– Осы жылдан бастап барлық талапкерге ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге байланысты ерекше мүмкіндік беріп отырмыз. Енді негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатысуға мүмкіндік бар. Біз кедергісіз білім беруге ниеттіміз. Талапкерлердің сапалы білім алып, өз әлеуетін толық ашу үшін мүмкіндік жасаймыз, – деді Астана қаласында орналасқан тестілеу орталығына барып, ҰБТ-ның өту барысымен танысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Еске сала кетейік, талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдады. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгіледі. Комбинацияларға келетін болсақ, қазіргі таңда талапкерлердің 18 пайызы – «Математика-Физика», 17 пайызы – «Биология-Химия», 13 пайызы – «Шығармашылық», 10 пайызы «Математика-Информатика» пәндерін таңдаған.
Тестілеу форматында өзгеріс жоқ. Пәндер саны өзгеріссіз қалады, яғни үш міндетті және екі бейіндік пән, барлығы 120 тест тапсырмасы. Алайда «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған; 11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін). Сондай-ақ бұған дейін талапкерлерге оқу сауаттылығынан 20 тест тапсырмасы берілсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы ұсынылады.
Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут қосылады.
ҰБТ тапсырмаларының құрылымында өзгерістер бар. Жауапты министрлік тест тапсырмаларындағы дистракторлар санын (жауап нұсқалары) қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.
2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ-ның бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырады.
– Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталады. Сондай-ақ өткен жылдан бастап тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар калькулятор мен Менделеев кестесі компьютер экранында көрсетіледі. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, негізгі ҰБТ-да оларға Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесінің қағаз нұсқасы беріледі. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады, – деп нақтылады министр.
Шекті ұпай өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 ұпай, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 ұпай, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 ұпай, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 ұпай, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 ұпай жинау керек.
Тестілеуге кіргізу кезінде металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка және т.б.) ішке кіргізбеу үшін қажет.
Тестілеу барысында аудиторияның (компьютерлік сыныптың) және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын «тұншықтыратын» құрылғылар қолданылады.
2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылады.
Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаев атап өткендей, 2023 жылғы талапкерлер ҰБТ-ны бес рет тапсыру құқығына ие. Сынақтар қаңтар, наурыз, мамыр-маусым және тамыз айларында өтеді. Бұрын сынақ бір күнде өтетін, тиісінше дүрбелең де көп еді. Қазір мұның бәрі сап тыйылған.