2019 жылы Өзбекстаннан қоныс аударып келген Сегізбай Жүнісов бүгінге дейін Рудныйдағы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында токарь болып жұмыс істеп келген. Енді жеке кәсібін іске қосып, әрі қарай дамыту үшін жұмысынан шығып жатыр. Кір сабын шығаратын құрылғыны несиеге алыпты. 380 вольтпен жұмыс істейтін құрылғы сағатына 500-ге дейін өнім шығара алады. Алайда бізге сағатына 300 кір сабын шығарсақ та жеткілікті дейді кәсіпкер. «Үшқұдық» кір сабынының салмағы – 200 грамм, құрамындағы кір ашатын майлы қышқылдың үлесі 72 пайызға жетеді.
Кәсіпкер алғаш 100 сабын шығарып, қаладағы «Бақ-бақ» базарына қойып көрген екен, демде өтіп кетіпті. Алтын кеніне бай Үшқұдықтан ауған қандастардың дені бүгінде Рудныйдың маңайына шоғырланған. «Үшқұдық» сабынын, әсіресе, сол кісілер іздейді екен.
– Базарда 250 теңгеден сатылып еді. Қазір жоқ болып кетті. Өзіміз бір-екеуін алып, пайдаланып көрдік. Сырттан келіп жатқан сабындардың көбі ваннада бір күн қалдырып кетсең, еріп былжырап кетеді. Ал бұл сабын суда қалып кетсе де ерімейді. Жақсы көпіреді, кірді де жақсы ашады, дейді Рудный қаласының тұрғыны Сұлушаш Өмірова.
Сегізбай Өзбекстанда біраз жыл сабын шығаратын кәсіпорында жұмыс істепті. Бұл кәсіптің қыр-сырын сол жерде жүріп әбден меңгеріп алса керек. Қазірше, інісінің гаражын жалға алып отыр. Сабын қайнатуға малдың кәдімгі ішмайы, одан кейін күнбағыс майы керек екен. Кәсіпкер оларды жергілікті ет комбинаттары мен мал сою цехтарынан, дәмханалар мен мейрамханалардан сатып алады. Ал дайын химиялық қоспаны Шымкент пен Алматыдан алдыртады.
– Сырттан келіп жатқан кір сабынның көбінде біртүрлі жағымсыз иіс болады. Оны бірден байқайсыз. Жұрттың көбі мұндай сабындардың доңыздың терісін қайнатып жасалатынын айтады. Намаз оқитын кісілер көбіне кір сабынмен жуынады ғой. Сондықтан біз ішмайды тек сиыр, жылқы ғана соятын ет комбинаттарынан сатып аламыз. Бұған дейін олар малдың таза етін ғана алып, ішмайын көбіне лақтырып жіберіп отырады екен. Біз осы зая кетіп жатқан дүниені кәдеге жаратып жатырмыз. Одан кейін халал дәмханалар бауырсақ, тағы да басқа неше түрлі майлы тағамдар пісіреді. Солардан сұйық майдың қалдығын сатып аламыз. Оған химикат қоспа араластырып, сабынның пайызын 72-ге жеткіземіз. Сабын неғұрлым ағарған сайын, соғұрлым сапалы болады, – дейді кәсіпкер.
Көтерме бағамен сатып алушылар табылып жатса, кәсіпкер бағаны 200 теңгеге дейін түсіруге әзір. Өндірісті толық іске қосу үшін 5 млн теңгедей қаражат керек. Өкінішке қарай, кәсіпкер қазірше бизнесті дамыту жөніндегі мекемелерден қолдау таба алмай отыр.
– «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасының филиалына бардым. Ондағылар кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкің болуы керек дейді. Оған кепілдікке қоя қоятын үй-жайым болмай тұр. «Центркредит банкіне» барып сөйлестім. Олар алдымен біздің банктен жеке есепшот ашып, соған жарты жыл қаржы жинауың керек дейді. Қазір құжаттарымды жинап, таяуда ғана облыс әкімдігі жариялаған кәсіпкерлікті қолдауға арналған тағы бір бағдарламаға қатысып жатырмын. Ол бағдарламаға қатысу үшін жұмыссыз болуың керек екен. Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында токарь болып жүр едім. Амалсыз жұмыстан шықтым. Маған ең бастысы, өндірісті іске қосатын қаражат керек. Қалған нәрсені өзім табамын. Мұның сыртында, ұнтақ сабын, су сабын, ағартқыш, шампунь жасайтын станоктарды да сатып алмақпын, дейді Сегізбай Жүнісов.
Кәсіпкер Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатына қолдау сұрап барған екен. Кәсіпорын басшылары өніміңді шығара бастасаң, сатып алу жағын ойластырамыз деген уәде беріпті.
Қостанай облысы