Оған қолдау жасалса, ұлттық брендке айналар өнім түрлері көбейеді
Ғылым ел экономикасы мен өндірісінің дамуына, индустриясының өркендеуіне қызмет жасауға тиіс. Онымен байланысы болмаған жалаң, құрғақ күйіндегі, өзімен-өзі тұйықталған ғылымнан келер пайда шамалы. Елбасының биылғы Жолдауындағы басты талап пен тиянақты тұжырымның бірі осындай. Әрине, соңғы кезде ғылымның өндірістен алшақтап бара жатқаны, ғылыми жаңалықтардың өндірістің өрге басуына тигізетін пайдасы белгілі бір деңгейде төмендеп кеткені жасырын емес.
Ендеше, елімізде ғылым мен ғалым мәртебесін биіктету, бір-бірімен тығыз байланысты. Осы екі ұғымның қадір-қасиетін көтеру ісіне шұғыл бетбұрыс қажет деп білеміз. Өйткені, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, 2050 жылға қарай әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылудың басты факторының бірі ғылым болмақ. Ғылыми қамтымды экономика мәселесіне осы бастан айрықша мән берілуінің басты себебі де осында екені хақ.
Бұл орайда, ғалымдар жоғарыда айтып өткеніміздей, тек өздерімен өздері томаға тұйықталып қалмауы керек. Яғни, ғалымдардың ғылымға жұмсайтын ақыл-ойлары мен күш-қайраты өндіріс пен индустрия өкілдерінің қам-қарекеттерімен ұштасып, үйлесім табуы тиіс. Немесе, керісінше, өндірісшілер де ғылымға қарай бүйректерін бұрып, икемделе түсетін болса, ортақ нәтиже де көп күттірмесі кәміл. Қысқасы, ұлт Көшбасшысының ғылымға жаңаша көзқарас жөніндегі тұжырымдары алдағы ғұмырын ғылымға бағыттауға, оған сарп етуге әзір жас мамандарға да үлкен қолдау деп білеміз.
Иә, соңғы уақытта қазақстандық қоғамда ғылыммен айналысудың келешегі мен өміршеңдігі төмен дегенге саятын тым біржақты көзқарастардың орныға бастағаны да белгілі. Отандық ғылым мен білімді дамытуға айрықша басымдық берілген Президент Жолдауынан кейін жастар мен студенттердің ғылымға келуіне даңғыл жол ашылады деген ойдамыз. Ғылыми ізденістер мен жаңалықтар тек орталықта жасалмайды. Оған республика өңірлерінде шоғырланған ғалымдар тобы да өздерінің сүбелі үлестерін қоса алады. Мұндай әлеуетті ескермеу еш мүмкін емес.
Осы орайда мен нақты мысалдарға тоқталып, Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университеті ғалымдарының бүгінгі атқарып жүрген іс-қимылдарына тоқтала кеткім келеді. Олардың қазіргі ғылыми ізденістері мәні мен маңызы жоғары, ғылымның қатысуын қажет ететін инновациялық жобалардың жүзеге асуына бағытталып отыр. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу институты базасында ауыл шаруашылығындағы биотехнология, ихтиология және балықтарды жасанды жолмен көбейту, мұнай химиясы және қоршаған ортаға залал келтіруі мүмкін нысандардың экологиялық мониторингі бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ғылым мен жоғары оқу үдерісін интеграциялау үрдісі нәтижелі жүзеге асуда.
Аймақтағы жоғары оқу орны көптеген шетелдік жоғары оқу орындарымен, ұлттық компаниялармен және жергілікті кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мысалы, «Парасат» Ұлттық холдингі жабық тоғанда бекіре балықтарын өсіру жобасына 900 миллион теңге бөлді. Қазір «Аквакультура ғылыми-зерттеу зертханасындағы» тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету қондырғыларында орыс және сібір бекірелері өсірілуде. Бекіре балығы табиғи ортаға қарағанда, осындай жабық кешендерде екі есе жылдам өседі. Демек, одан өнім алу үдерісі де соншалықты шапшаңдай түспек. Балықтар мамандардың жіті бақылауында болатындықтан одан алынатын өнімнің де сапасы жоғарылайды.
Жоба ойдағыдай жүзеге асқан жағдайда мұнда жылына 8 тонна қара уылдырық пен 86 тонна қызыл балық еті өндіріледі және Жайық өзеніне жыл сайын бір миллионға жуық бекіре шабақтары жіберіліп отырады. Ол өз кезегінде Жайық өзені мен Каспий теңізі бассейнінде қызыл кітапқа енген қызыл балық қорын сақтап, көбейтуге оң ықпал етпек. Каспий теңізіне еншілес Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран мемлекеттерінің 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап бекіре балығын аулауға мораторий жариялағаны белгілі. Мұндай шешім қабылдауға теңізді мекен ететін бағалы бекіре балықтары қорының азаюы себеп болып отыр. Ресми деректерге жүгінсек, соңғы он жылда теңіздегі бекіре тұқымдас балық қоры елу пайызға кеміген.
Жабық кешенде бекіре балығын өсіру жобасының маңыздылығы қандай екенін осы мәліметтерге қарап-ақ бағамдай беруге болады. Оралдағы осы бекіре зауыты іске қосылғанда жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ғалымдарымыздың аталмыш жобасы өткен жылдың қазан айында университетімізге келген Нұрсұлтан Әбішұлының оң бағасын алды. Болашағы зор сала екендігін айтқан Елбасы аквакешендегі өнімді ұлттық брендке айналдыру және отандық инвесторларды тартуды міндеттеді.
Өз шикізатымыздан қуат үнемдеп, жылуды жақсы сақтайтын жаңа құрылыс материалдарын шығару жобасының ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде жаһан жұртшылығының назарына ұсынылатыны жергілікті ғалымдарға зор жауапкершілік жүктейді. Осы орайда біздің университеттегі көбікшыны, көбікбетон, жылу сақтағыштығы өте жоғары кірпіштер мен жасанды қиыршықтастар шығарудың жаңа технологиясын өндіріске енгізу кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Мұндағы әрбір өнім патенттелген және олар әдеттегі құрылыс материалдарынан екі есе жеңіл болып келеді. Аталмыш жоба 2013 жылы «Шапағат» республикалық өнертапқыштар байқауында жылдың ең үздік өнертабысы деп танылған болатын.
Сондай-ақ, жас ғалымдарымыз ойлап тапқан жаңа мойынтіректер мен крестовиналар авиация, машина жасау, мұнай өңдеу, тау-кен өндірісі салаларында кең қолданысқа енуге әбден лайық. Өйткені, ішінде серіппесі бар мойынтіректер қазіргі қолданыстағыларға қарағанда бес есе ұзағырақ қызмет етеді. Желініп біткенде өздігінен тоқтап қалмайды. Соның арқасында қауіпсіздік артады. Бүгінде Орал өңірінде мұнай өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар бізбен жұмыс істеуге қызығушылық танытуда.
Биылғы Жолдауда Президент төрт түлікті түлетіп, қара жерден нәр алуды жаңғыртуға шақырды. Ата кәсіпті мықтап қолға алып, аграрлық саланы инновациялық әдіспен дамытудың қыр-сырына тоқталды. Осы орайда аграрлық-техникалық бағыттағы жоғары оқу орны ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеулер нәтижесін өндіріске енгізіп қана қоймай, оқу-ғылыми-өндірістік орталық жұмысын табысты жүзеге асыра білді.
Мұнда асыл тұқымды мал шаруашылығын жолға қоюға, ақжайық етті-жүнді қойларын өсіруге де баса көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда оқу орны базасында 7500 бас биязы жүнді ақжайық етті-жүнді қой, 5000 гектарға жуық жер бар. Республика көлеміндегі ірі қара шаруашылығы бойынша ірі көлемді селекцияны енгізу негізінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға біздің ғалымдарымыз белсенді түрде атсалысуда. Облыста етті ірі қараның дамуын, қой шаруашылығы, жылқы және түйе шаруашылығындағы селекциялық-асылдандыру жұмыстарын да ғылыми жағынан қамтамасыз етеміз.
Ғылым араласпаған жерде өсу де, ілгерілеушілік те жоқ екенін Президент жақсылап тұрып, жіліктеп шағып айтып берді. Елбасы айтқандай, ғылым араласса, кез келген өндірістің шығаратын өнімінің саны да, сапасы да арта түседі. Өнеркәсіп орындары мен индустрия өкілдері ғалымдардан өздерінің қажетін алып жататын болса, одан екі жақ та ұтады. Бұл тұрғыдан алғанда, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жас ғалымдардың жаңашыл идеяларын ұдайы қолдап, қуаттап отырады. Аграрлық салаға бағытталған оннан астам инновациялық жобаны облыс басшысы бекіткен «Инновациялық тәжірибелерді тарату және ендіру бойынша көрсетілетін қызметтер» бюджеттік бағдарламасы аясында қаржыландыру көзделіп отыр. Олардың қатарында қазіргі заманғы генетикалық әдістер бойынша асыл тұқымды малдың ата тегін анықтау, генеқорды сақтау, ғылыми негізде қолдан ұрықтандыру, жайылымдар жағдайын зерттеп, құнарлылығын арттыру, сондай-ақ, төрт түліктегі жұқпалы және паразиттік паталогиялардың алдын алу, тану, емдеу шараларын жүзеге асыру жобалары бар.
Елбасы Жолдауынан туындайтын маңызды міндет-мақсаттар сараланған облыс активінде сөйлеген сөзінде өңір басшысы алдағы жұмыстың ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындап берген болатын. Соның ішінде ауылшаруашылық саласына айрықша тоқталып, агроөнеркәсіп кешенінде бизнестің дамуына, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергілерді жою жөнінде нақты шаралар алынатынын жеткізді.
Иә, Президент Жолдауынан кейін болашақта ғылымсыз өсу де, даму да жоқ екеніне айқын көз жеткізіп отырмыз. Түйіп айтқанда, біздің университет ғалымдары Жолдау талаптарына сай ғылыми ақыл-ойлары мен ізденістерін өндірістің өрге басуына, агроөнеркәсіп кешенінің өркендеуіне және мұнда қолға алынған республикада баламасы жоқ айрықша жоба – аквакешен өнімдерінің ұлттық брендке айналуына бағыттап жұмыла еңбек ете бермек.
Қазыбай БОЗЫМОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.
Батыс Қазақстан облысы.