Қазталов ауданының әкімі Асыланбек Сарқұлов қол қойған арнайы өкім бойынша ауыл әкімдерінің жыл бойғы жұмысы 35 түрлі бағыт бойынша бағаланбақ. Оның ішінде ауылда жұмыссыздар санын азайту, жаңадан жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздарды кәсіптік оқуға жіберу, грант алушылар санын арттыру, жергілікті жерге инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы жерлерін дұрыс мақсатта пайдалану, «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы, ұжымдық бау-бақша егу жұмыстары, округтің салықтық түсімін ұлғайту секілді бағыттар бар.
– Бұл байқау ауылдық округ әкімдерін жұмысқа ынталандырады, олардың тікелей лауазымдық міндеттерін атқаруын тұрғындар да қадағалап отырады. Осы бағалау қорытындысы бойынша үздік деп танылған ауылдарға бюджеттен қосымша қаржы беріледі. Сондықтан өз ауылының жағдайына немқұрайды қарамайтын әр тұрғын мемлекеттік бағадарламалардың жүзеге асуына үлес қосады деп сенеміз, – дейді Асыланбек Сарқұлов.
Округ әкімдерін бағалаудың мақсаты – ауылда өмір сүру сапасын жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру екендігі түсінікті. Қазір бұл байқау халық арасында қызу талқыланып жатыр. Жоғарыда айтылғандай, байқау нәтижесі өз қызметін мінсіз атқарған әкімге ғана емес, ұйымшыл, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ауыл тұрғындарына да байланысты болмақ. Ең көп ұпай жинаған алғашқы үш ауылдық округке аудан бюджетінен қосымша қаражат бөлініп, бірінші орынға – автокөлік, екінші орынға – 10 млн теңге, үшінші орынға – 5 млн теңге беріледі. Бұл қаражатты қандай қажеттілікке жұмсау мәселесін ауыл тұрғындары өздері келісіп шешетін болады.
Байқау қорытындысы 2023 жылдың соңында жарияланбақ. Жеңімпазды аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес және ардагерлер ұйымы мүшелері кіретін қазылар алқасы анықтайтын болады.
Айта кетейік, Қазталов ауданында 16 ауылдық округ бар, солтүстігінде Ресей Федерациясының Саратов облысымен шектеседі. Халқының 99 пайызы – қазақтар.
Батыс Қазақстан облысы