Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қай заманда болсын, әсіресе, отырықшы мәдениет үшін өркениеттің өзегі қала болып келді. Сондықтан да үдере көш үзілмейтін үдеріс екені белгілі. Адам қашанда жайлы өмірді аңсайды. Адамның көбі азшылықтан алыстап, көппен бірге болуға құмбыл. Бұл – тежеуге келмейтін табиғи құбылыс. Ал біз секілді қаласы да, даласы да бар ел мұны салқынқандылықпен қабылдап, ел ішіндегі теңгерімді ұстап тұру үшін біраз бас қатырып көргеніміз жөн секілді. Айналамызға қарасақ, осынау қым-қуыт қала тіршілігіне араласып кеткендердің көбі бұрынғы ауыл адамдары екенін аңғарамыз. Бәріміз де арман арқалап, алып шаһарды бетке алып, ауылдан асығып тез аттандық. Көбімізде әу баста қалада тұрақтап қалу ниетіміз болмайтын. Оқу бітіріп, диплом алып, тіл үйреніп, тәжірибе жинап, сол өскен ортаға қайта ораламыз деп келдік. Біраз жылға дейін бұл арман-мақсат жүрек түкпірінде жатты да. Алайда уақыт өте келе алғашқы арман ұмытылып, қалаға қалай жұтылып кеткенімізді аңдамай да қаламыз.
Жер мен ғарыштың уақыт кеңістігі қандай өзгеше болса, қала мен даланың да уақыт кеңістігі сондай бір-біріне ұқсамайды. Мысалы, бірде жол түсіп шалғайдағы ауылға бара қалдық. Әуелі интернет пен байланыс үзілді. Өйткені қазір біздің кейбір ауылдарға қаладан аспан жақын. Жұлдыздары қолсозым жерде тұр, шетінен теріп жеймін десеңіз де бейіл, жымың-жымың қағып тұра береді. Саф ауа. Қоңыр самал. Тап-таза тау бұлағы маржан шашып ағып жатыр. Татқаның – табиғи өнім.
Кеш түсе ұйықтап қалдық та, таң сыз бере бозторғайдың шырылы ұйқымызды шайдай ашты. Қаладағыдай телефон қоңырауымен оянып, мыж-тыж боп, төсектен тұрғыңыз келмей жата бермейсіз. Дене – ширақ, бой – сергек. Ертеден қара кешке дейін біраз шаруа тындырдық. Бірақ күн сонда да созылып жатып алғандай, бейнебір уақыт тоқтап қалғандай. Екі қолың алдыңа сыймайды. Смартфонды әрі-бері шұқылап көресің, бірақ ол интернет пен байланыссыз жынын алған бақсыдай болып қалады. Әуелі зеріге бастадық. Уақыт деген көл-көсір. Ал қалада бір күнгі өмір қалай өтіп кеткенін бағамдап үлгермей қалуың мүмкін. Уақытты қақпақылдап жүретін сергек адам болсаңыз, әңгіме басқа. Мен бұл жерде ауылды әспеттеп, аграрлық сананы насихаттайын деп отырғам жоқ, уақыт пен кеңістіктің аздаған айырмашылығына мысал келтірдім. Әйтпесе, барлық ауылдың өмірі мұндай емес екені түсінікті, бірақ көп бөлігінде мұндай кеп бары да рас.
Ал біз мұның екінші жағына қарайық. Мәселен, ауылды жерде туып-өскен адам не қалалық емес, не ауылдық емес, әйтеуір қолапайсыз күй кешіп жүргенін байқаймыз. Себебі оның әуелгі мақсаты қалада қалып қою емес, ауылға қайта оралу болса керек-ті... Алайда бұған қатысты көзқарастардың да қайшылығы бар. Мәселен, урбанистердің зерттеуіне қарағанда, қалалану үрдісі әлем елдері дамуының бір белгісі ретінде қарастырылған екен. 2018 жылы әлемдегі қала тұрғындарының саны 4,2 млрд-қа жетіп, 55%-ды көрсеткен еді. Қазір жан саны 10 млн-нан асатын қаланың саны – 38. Тығыздығы ең жоғарғы қала – Мумбай (26 400 адам/км²) болса, ал бізде Астанада шаршы шақырымына 1 300 адамнан келеді, дәл осылай Алматыда – 2 636 адам/км², Шымкентте – 865 адам/км².
Әлеуметтанушы Талғат Жақияновтың айтуынша, кеңес кезеңінде қазақтың 70 пайыздан астамы ауылда тұрса, 90-жылдардағы нарық кезеңінде ауылдағылар қалаға жаппай үдере көшкен. Олар қалаға күнкөрістің қамын күйттеп, оқу іздеп жатақханалар мен жалдамалы пәтерлерде тіршілік ете бастайды.
– Ауыл тұрғындарының жанбағысы үшін қалаға ағылуын жабайы урбанизация деуге де болады. Бұл кезінде ешқандай жоспарсыз және жүйесіз жүрді. Қаладан жұмыс таппаса да, көзсіздікпен көшті. Одан көптеген мәселе туындады. Мемлекет қалаға еңбек күшін тартуда мұны да ескеріп отыруға тиіс, дейді ол.
Сарапшылардың болжауына қарағанда, алдағы 25 жылда қалаға қарай жылжитындардың саны арта түседі. Урбанизация үдерісінде өзгерістер болу ықтималдығы жоғары көрінеді. Атап айтсақ, 2050 жылға қарай урбанизация деңгейі 2022 жылғы 62 пайыздан 67 пайызға жетуі мүмкін. Деректерге сенсек, қала халқының үлесі 55 пайыздан асады деген болжам бар. Ал ауылдық жерлердегі өсім 1,5 млн адам немесе 21 пайыз болмақ. Мәселен, 2050 жылға қарай еліміздің 8 өңірде халық саны 869 мың адамға қысқаруы мүмкін. Олардың қатарында Абай (92 мыңға), Ақмола (80 мыңға), Қарағанды (99 мыңға), Қостанай (181 мыңға), Павлодар (100 мыңға), Солтүстік Қазақстан (182 мыңға), Ұлытау (15 мыңға), Шығыс Қазақстан (120 мыңға) облыстары болуы мүмкін екені айтылады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша урбанизация деңгейі 61,5 пайызға жеткен. Бұл мемлекеттің болжаған 2025 жылға дейін болатын көрсеткіші екен. Деректер рас болса, үдеріс болжамға бой бермей тұр. Қазір ауыл тұрғындарының үлес салмағы төмендеп барады, мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтарға қарай 38,5 пайыз болған, ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша, солтүстік облыстардың халқы 2050 жылға қарай жалпы саны 600 мың адамға қысқарады. Оңтүстікте тұратындардың саны (Алматы мен Шымкентті есептемегенде) 1,6 млн адамға өседі. Нәтижесінде, оңтүстік өңірлердегі халық тығыздығы солтүстікке қарағанда, төрт есе жоғары болмақ.
Қазір қалаланумен қатар жаһандану үдерісі де жүріп жатыр. Келешекке «көріпкелдікпен» қарайтын батыс ғалымдардың пайымы, әсіресе, визионерлердің болжамына қарағанда, болашақта қазіргідей жерді сым-темірмен бөліп алып, ұлт пен ұлысқа бөлу болмайды, тек ірі шаһарлар ғана болады дейді. Әлемде қазір мұның алғашқы көріністері байқала бастады. Мысалы, қазір Еуропа елдерінің арасына шекара шебі мүлде жоқ, бірінен кіріп, екіншісіне кедергісіз өте береді. Ал шаһар-елдің бір сипаты ретінде қазіргі Люксембургті немесе тағы сол секілді шаһарларды айтуға болады. Бақсақ, жалпы адамзат түптің түбі қалаланбауы мүмкін емес тәрізді көрінеді. Әйткенмен, бұл біз үшін әлі төбесі көріне қоймаған нәрсе екені рас.
Мәселен, біздің қазақ елінің бір аты – Ұлы дала елі. Мұны біз өзімізге теліп алған атау емес. Біраз жұрт бізді солай атайды. Мысалы, Қытай өздерін аспанасты елі дейді, Жапонияны Күншығыс елі дейміз. Бұл, әрине – шартты атаулар. Әйтпесе, логикаға салсақ, бүкіл ел бір аспаның астында, ал күн шығып келе жатқан көкжиектің иегінде тек жапондар ғана тұрған жоқ. Жер жағдайына қарай кейбір елдерде осындай бейресми атаулар болып жатады. Біздің айтқымыз келгені, осынау алып даладағы шағын елді мекендерді сақтап қалу керек пе, әлде қалаларды дамыту қажет пе деген сұраққа тірелуімізде болып отыр. Өйткені мамандардың пайымдауынша, қалалану үрдісі қазақты да айналып өтпей қоймайды-мыс.
Сіз ауылға қайта оралғыңыз келе ме?