кедей тіл емес. Басқаны былай қойғанда орыс тілінен кедей емес. Ал «Түр­кі­ тілінің ішіндегі гауһары» деп Мәш­һүр Жүсіп айтқан біздің тіл табал­дырықта тұр.

Тіл тағдырына араша түскені үшін Амангелді Айталы, Мұхтар Шаха­нов, Әбіш Кекілбаев секілді ағаларымызды ағаш атқа олай да, бұлай да отырғызып, популист санадық. Сондай ұлт тұлғалары бірен-саран болғаннан кейін «жалғыздың үні шықпады». Ал бүкіл халық талап етсе, билік ешнәрсе де істей алмайды. Елмен санасуға тура келеді. Бірақ алдымен осыны халық түсінуі қажет. Ұлт болып сақталудың төте жолы – өз тіліңде өмір сүру.

Алғабас ауданына қызметке келгенде аймақта сол кезде 50 мың­ халық тұрды, 50 елді мекен болды. Емге іздесең, бір орыс таппайсың. Сол 50 елді мекен­нің­ 38-інің атауы орысша еді. «Табан­дарың тиген жердің атауын­ өзгерт!» деген патша бұй­ры­ғы орындалған. Бұл – адам­ның­ жадын қалыптастыру үшін жасал­ған қадам еді. Бәйдібек бабам­ның мүрдесі тұрған жер Китаевка, оң жағы – Михайловка, сол жағы – Орловка. Сан ғасыр бұрын осы топырақта өмір сүрген До­малақ ананың жатқан жері – Про­гресс, оның жаны – Красная нива.­ Осы 38 елді мекеннің атауын­ 1988 жылы Алғабас аудандық Халық­ депутаттары кеңесі атқару коми­те­тінің төрағасы болғанда бір сес­сияда ауыстырдық. Елі­міз­де­гі­ қалалардың ішінде Алаш арыс­та­рының, еліміздің қай өңірінде дүние­ге келсе де, ұлт үшін қызмет ет­кен­ азаматтардың есімін ұлық­­та­ған шаһар – Шымкент. Шым­кент­тегі бірталай мектеп, көшеге Алаш­ зиялыларының есімін бер­гі­зіп, ұрпағымен ұлағатты кездесу­лер, тарихи сабақтар өткіздік. Жұ­ма­бек Тәшенов тұрған кө­ше­ге атын бергенде мен Әл-Фара­би ауданының әкімі едім. Сары­ағаш ауданына әкім болып бар­ған­да да ең бірінші қолға алған жұ­мы­сым – елді мекен атауларын өз­гер­ту. Ауданның Өзбекстанмен шека­расындағы ауылдың атауы – Чер­няев, одан кейін – Тоболин, Тель­манов, Комсомол... Осылай тіз­бек­теліп кете береді. Осы атау­лар­дың бірін Жібек жолы деп атап, екіншісіне өзінің Дербесек де­ген тарихи атауын қайтардық. Дер­бесек – Өгем тауынан бастау алып, сол ауылдың үстінен ғана өте­тін қоңыр салқын самал жел. Тарих­та қолдан жасалған зорлық пен қиянатты қайта қалпына кел­ті­ру – ұлттық намысты ғана емес, қай­рат-жігерді де талап ететін жұ­мыс. Осы жұмыстарды атқара жү­ріп менің көзім ашылды, төл тари­хы­мызды тани түстім.

– Орысшасы сірескен Це­ли­но­­­град­тың жағдайы қалай еді?

– Ал Целиноградта қазақ зиялы­сы­ның аты тұрмақ, қазақша атала­тын­­ көше болмаған еді. Қазақта «Же­ңіс» деген сөз жоқтай, «Побе­да»­ даңғылы, «Бейбітшілік» деген­ сөз жоқтай, «Мир» көшесі де­п­ атайтын. Сол жылдары мың­да­ған көше, аялдама, 700 ғима­рат­тың атын қазақшаладық. «Си­нема ситиді» «Самұрық», «Сити­ маркетті» «Қазына» деп ауыс­тырдық. Қазір айтуға оңай көрін­генімен, ол кезде мұның өзі­ үлкен қажыр-қайратты талап­ ет­ті. Күніне ғимараттарына ағыл­шынша, қытайша, орысш­а атау­ берген 15-20 кәсіпкерді каби­не­ті­ме шақырып алып: «Бабаңның қаны­мен қалған жерге сен мейрам­хана, сауда орталығы, сән салоны, бизнес орталығын салып тұрсың. Сөйте тұра, нысанды ағылшынша, орысша атайсың. Сонда ұлттық намысың қайда?» деп үгін-на­си­хат жүргіземін. Бірі түсінеді, енді бірі өзіңе қарсы шығады. Сол күні келген 15 кәсіпкердің ең құрығанда 5-уі ғимаратының ата­уын қазақшалағанда мойнымнан­ ауыр жүк түскендей үйіме қай­та­тын­ едім. Ал қалғандарын қайтара шақыра­тынмын. Таңертең жұмыс­қа келгенше 5-6 балабақша мен мек­тепті аралап, кешке үйге қайт­қан­ша 15-20 кәсіпкермен сөйлесіп кете­тінмін. Соған Алла Тағала ма­ған күш-қуат берді. Осы жылдарда түсінгенім – ұлтқа қызмет етсең, аштан қалдырмайды, шаршатпайды да. Ең соңғы демім қалғанша еткен еңбегім осы болмақ. Қазақта «Тамшы тас   теседі» деген сөз бар. Менің де сөзімді сөйлейтін, түсінетін халық көбейіп келе жатыр. Тілге қызметте шаршауға болмайды.

– Сіз соңғы уақытта әлеу­мет­тік желінің мүмкіндігін өте жақсы әрі сәтті пайдаланып­ жүрсіз. Әсіресе Instagram арқы­лы.­ Мұнда қазірдің өзінде 100 мың­ға жуық оқырманыңыз бар екен. Instagram-дағы парақша­ңыз­­ды ашқанда, «Отбасылық ба­қыт­ты насихаттаймын» деп­ жа­зып қойыпсыз. Ал сол «Отба­сы­­лық бақыт» дегеніміз не?

– Отбасылық бақыт – ең бі­рін­ші­ ерлі-зайыптының түсіністігі де­ген сөз. Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Әйелің жақсы болса, үйіңде күн­де жұмақ. Әйелің жаман болса, үйіңде күнде тозақ» деген. Отба­сына еге болар отағасы шаңы­ра­ғын­ шайқалтпай, қамқор, қорған бола­ алса, ғана бақыт тұрақтайды.

Шыны керек, бірнеше мәрте әлеуметтік желідегі осы жобамды тоқтатып тастаған едім. Алайда оқырмандарымның сұранысымен қайта бастадым. Әрине, оған да ізденіс, дайындық, уақыт керек. Бірақ халық кәдесіне жаратып жатса, неге қолға алмасқа?

– Ұрпақ, ұл мен қыз бала тәр­биесі, келін мен ене, әйелдің рөлі­, жеңге­лер инс­титутына қа­тыс­ты біздің қоғамда мәселе өте­ көп. Сұрақтар да сан
алуан..­.

– Осы айтылғандардың ішінде қазі­р ене мен келін мәселесі өт­кір тұр. Маған қойылатын сұрақ­тар­дың­ көбі ене мен келін қарым-қаты­насына қатысты. Қазір қо­ғам­да ажырасу көп. Соның бір ұшы енеге барып тіреледі. Ақи­қатын айту керек, біздің кезі­міз­де­гідей енелер қазір жоқ. Қа­зір­гі енелердің дені кезінде өз ене­­лерін қарық қылып бақпаған, бі­рақ­ үйіне түскен келінге талабы күш­ті. Еркектердің де арасында ең алдымен әйеліне жағдай жасау­ды­ емес, талап етуді білетіндер көп.

Біз ұл-келінмен бірге тұра­мыз.­ Мысалы, мен қазір үйге бар­ғанда немерелерім алдымнан­ жү­гіріп шығып, әжелеп мойны­ма­ асылғанда, күні бойы шарша­ға­ным­ды бір сәтте ұмытып кетемін. Әлем­де немеренің еркелегеніне, иісіне, тәтті тілі мен қылығына еш­нәрсе жетпейді ғой? Бұл – Құдай­­дың берген бақыты.

– Ал өзіңіз қандай енесіз?

– Ең бастысы, қазымыр ене емес­пін.

– Сізді көпшілік «орақ тілді, өт­­кір сөз­ді, қатал мінезді» деп­ таниды. Ал өзіңіз ше? «Адам­ның­­ мінезі – тағ­ды­ры» деп жатамыз. Егер өзгертуге бол­са,­ қай­ мінезіңізді өзгертер едіңіз?

– Мені сыртымнан танитын­ адам­ның көбі солай ойлайды.­ Ал­ жақын араласып, бірге шай­ ішіп жүргендердің олай айта­ қоюы екіталай. Сұс деген­ бар, со­сын мінез деген бар. Мінезсіз адам­ жұмыс істей алмайды. Мемлекеттік қызметте әр адам­ның­ өзіне тән мінезі болуы керек.­ Алла­ға мың шүкір, осындай мінез бер­геніне. Ешқашан бір жерде ар­тық айттым, бір тұста кем сөйле­дім­ деп өкінген емеспін. Мен 65-ке толғанда Таразда кездесу бол­ды. Сол кезде белгілі журналист­, жазушы Жұмагүл Қуанышбекқызы: «Оразкүлге ақпа­рат Алла Таға­ладан келеді. Ақпа­рат­ оған құ­йылып тұрады», деген еді­. Сол айтпақшы, мен аузыма­ кел­ген сөзді қайтармаймын. Ма­ған­ келеді, соны айтамын және оған­ ешқашан өкінбеймін.

Әкем шопан болған. Мені аты­на мінгестіріп алып: «Ел бас­қа­ра­тын қызым келе жатыр!» деп есік­­тің алдында шеру жасайды екен. Әкенің тілеуі қабыл болады дей­ді ғой. Расымен де, мектептен бас­тап біріншілердің қатарында жүр­дім. Қазақ мемлекеттік қыз­дар­ педагогикалық институтын­да­ оқып жүргенде Ленин сти­пен­диясының иегері атандым. Инс­титутта 2-курс оқып жүрген кезім. Алты факультеттің комсо­мол­ комитеттерінің хатшыларын­ жи­на­ған оқу ордасының басшылығы «Ленин­нің 100 жылдығына әрқай­­сың өз мамандықтарыңа сәйкес кеш­ өткізесіңдер» деген тапсырма бер­ді. Сол кешке екінің бірі қолы жет­пейтін, ең танымал «Дос-Мұқа­сан» ансамблін шақырып, кон­церт ұйымдастырған едім. Қа­зір осының бәрін еске ал­ған­да, не деген батылдық, не де­ген қайсарлық деп өз-өзіме таң­­­­ғ­а­ламын. Осы жеткен жетіс­тігімнің бәрі ең бірінші Алла­ның,­ әке-шешемнің және осы міне­зім­нің­ арқасы.

– Өмірдің шуақты белесіне шықтыңыз, қандай күйдесіз?

– Әлемнің бүкіл дәрігері де, пси­хологі де айтатын бір сөз бар. Олар жетпіс деген – ең керемет жас дейді. Адамның нағыз жетіл­ген, білімің бар, тәжірибең бар, айта­р­ың бар – нағыз өзіңе де, халық­қа да қызмет ететін жас деп біле­мін. Ал осы да жетер, болдым,­ толдым деп тоқтасаң, қар­таю деген санаулы-ақ сәтте. Мен­ сол үшін де үйде отыра бергім кел­мейді. Жұртқа білгенімді ай­тып, білімімді жетілдіремін, кі­тап­ оқимын, түрлі кездесуге, сұх­баттарға барамын. Іздену, ізденіс адамды қартайтпайды. Хал­қымызда «Түстік өмірің болса,­ кеш­тік мал жина» деген сөз бар. Мал­ емес, білім жинау керек екен. Бә­рін біліп, түбіне жеткен адам жоқ­ себебі. Менің де білгенім – бір то­ғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»