Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Мазмұнды отырысты еліміздің Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжанов және Герман экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс жүргізді. Жиында алғашқы болып сөз алған Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко елімізді одан әрі индустрияландыру және өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін кәсіби техникалық кадрлар базасын ұлғайту маңызды екенін атап өтті.
«Біздің ел немістің бай тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Кәсіби инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың әлемдегі озық үлгісі кім-кімді болсын қызықтырары даусыз. Сондай-ақ жоғары неміс стандартына сәйкес даярланған білікті техникалық мамандардың болуы екі ел арасындағы бірлескен жобаларды сәтті жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады», деді ол.
Герман экономикасы Шығыс комитеті президиумының мүшесі Манфред Грундке өз баяндамасында екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпінінің белсенді өсуі мен неміс кәсіпкерлерінің біздің нарыққа қатысуға қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Жиында негізі баяндаманы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жасады. Ол еліміздегі жоғары техникалық білімді дамыту жоспарларына тоқталды.
«Қазір елімізде шетелдік жетекші техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу көзделіп отыр. Мәселен, Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті негізінде Қазақстан-Герман инжиниринг институтын және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті негізінде Тау-кен өнеркәсібіндегі қазақ-герман ғылым және технология институтын ашу жоспарымызда бар. Сондай-ақ отандық зерттеушілердің шетелде тағылымдамадан өтуі бойынша «500 ғалым» бағдарламасы жүзеге асып жатыр», деді вице-министр.
Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасының аясында 500-ге жуық отандасымыз Германияда оқып, олардың тең жартысы техникалық және инженерлік бағытта білім алған. Қ.Ерғалиев басқалармен салыстырғанда біздің азаматтардың неміс елінде білім алуы жағынан жетінші орында тұрғанын айтты.
Неміс елі тарапынан баяндама жасаған Германия Сыртқы істер министрлігінің ғылым, білім және зерттеулер саласындағы сыртқы саясат жөніндегі уәкілі Вито Чечере екіжақты білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыты мен оларды одан әрі кеңейту перспективалары туралы әңгімеледі.
Неміс дипломатының айтуынша, Гёте институтының, Германияның академиялық студенттер алмасу қызметінің (DAAD), «Мектептер: болашақ серіктестері» (PASCH-schools) бастамасының, Қазақ-Герман университетінің, Шетелдегі этностық немістерді қолдау қорының (SVmDA) қызметін қолдайды.