Елорда • 22 Мамыр, 2023

Су тапшылығы: Коммуналдық қызметкерлер елорда тұрғындарына үндеу жолдады

184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 
«Астана Су Арнасы» МКК баспасөз қызметі қала тұрғындарының өсуіне және құрылыстың қарқынды жүргізілуіне байланысты кәсіпорын ауыз су өндіру бойынша жобалық қуаттылықтың шектелуіне тап болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Су тапшылығы: Коммуналдық қызметкерлер елорда тұрғындарына үндеу жолдады

Айта кетейік, 2023 жылдың 28 наурызынан бастап кәсіпорын су қысымын реттеу шараларын енгізуге және оны босату кестесін белгілеуге мәжбүр болды.

Дегенмен, жеке секторларда суару маусымы басталды, тиісінше бұл ауызсудың көптеп пайдаланылуына алып келеді. Осыған байланысты, тұрғындардың бір бөлігі өткен демалыс күндері сумен қамтамасыз етуде белгілі бір деңгейде шектеулерді сезінді.

Осыған байланысты мекеме жеке сектордың барлық тұрғынынан суды тек қатаң белгіленген уақытта, яғни 23:00-ден 06:00-ге дейін суару үшін пайдалануды сұрайды. Егер бұл ыңғайсыз болса, техникалық суды төмендегі мекенжайлардан сатып алуға болады:

1. КТС, Қорғалжын тас жолы, 47;
2. Жансүгіров, 7;
3.Әл-Фараби, 18К; 

«Сонымен қатар, белгіленген кестеге қарамастан, қаланың көптеген үйлерінде су қысымы қалыпты жағдайға сәйкес келеді және тек кейбір тұрғын үй кешендері ғана төмен режимде екені байқалды. Мұндай жағдайда біз қызмет көрсететін компанияға хабарласып, оңтайлы қысымды орнату үшін сорғыларды қайта баптауға тырысуларыңызды сұраймыз.

Осы жағдайды ескере отырып, әсіресе демалыс күндері сантехникалық жүйеге жүктемені азайту үшін жұмыс күндері тұрмыстық жұмыстарды жоспарлауды ұсынамыз.

Маңыздысы, бұл уақытша шаралар жаңа сорғы-сүзгі станциясы (ССС) іске қосылғанға дейін қолданылады. Ауыз су станциясының құрылысы 2021 жылдың күзінде басталды және оның қуаты тәулігіне 105 мың текше метр суды құрайды», делінген хабарламада.

Бұл бүкіл қала үшін сумен жабдықтауды едәуір арттыруға, сол арқылы қаланы сумен жабдықтау мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Осы жылдың жазында жаңа ССС құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.