16 Шілде, 2014

Жұбанованың шәкірті ауыл бүлдіршіндерін өнерімен үйірді

587 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
SAM_3907 Әлемге әйгілі болған әулиешоқы – қасиетті Хантәңірі мен бірімен-бірі жалғасып жататын Тянь-Шань таулары сілемдерінің етегіндегі Нарынқол өңірі тауға тартқан таланттар мекені екені елімізге ежелден мәлім. Сегіз қырлы, бір сырлы алуан талант иелерінің аттарын тізбелеп шығу мүмкін емес. Олардың қатары жыл өткен сайын жаңа есімдермен толығып, жаңару жолындағы жасампаз еліміздің құндылықтарын байыта түсуге барынша атсалысып келе жатқаны үлкен қуаныш. Сондай талғамы биік та­ланттардың бірі әрі бірегейі деп халық қастерлеп жүрген танымал сазгер Бейбіт Дәлденбай деп толық айтуға болады. Осы жерде оның өмір жолының деректері мен дәйектерін шолып өткен де артық емес сияқ­­ты. Бейбіт – бітімі мен болмысы бөлекше жан. Ол 1973 жылы академик Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мектеп-интернатының кларнет аспабы мен композиция бөлімін бітіріп шығады. Осы жерде оның музыка әлеміне деген құлшынысы мен ұмтылысы ұштала түседі. Бұдан кейін Құрманғазы атындағы Алматы ұлттық ­кон­­серваториясының компо­зи­­­ция бөлімін тәмамдайды. Айрық­ша атап айтар бір жайт, осы жерде Бейбіт ғұлама сазгер Ахмет Жұбановтың туған қы­зы, білгір де білікті маман, профессор Ғазиза Жұ­­­бановадан дәріс алады. Сондықтан болар, оны әріптестері мен замандастары атын атамай «Жұбанованың шәкірті», деп атап кеткен. Бейбітке бұл мақтаныш болумен бірге, зор жауапкершілік жүктеп келеді. Сазгерлік білімін жетіл­діріп, шеберлігін шыңдау үшін Мәскеудің П.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясына түсіп, әйгілі профессор А.С.Леманның ассистент-ізденушісі ретінде ауызға ілінеді. Аталмыш оқу орнын бітіргеннен кейін аралары ажырамаған ардақты ұстазы Ғазиза Жұбанованың аспиранты атанады. Бұл Бейбіттің әбден маманданып, музыка әлеміне еркіндеп енген кезі болатын. Соның арқасында Алматы консерваториясының фольклорлық зертханасының бөлім меңгерушісі, Мәдениет министрлігінің музыкалық репертуар бөлімінің бас редакторы болып істейді. Соңғы төрт жылдан бері Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның сазгерлік бөлімі мен композиция және арт-менеджмент кафедрасының доценті. Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағы басқар­­­­ма­­сының алқа мүшесі, Алматы облысындағы Райымбек ауданының құрметті азаматы Бейбіт Дәлденбайдың шығармашылық жетістіктері де жемісті. Ол әр жылдары өтіп келе жатқан халықаралық және отандық конкурстар мен фестивальдардан жүлдесіз қалған жері жоқ. Қашан болсын қабілетті қарымының мықты екенін дәлелдеп келеді. Бұл оның талант тағылымының дәлелі. «Жігер» фестивалінде, «Мың бала» патриоттық әндер байқауында, Гран-приге қол жеткізсе «Жаңа ғасырда – жаңа ән» байқауларында ме­рейі үстем болды. Сол сияқты «Астана-Бәйтерек» конкурс­ында «Махаббат періштесі» балеті, «Ең үздік балеттік шы­­­ғарма» номинациясы бойынша лауреат атанды. Сондай-ақ, «Кварта-Квинта» туындысы «Шағын көлемді аспаптық шы­ғармалар» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дип­ломға ие болды. Бейбіт шығар­малары тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елде­рінде танымал. Ұжымдар мен белгілі әншілер орындап жүр. Бейбіт Дәлденбайдың  «Махаббат періш­­­тесі», сол секілді «Ер Төстік» балеттері, «Отты жер», «Қа­һар­мандық нақыштары», «Уақыт жаң­ғырығы» симфониялық поэмалары жұртқа кеңінен танылған туындылар. Сонымен бірге ұлт аспаптық оркестрге арнаған «Замана», «Үмбетәлі», «Өмір жыры», «Сер­пін», «Көкойнақ», «Кон­­­церттік пьеса», «Күй толғауы» жиі орындалып жүр. Ал, хор мен симфониялық оркестрге жазылған «Ел бақы­ты», «Абай жыры», «Достық ұра­ны», «Ардагерлер», «Айтыс» та халықтың жүрегіне бекем ұялап қалған шығармалар десек болады. Оның бұдан басқа 30-ға жуық көркем суретті анимациялық фильмдер мен музыкалық және драмалық спектакльдерге жазған музыкалары, 80-нен астам лирикалық және балаларға арнаған көптеген әндері халықтың жадында жатталып қалды. Жеке дауыс пен фортепианаға өңделіп жазылған халық әндері де өзінше бір әлем. Бұл оның шынайы шығармашылығының арқасында еркін игерген елеулі табыстары. Осы арқылы оның абыройы мен беделі жоғары. Бейбіттің өнер аспанын­да еркін қанат қағып қалық­тауына ата-анасының айтар­лықтай ықпалы тигенін көзімізбен көрген едік. Әкесі Әбіл Дәлденбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі болатын. Шешесі Мариям Айтіленова кешегі кеңестік кезеңдегі ең жоғары марапат саналатын Ленин орденін алған мұғалім, «Ар­­­дақты ана» алтын алқа белгі­сінің иегері еді. Жақында Нарынқол ауылында жанға жайлы жағымды жаңалық болды. Осындағы бетке ұстар «Қарлығаш» балалар бақшасы Бейбіт Дәлденбайды «Туған жер – алтын бесік» атты тақырыпта өтетін кездесуге шақырыпты. Өзіндік қолтаңбасымен халықтың сүйікті сазгеріне айналған Бейбіт үлкен ұжымның бұл ұсынысын қуана құп алыпты. Кішкентай бүлдіршіндерге Бейбіт жан-жақты жақсы дайындығымен келіпті. Оның балбөбектерге әкелген шығармашылық базарлығы мол болып шықты. Сазгер, ең алдымен, балдырғандарға әкелген әндер жинақтарын, музыкалық аспаптарын, тағы басқа көптеген сый-сияпаттарын үлестіріп, дәмге толы дастарқанын да жайды. Балабақша бүлдіршіндері де ағаларына жақсы тарту әзірлепті. Олар белгілі ақындардың өлеңдерінен Отан, туған жер, өзге де тақырыптарды қамтыған әдеби-музыкалық монтаждарын орындады. «Бал­­бө­бек» тобы ақын Исрайыл Сапарбайдың сөзіне жазылған «Паравоз», «Айналайын» тобы ақын Жа­расқан Әбдірашевтің сөзі­не жазылған «Шар» әнін, «Шұ­ғыла» тобы «Көйлегін-ай, Сәу­ленің», «Мысық», «Бал­­дыр­ған» тобы Айымгүл Мең­жа­нованың сөзіне жазыл­ған «Қай­сы екен?», «Қандай ас­пап?», басқа да көптеген әнде­рін на­қышына келтіре орындад­ы. Көпшіліктің алдында іркілмей өнерлерін көрсет­кен Жанерке, Жасмин, Сым­бат Уәлібаевалар, Айқын Тұрсын, Найзанұр, Ақниет Әбдірахман, егіздер Мадина, Сабина Кенжеевалар, Батыр Саятұлы сияқты бүл­дір­шіндердің талаптары таудай екен. Олардың айтқан әндері мен билері, тақпақтары бұлардың келешегінен көп үміт күттіреді. Сол сияқты бала­бақша қызметкерлері: Гүл­жамал Қарабалина, тәр­бие­шілер Жангүл Кенжеева, Гүл­назира Тұрдиева, Арай Рахым­баева, Дәмира Мұқанова, Гау­һар Боранбаева, Индира Жап­пасова, Индира Байқанова, Эль­вира Ермековалардың белсен­діліктері көрермендердің көңі­лінен шықты. Қанат ТӘКЕБАЕВ, журналист. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылы. Суретте: кездесуден көрініс.